Қосшы қаласында аллея бой көтерді
Редакция таңдауы
131
Қосшыда қалалық мәслихат депутаттарының демеушілігімен «Бірлік» аллеясы ашылды. Бұл игілікті іс – алдағы жылдары қалада ашылатын үлкен саябақтардың басы. Өзара келіссөз бен татулықты нығайтуда жергілікті өкілді органдар өзекті бастамаларды іс жүзінде жүзеге асырып жатыр.
Қосшыда Президент Жарлығымен қала мәртебесі берілгеннен бері бірқатар игілікті шаралар қолға алынды. Қаланың қалыптасуы, құрылымдарының жүйелі жұмыс істеуі тұрақты жолға қойылды. «Береке басы – бірлік» дейді дана халқымыз. Тұрақтылықтың, тұтастықтың арқасында шаһарымыз соңғы жылдары қайта жаңғырып, өркениетке сай дамып келе жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 19 наурызында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Бұл қаламыз үшін тарихи маңызды оқиға болатын. Халық қаланың тұңғыш сайланған 12 депутатына дауыс беріп, өңірдің дамуына үлес қосатынына сенім білдірді. Бұл тұрғыда депутаттар да сайлаушылардың сенімін ақтауға талпыныс жасап жатыр. Соның бір дәлелі VІІІ шақырылым депутаттары ел игілігіне «Бірлік» аллеясын ұсынды.
Жергілікті әкімдіктің жанында орналасқан «Бірлік» аллеясының салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов депутаттарға аталмыш аллеяны салып, қала келбетінің көркеюіне қосқан үлестері үшін ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыстады.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұлағатты сөз бар. Болашақ ұрпақ үшін жасалған дүние тұрғындарға қуаныш сыйлайтыны анық. Бұл күні өңірімізді абаттандыру ісіне қосқан айрықша үлесі үшін қалалық мәслихат депутаттары Нұрдәулет Қасенов, Мақсат Тәшенов, Динара Райханова марапатталды.
Жергілікті атқарушы органдармен үйлесімді жұмысқа белсенді атсалысқаны үшін арнайы алғыс хатқа қалалық мәслихаттың депутаты Болат Абдрахманов та ие болды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп халқымыз тегін айтпаған ғой. Жақсылық пен игілікті іс жасау үлкен адамгершіліктің белгісі десек, артық айтқанымыз емес.
Мәслихат депутаттары Ерғали Ділдәбек, Шоқан Ибраев, Ирина Осипова, сондай-ақ қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әлкен Тойынбеков, қалалық мәслихаттың баспасөз хатшысы Қуаныш Тыныбек «Бірлік аллеясының салынуына үлес қосқаны үшін алғыс хатпен марапатталды.
– «Ең алдымен, баршаңызды сүйікті қаламыз Қосшы қаласының 2 жылдығына арналған тамаша «Бірлік» аллеясының ашылуымен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бұл аллеяның біз үшін, біздің қаламыз бен жас ұрпақ үшін мәні мен маңызы өте зор. Өйткені Қосшы қаласы – бақ қонып, құт дарыған қала. Әлемге қазақтың абыройын асқақтатқан Астана қаласының жанынан осындай шаһар тұрғызу деген тарихи оқиға, бұл үлкен бақыт, үлкен қуаныш. 1998 жылы осында совхоз техникум болғанда 1 774 адам болған екен, ал қазір халық саны 100 мыңнан асады. Міне, бұл өсіп, өркендеп жатқанымызды көрсетеді. Қосшының жолы ашық болсын, жұлдызы жарқырай берсін, өсіп, өркендей берсін. Париждіктер айтады екен: «Париждің Париж болуы париждіктерге байланысты», Қосшының керемет өсуі де бізге байланысты. Мен қаланың басшылығына, істеп жатқан азаматтарға зор ризашылығымды білдіремін. Қазақ халқы – ұлы бірлікке көш бастаған халықпыз. Сол бағытта «Бірлік» деп аталуы да керемет екен. Құтты болсын! Той тойға ұлассын! Қосшы өрлей берсін», – деген жүрекжарды тілегін ақсақал Сәдібек Түгел жеткізді.
Халқымыз үлкен бастаманы, үлкен істі тек бірлікпен ғана тыңдырған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші Нұрлан Өнербаев атап өткендей, ел-жұртымыздың бірлікке деген ұмтылысына, талпынысына, бастамасына қолдау болса ғана Қазақстан халқының бірлігі болады.
– «Бүгінгі игілікті де, елдің болашағы үшін, жас қаламыздың көркеюі үшін көтеріліп жатқан игі бастаманың қуанышына келген дос-жаран, бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын дегім келеді. Әрине, қаланың қала екенін көрсетіп тұратын бірнеше атрибуттар болады. Өзіміз ауылда өссек те, қалаға барған кезде таңертең қаланың көшелерінде су себіліп, гүлзарларына су құйылып жатқанның өзінен-ақ «мынау бір керемет өркенді қала екен» деген ой келетін. Міне, біздің Қосшымыз қала болғалы біздің көшелеріміз сыпырылып, су себілетін болды. Енді мынандай гүлзарлардың, аллеялардың көп болуы да қаланың көркін, ажарын ашатыны белгілі. Осы бастаманы көтерген жаңадан сайланған қала мәслихатының депутаттарының керемет іскерлік бастамасына қуанып тұрмын. Мен Қосшыға ауыл болып тұрған кезде ең бірінші рет аяғымды бастым. Оған себепкер болған осы елдің үлкен ақсақалы Ыбырайым ағамыз болатын. Ол мені Қосшыға шақырды. 2009 жылдан бастап мен Қосшының тұрғынымын, бірақ біржола 15 жылы көшіп келгенмін. 2009 жылды қазір көз алдыма елестетсем... Мына жол қандай еді, ауылдың арасындағы жолдар қандай еді... Бүгін, міне, көшелерімізде жол да, жүргіншілер жүретін тротуарлар да салынып жатыр. Бағандар барлық жерде жанып тұр. Осының бәрі атқарылып жатқанына қала тұрғындарының атынан өз ризашылығымды білдіріп, тұрғындардың бірлігі мен ынтымағы, болашаққа деген зор сеніміне үміт артқым келеді», – деп халық әртісі Нұрлан Өнербаев құттықтады.
Іс-шара барысында арнайы шақырылған қонақтар жылы лебіздерін білдірді. Қосшы қаласының Аналар кеңесінің төрайымы Шолпан Қажайыпқызы «той тойға ұлассын» деп шашу шашса, өнерпаздар өнерлерін паш етіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жаңа аллеяға отбасыларымен арнайы келген қалалықтар фотосуретке түссе, балалар әткеншек теуіп шаттанды.
Жанар АХМЕТОВА
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)