Сағындырған ретро әуендер

Редакция таңдауы
view 207
news

Қосшы қаласында мәдениет қызметкерлері апта сайын қала тұрғындарына арнап іс-шаралар өткізеді. Осы жолы «Лесная поляна» шағын ауданындағы аллеяда ретро әуендер кеші ұйымдастырылды.

«QOSSHY PROMENADE» ретро кеші жергілікті өнерпаздардың қатысуымен өтті. Халықтың жүрегінен орын алған сазды әуендерді еске алып, бірге шырқауға келген адамдардың қарасы мол болды. Көрермендер 70-90 жылдарға саяхат жасап, сол кездердегі тамаша туындыларды бірге шырқады.
– «Біз осы ауданда тұрамыз. Бүгін орталыққа бүкіл отбасымызбен келдік. Сахнада өнерін паш етіп отырған жастарға риза болып отырмын. Ескі әндерді тыңдап, жастық шағым есіме түсіп кетті ғой. Шіркін... Уақыт деген зымырап өтіп бара жатыр. «Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» дегендей, бүгінгі әндер біраз жылдан кейін ретро болып қалады. Студенттік кезімізде достарымызбен жиі жиналып, осы әндерді шырқайтынбыз. Әр нәрсе өз уақытында болады деп есептеймін. Бірақ бүгін еріксіз көзіме жас алып отырмын, сағыныш пен қуаныш сезімі жүрегімді тербетті», – дейді қала тұрғыны Ақмарал Байбосынова.
Өткен ғасырдың соңғы он жылдықтарында жұртшылық жүрегінен орын тапқан ретро әндер бүгін де өз тыңдарманын жоғалтқан жоқ. «Әннің де естісі бар, есері бар» дегендей, махаббатқа толы сүйікті әндерді нақышына келтіріп орындаған жас өнерпаздар халықтың көңілінен шықты десек, артық айтқанымыз емес.
«Сол кездегі мәнді, мағынасы терең әндердің өткен күннен сыр шертетін керемет сәттерді еске түсіруге ықпал еттік деген үміттемін. Өздеріңіз де көріп отырсыз, үлкен кісілердің өзі ортаға шығып, би билеп, көңілдерін көтеруде. Біз бар өнерімізді ортаға салып, барынша ерекше кеш ұйымдастыруға тырыстық», дейді қалалық мәдениет үйінің әдіскері Аяна Абаева.
Кеш расымен де ұмытылмастай болды. Сахна шымылдығы шағын қойылыммен ашылды. 70-90 жылдардағы жас жігіттер мен қыздардың образын сомдаған жастар өзара диалог құрып, кеш ажарын аша түсті. Көрермендердің ықыласына бөленген әртістер іс-шараны ерекше форматта өткізді.
Қалалықтар осы сынды ретро стильдегі бағдарламаға шөліркеп қалған сияқты.  Барша қауым мәз-мейрам болып, сонау сағындырған сағым жылдарға бір саяхаттап келгендей әсерде болды. «Құлақтан кіріп, бойды алар» сағындырған әсем әуендерді еске алған тыңдармандар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқады.
Жанар АХМЕТОВА

«Jańa Bastau» газетінен алынды

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *