Ерлан Суанбекұлы, суретші: Әлемде қазақтың сурет өнері жоғары бағаланады

Редакция таңдауы
view 280
news

Президент жүлдесінің лауреаты, 2016 жылы Люксембургтегі «Art prizе», 2017 жылы Челси Нью-Йорк, 2018 жылы «Жібек жолы» Қазақстан-Қытай халықаралық көрмелерінің қатысушысы, 2022 жылы Франциядағы «Моndial art» дүниежүзілік өнер академиясының, Қазақстан Республикасы академиктер академиясының мүшесі атанған дара өнер иесі. Оның жұмыстары АҚШ, Канада, Франция, Германия, Дания, Голландия, Ұлыбритания, Кипр, Түркия, Жапония, Оңтүстік Корея және Қазақстанның жеке көрмелеріне қойылған. Суретші бүгінгі күні Қосшы қаласындағы «Sauran clab» дамыту орталығында шәкірт тәрбиелеу ісімен айналысып келеді. Оның оқушылары әлемнің әр түкпірінде білімін шыңдап, өнер жолында аянбай қызмет жасап жүр. – Баланың бойындағы қабілетті қалай анықтайсыз? Үйірмеге келген баланың бәрін қабылдай бересіз бе? – Баланың бәрінде қабілет болады. Оны уақытында аңғару маңызды. Біздің үйірмеде бұрыннан сурет салып жүрген де, салып көрмеген де бала отырады. Бірақ біз әрқайсысымен жеке жұмыс істеу арқылы нәтижеге бағыттаймыз. Бала бойындағы қабілет ұшқыны болса болды, «ұстазы жақсының ұстамы жақсы» болып кететіні анық. Біздің жұмысымыз сол сабырмен, байыптылықпен баланың осы іске деген қызығушылығын арттыру. Балаларға суретті тез меңгеру үшін жүйеленген бағдарлама дайындадық. Бұл бағдарлама арқылы 3-4 жылда меңгеруге болатын сурет әлемін бір жылда меңгеріп кетуге болады. Баланың қабілетін арттыру үшін көзбен көрсету, ақпарттық сауаттылығын жақсарту да маңызды. Сол үшін біз балалармен байқауларға көп қатысамыз, көрмелерге, галереяға барып бояулар үйлесімін, суреттің оқиғасын, желісін түсінуге тырысамыз. Эстетикалық жоғары дәрежеде жасалған жұмыс шабытты оятуы, қабілетті арттыруы мүмкін. Сондықтан балалармен жұмыс істеуде ұстаздың да көрегенділігі маңызды десем болады. Хуан Мироның «Бұқалар шайқасы» деген суретін көргеннен кейін өмірім өзгеріп, суретшілікке деген қызығушылығым арты. Мені магнит сияқты тартып алғаны сонша, 10-15 минут көз алмай қарап «суретші боламын» деген байламға келдім. Әлем мойындаған туындылар саламын деген мақсат болды. Қазақ даласында өнерлі, талантты бала өте көп. Дер кезінде байқап, әлемдік дәрежеге жеткізуге болады. – Үйірмеде сурет салып жүрген шәкірттеріңіздің осы саланың маманы болуына қаншалықты үлес қостыңыз? – Мен Астана қаласындағы Оқушылар сарайында үш жыл жұмыс істедім. Сол жердегі ұстаздық жұмысымның барысында республикалық байқауларда топ жарған балаларым кейін осы саланы таңдап, Ресейде, Еуропаның ірі қалаларында, өз еліміздің жоғарғы оқу орындарында білім алып жатыр. Шығармашылық емтихан үшін менен сабақ алған балаларым жақсы нәтиже көрсетіп, сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға қабылданды. Бұл ұстаз үшін үлкен мәртебе. Жақында осы клубтың үйірмесіндегі балаларым республикалық байқауға қатысты, әділ қазылар алқасы жоғары бағалап, жүлделі орынмен марапаттады. Енді халықаралық дәрежедегі байқауға дайындық үстіндеміз. Орта Азиялық суретшілер арасында өтетін бұл байқау онлайн өтеді. Бұл дегеніңіз үлкен мүмкіндік. Өйткені бәрі бірдей шетелге шығатындай жағдай болмай қалады. Кім біледі осы жүйріктер арасында болашақ мамандығын суретпен байланыстыратындар да бар шығар. Оған себепші болсам қуанамын, әрине. – Өзіңіз неден шабыт аласыз? Бір туынды үшін қанша уақыт кетеді? – Мен бірнеше сағаттап кітап оқимын. Ондағы басты кейіпкерден, табиғаттың суреттелуінен, оқиғаның өрбуінен шабыт аламын. Күнде сурет салмаймын. Өзінің бір уақыты болады.Туынды алдымен мида, ойда пісіп жетілуі маңызды. Содан кейін ғана қағаз бетіне түседі. Кейде, тіпті осындағы балалардың жасап жатқан жұмысынан да шабыт алатын сәттерім болады. Балалар періште секілді таза, қиялдары шексіз, бояулары әр алуан. Сондықтан баладан да үйренерім көп. Мысалы, көп суретшілер оқу орнында алған білімінің негізінде ғана белгілі бір ереже аясында сурет салады. Ал ол көбіне тартымсыз, жансыз болып қалады. Ал бала үшін сурет салуда ереже жоқ. Нені қиялдады, соны салды. Бір суреттен бірнеше әлемді аңғару қиын емес. Мен әлеуметтік желіні белсенді қолданушымын. Сол жерде де баланың сурет салудағы қабілеті жөнінде бірнеше жазба қалдырған болатынмын. – Біздің елдің суретшілерінің әлем алдындағы деңгейі қандай? – «Қазақ суретшілерінің өнері дара әлем» деп баҒалайды әлемдік дәрежедегі сарапшылар. Осыдан-ақ аңғара беріңіз деңгейімізді. Мысалы, екі мыңға жуық жұмыс ұсынылған байқауда бірнеше қазақтың алдыңғы орыннан көрінген сәттері бар. Бұдан бөлек біз қол өнер бұйымдарын шебер жасауымызбен де дара орындамыз. Ұлттық текемет, түскиіздің өзі қандай. Сақ, скиф заманындағы әшекей бұйымдардың өзі, ою-өрнегі қандай десеңізші. Соны көрген қырағы көзді сарапшылар біздің халықтың тегін емес екендігін жазбай таниды, жоғары бағалайды. Бұл дана, дара ата-бабаларымыздың салып кеткен жолы. Біз тек жалғастырушымыз. – Өзіңіз байқауға жиі қатысасыз ба? – Биыл халықаралық деңгейде өтетін екі байқауға қатысамын деп отырмын. Балалармен жұмыстан бөлек оның да дайындығы бар. Ол көп уақытты, энергияны талап етеді. Бір ғана сурет салып тапсыра салмаймыз. Одан бөлек сол салынған туынды жөнінде мақала әзірлейміз. Қандай бояу қолданылды, қандай оқиға желісімен салынды деген сияқты анықтама жасалады онда. Жалпы, байқауларға жұмыс ұсынып тұру керек. Бұл дамуға жетелейтін тетік десем болады. Дамусыз болмайды. Бір орында қалмауымыз керек. – Қазір онлайн курс жасап, сатушылар көбейіп кетті. Сіз де жұмыс қарқынын жақсарту үшін онлайн үйірме сабақтарын дайындап көрмедіңіз бе? – Өз ісінің маманы жасаған курстарды қолдаймын. Бұл алыстағы, шалғай шеттегі балалар үшін үлкен мүмкіндік болар еді. Өйткені ешқандай үйірмеге қатыспаса да бойындағы қабілетінің арқасында қарапайым қалам мен қағаз арқылы керемет туынды жасап жүрген қазақ балалары өте көп. Міне, сондай балаларға шығармашылық өрлеу, даму үшін осындай курстар өте маңызды. Мұндай курстардың дайындығы жауапкершілікті қажет етеді. Жалпы, ойда бар жоспарлардың бірі. – Қаншама байқауда бақ сынаған екенсіз. Жалпы, мұнда көлемді жүлде қоры беріле ме? Демеушілеріңіз бар ма? – Біз көп байқауға өз күшімізбен, қолда бар қаражатымызбен қатысып жүрміз. Бұл өкінішті жағдай. Өнерді шын түсініп, қолдаймын дейтін жанашырлар жоқтың қасы. Флоренцияда өтетін бір байқауға бірнеше қазақ жігіт болып жұмысымызды ұсынған болатынбыз. Содан ол жақтан ресми шақырту келді. Біз құжаттарымызды көтеріп, Мәдениет министрлігіне бардық. Қабылдауында болып, жағдайымызды жеткізіп, барып келу шығынын есептеп айтқан болатынбыз. «Қорымызда артық ақша жоқ», деп бетімізді қайтарды. Одан кейін кәсіпкер кісілердің алдына бардық. Мен, тіпті оларға туындыларымды арзан бағада ұсынған да болғанмын. Бірақ өтінішіміз аяқасты, қолдаусыз қалды. Сол кезде ақ жағалылардан, биліктегілерден қатты көңілім қалғаны бар. Одан кейін де жұмыстарымның жоғары дәрежеде салынғанын көріп Монако, Парижге де шақырғандар болды. Сурет галереясына туындыңызды қоямыз, сатылымға ұсынамыз деді. Менің, тіпті соған жетуге мүмкіндігім болмай қалды. Мен бір жыл Кипрда жұмыс жасағанымда да сол елде қалуға ұсыныс болған. Бірақ өз елім үшін қызмет етуім маңызды деп ат басын кері бұрған болатынмын. Бұл шешіміме кейде қатты өкінген сәттерім болды. Ол қолдаусыз қалған кездеріммен байланысты. Өнер деген нәзік дүние. Қолдау тапқанда жарқырай, ажарлана түседі. Ал оны түсінетіндердің аздығы қынжылтады. – Аға, мәнді-мағыналы сұхбатыңыз үшін рақмет, өнерді қолдаушылар көбейсін!

Сұхбаттасқан Гүлназ БИСЕН

«Jańa Bastau» газетінен алынды

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *