Палуандар өңір намысын қорғады

Редакция таңдауы
view 126
news

23 шілдеде Қосшы қаласының ІТ мектеп-лицейінде 2008-2015 жылдары туған жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен Қосшы күніне арналған турнир өтті. Намысты қолдан бермеген жергілікті спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетті. Жастар арасында өткен турнир Қосшы қаласының әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Оған Анар станциясының, Астана және Қосшы командалары қатысты. Өзара белдескен спортшылар бір-біріне дес бермеді. – «Палуандардың мақсаты бір – жеңіс тұғырынан көріну. Мұнда күш пен айла-амалдың арқасында ғана жеңіске жетуге болады. Осы жарысты ұйымдастыруға өзім ұйытқы болдым. Мен жергілікті әкімдікке барып, «Қосшы қаласының біріншілігін өткізейік» деп ұсыныс жасап едім, олар қол ұшын созды. Спорттық іс-шаралар жасөспірімдердің деңгейін өсіруге, мықты болуына зор септігін тигізеді деп есептеймін», – дейді жаттықтырушы Мұрат Ершекин.Айта кету керек, тәжірибелі спортшының әріптесі, әрі досы Оңғар Меделханов та аталмыш жарыстың өтуіне өзіндік септігін тигізіп, басы-қасында жүрді. Бірнеше сағатқа созылған дода 80-нен астам палуанның басын біріктірді. Турнир 4 жас санаты бойынша 19 салмақта өтті. Боз кілемге шыққан жастар жеңіске жетуге барынша тырысты. Тартысты белдесуде ерекше қолдау көрсеткен әр команданың тілеулестері, жанкүйерлері болды. – «Бүгін менің кенже балам өнер көрсетеді, бар-күш жігерін салады. Жарысқа талай рет шыққан, сонда да ұлым үшін қобалжып, алаңдап тұрмын. Кішкентай кезінен күн сайын дайындалып жүретінін көремін. Бірі білсе, бірі білмес... Әр жеңістің артында көзге көріне бермейтін үлкен еңбек тұр. Мен оған «ең бастысы, жеңіс емес, тәжірибе алмасу, қатысу» деп айтып отырамын. Болашақта өмірде өз орнын тапса деймін», – деген ойымен жанкүйерлердің бірі Азамат Ахметбеков бөлісті. Турнир нәтижесі бойынша жеңімпаз және жүлдегер атанған жас спортшыларға арнайы грамоталар, медальдар және арнайы бағалы сыйлықтар табысталды. Қосшылық спортшылардың басым бөлігі жеке есепте 1 орынға ие болды. Жеңіс құтты болсын!

Жанар АХМЕТОВА 

«Jańa Bastau» газетінен алынды

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *