Жас спортшыларды қабылдау басталды

Редакция таңдауы
view 163
news

Жақын арада Қосшыда балаларға арналған спорт мектебі ашылады. Осыған орай 10-18 жас аралығындағы ұл-қыздарды тегін қабылдау басталды. Мұнда жас спортшыларға барлық жағдай жасалған. Спортпен айналысатын, салауатты ұрпақтан ел дамуына үлес қосатын азаматтар көп шығады. Бокс, еркін күрес, грем-рим күресі, дзюдо, таэквандоға жазылу үшін 87078586806 нөміріне хабарласыңыз Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі Республика көшесі, 56 мекен жайы бойынша орналасқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. Ол үшін, әрине, спортық инфрақұрылымдардың барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Шүкір, еліміздің түкпір-түкпірінде спорт алаңдары, спорт мектептері мен түрлі секциялар жұмыс істейді. Біздің өңірімізде де бұл салаға аса мән береді. – «Қосшыдағы балалар жасөспірімдер спорт мектебіне еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо, таэквандо бойынша қабылдау басталды. Алдағы уақытта спорттың басқа да түрлерін дамыту жоспарда бар. Тамыз айында қажетті құрал-жабдықтарды сатып аламыз. Қаражат облыстық бюджеттен бөлінуде», – дейді Қосшы қаласының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері Рахат Манашев. Жас спортшыларға тәрбие беретін және оларды жарыстарға дайындайтын жаттықтырушылар жоқ емес, бар. Олар жастардың шеберліктерін жетілдіріп қана қоймай, алға қойған басым міндеттерді жүзеге асыру үшін ауқымды жұмыс жүргізеді. Жергілікті және елордадан арнайы шақыртылатын жаттықтырушылар талай додада көк байрағымызды желбіреткен. – «Спорт залына бала кезімде қадам бастым. Менің спортшы, тұлға ретінде қалыптасуыма бапкерім тікелей әсер етті. Айтарым, спортпен шұғылданған бала төзімді болып, қиындықтарға қасқайып қарсы тұра алады. Ұл балалар жарыстарда ғана емес, өмірде де жеңісті де, жеңілісті де жеңіл қабылдай білсе, нағыз қайсар ер азамат болып өседі. Ең бастысы, әрине, спортта жетістікке жету үшін көп еңбектену керек. Еңбексіз бәрі де бос», – дейді балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұржан Каримжанов(суретте). Жаңадан ашылғалы тұрған спорт мектебі жастарды жетістікке жетелейді деген сенім бар. Мұнда күнделікті оқу-жаттығулар өткізуге толық мүмкіндік бар. 500-ден астам спортқа жаны құмар жастарды қабылдау үшін зал бірнеше зонаға бөлінеді. Топ-топқа бөлінген жас спортшылар бір залда бір уақытта. Мысалы, күрес кілемінде қазақша күрес, еркін күрес спортшылары, татамиде каратэмен айналысатындар күш сынасады. Айта кету керек, киім ауыстыратын және душ қабылдайтын бөлмелер де қарастырылған. – «Менің екі ұлым бар. Үлкені де, кішісі де спортқа ерекше қызығушылық танытады. Бос уақыттарында құрдастарымен жиналып, аулада волейбол ойнайды. Спорт мектебінің саны артса, артық болмайды, меніңше. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Облыстық басқарманың, жергілікті әкімдіктің осы бағыттағы бастамасы жастарды спортқа баулуға зор септігін тигізеді. Енді спорт стадионы бой көтерсе ғой», – деген тілегін қала тұрғыны Айзере Алдонгарова жеткізді. Қосшы қаласынан бірқатар халықаралық және республикалық спорт жарыстарында топ жеңімпаздар шыққан. Болашақта бұл көрсеткішті одан әрі көбейетініне сенім мол.

Жанар АХМЕТОВА 

«Jańa Bastau» газетінен алынды

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *