Шах және мат қаламыздағы шаршы тақтадағы тартыс

Редакция таңдауы
view 256
news

Шілденің 20-сы - Халықаралық шахмат күні. Осы орайда Қосшы қаласында «Жаңа белес» балаларды дамыту орталығының ұйымдастыруымен ауқымды турнир ұйымдастырылды. Мерекелік кездесуге «Ход конем» шахмат үйірмесінің 135 әуесқой спортшысы қатысып, өзара бақ сынасты. Халықаралық шахмат күні Шахмат Федерациясының бастамасымен 1966 жылдан бастап аталып өтіледі. Қазіргі таңда аталмыш ұйымға әлемнің 200-ге жуық елі мүше. Зияткерлік ойын Қосшыда да кең дамуда. Осыдан бір жарым жыл бұрын есігін айқара ашқан «Ход конем» шахмат орталығында 4-17 жас аралығындағы 500-ден астам балаларды оқытуда.

КЕЗДЕЙСОҚ ТАНЫСТЫҚ

Турнир болатын күні Қосшы қаласының ІТ мектеп-лицейіне бет алған болатынмын. Жолдың бойында шахмат жайлы өзара әңгіме өрбіткен бір топ оқушыларды көрдім. Қолымдағы фотоаппаратыммен оларға жақындап, жол көрсетуді сұрадым. Сол екі ортада танысып, тілдесіп кеттік. Марал есімді қыз шамамен 12-13 жасар достарымен салтанатты марапаттау рәсіміне асығып бара жатқанын айтты. Бірі ойыннан алған әсерімен бөлісіп, қаншалықты қызық өткенін айтса, енді бірі аталмыш турнирді жарыс ретінде ғана емес, тәжірибе ретінде қабылдау керек деген ойын ортаға салды. Олар үшін оқуды жалғастыру және жетілдіру маңызды. – «Бірегей білім беру құралына айналған шахмат ойыны тез ойлануға, анық есептеуге үйретеді. Жеңіске жетуге талпындырып, адамның ерік-жігерін арттырады ғой. Шахматқа қызығушылық танытып, орталыққа барып жүргеніме бір ай болды. Сабақтар аптасына 3 рет болады. Маған ұнайды. Бүгін жарысқа екінші рет қана қатысып отырмын. 4-ші разрядтағы қарсыласымнан тәжірибем аз болғандықтан ұтылып қалдым. Бірақ, алда әлі талай ойын болады, әлі де жеңіс тұғырынан көрінемін деген үміттемін», – деді жарысқа қатысушылардың бірі Марал Мұхтар.

«ЖАҚСЫ СӨЗ – ЖАРЫМ ЫРЫС»

Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан қонақтар сөз алып, жас зияткерлерге сәттілік тілесе, жарыстың марапаттау рәсімінде ел ағалары, жастарға әрдайым қолдау көрсететін жанашыр азаматтар топ жарған шахматшыларды алған жүлделерімен құттықтады. ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Ұлттық ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығының» бас директоры Сағдат Садықов атап өткендей, биыл алғаш рет Қазақстанда мектеп оқушыларының әлем чемпионаты өтеді. Оған қазір іріктеу жүріп жатқан көрінеді. Кім біледі, мүмкін олардың арасында қосшылықтар да болатын шығар... «Шахмат – спорт қана емес, ақыл ойды арттыратын үлкен ойын. Кезінде Карпов- тың ойынын күтетінбіз. Ал қазір бәрі де қолжетімді, осы ойынға өте қатты мән беріп отыр. Ұйымдастырып отырған «Жаңа белес» орталығына, Қосшы әкімдігіне, ІТ мектебіне үлкен алғысымды білдіремін. Жыл сайын шахматтан үлкен іс-шаралар өткізіліп жатады. Алдағы уақытта шахматтан Ұлттық мектеп лигасы, Шахмат олимпиадасы болады. Қосшы қаласының балалары оған қатысады деген сенімдемін», деді Сағдат Садықов. Расымен де, елімізде балалар шахматы қарқынды дамуда. Қазір жаңа буын өсіп келеді. Жас шахматшылар әртүрлі деңгейдегі шахмат додаларында жүлделі орындар алып жүр. Бос уақыттарын тиімді пайдаланатын ұл-қыздарымыз бірқатар жетістіктерге жеткен жаттықтырушыларынан дәріс алып, шеберліктерін жетілдіруде. Қалалық білім бөлімінің басшысы Қанат Ахметов сахна төрінде өңірімізде жасөспірімдердің қосымша білім алуына айрықша көңіл бөлінетінін тілге тиек етті. Оның айтуынша, білім саласындағы реформаның басты қағидаларының бірі – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. – «Бүгінгі шахмат мерекесі құтты болсын! Балаларымыз мемлекетіміздің көш бастар үлкен ұлы азаматтары болуына шын жүректен тілектеспін. «Ход конем» орталығына ризашылығымды білдіремін. Бір жылдан бері ұлымның мектептегі үлгерімі де жақсарды. Шахматқа деген құлшынысы ерекше. Сіздердің жолдарыңызды берсін, әр бала биіктерден көріне берсін. Осы жерде отырған әкімшілікке рақмет! Ұйымдастыру жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жылдан жылға дәрежелеріңіз өсе берсін. Биік белестерді бағындыратын оқушыларды тәрбиелей беріңіздер», – деген алғысын Арыс- тан есімді жас шахматшының анасы Әсемгүл Нұрмағанбетова білдірді. Балаларына қолдау көрсетіп, жетістіктеріне қуанып отырған ата-аналар қауымы ұйымдастырушыларға да, жаттықтырушыларға да жылы лебіздерін жеткізді. Иә, адамзаттың өміріндегі ең қымбаттысы, көз қуанышы ол – баласы. Оның бойындағы табиғи қасиеттер, адамгершілік құндылықтары, таланты жанұясында, білім ордасында, әлеуметтік ортада нәрленеді. Бірақ баланың бас ұстазы ата-аналары екендігін жадымыздан шығармаған жөн. – «Бүгін орталығымыз үшін ерекше күн. Келген ата-аналарға алғысымыз шексіз. Сіздер қолдау көрсетсеңіздер, жақсы нәтиже шығады деп үміттенеміз. Біздің мақсатымыз – баланың бос уақытын тиміді пайдалану. Олардың әрқайсысы үшін қуанамыз, бар-білгенімізді үйретеміз. Шахматтан сабақ алып, жақсы нәтиже көрсете білген, белсенділердің қатарында болып, сабақтардан қалмай, өткен тақырыптарды тез меңгеріп, жауапкершілігі жоғары болған оқушыларымызды да марапаттап отырмыз», – деді «Жаңа белес» орталығының басшысы Әйгерім Кукеева.

ТАЛАПТЫҒА НҰР ЖАУАР

Бұл күні шахмат мектебінің үздік оқушылары «Ең тапқыр», «Ең шыншыл», «Ең ойшыл», «Топтың көшбасшысы», «Үздік ойын үшін» сияқты басқа да номинацияларға ие болған оқушылар диплом мен медальмен марапатталса, кезең-кезең турнирлерге қатысып, әбден шыңдалған және 3,2,1 разрядтарын қорғап үлгерген жасөспірімдерға диплом, медаль, арнайы логтипі бар футболкалар табысталды. Жарыс болған соң, жеңген де, жеңілген де болады. Алайда шаршы тақтадағы тартысты ойынның жеңімпазы болу оңай емес. Шахматта жеңіске жетудің кілті – стратегияда. Осы жолы турнир 3 категорияда өтті. Біріншісі – 5-8 жас аралығы, екіншісі – 9-12 жастағы ұл-қыздар және 13-17 жастағы жасөспірімдер. Жеңіс тұғырынан көрінуге талпынған 130-дан астам оқушыға 3 жаттықтырушы төрешілік жасады. Халықаралық шахмат күніне орай ұйымдастырылған турнирде ерең еңбектерінің нәтижесінде жеңімпаз бен жүлдеген атанған келесі оқушылар: 5-8 жас 1 орын – Әлинұр Ахайдар 2 орын – Ерасыл Есмұхамбет 3 орын – Айсұлтан Бағдатов 9-12 жас 1 орын – Сүлеймен Ғұбайдолла 2 орын – Ақшолпан Жұмашәріп 3 орын – Ералы Жакен 13-17 жас 1 орын – Арлан Молдабеков 2 орын – Жасұлан Темірбеков 3 орын – Тамир Тасмағамбетов Балаларды шахмат ойынының қыр-сырымен таныстырып, осы ойынды ойнауға баулыған шахматшы ұл-қыздардың жаттықтырушылары да назардан тыс қалған жоқ. Шыны керек, талантты тану, баланың шамшырағын жағу – екінің қолынан келе бермейтін іс. Жас жеткіншектерге бағыт көрсете білетін «Ход конем» шахмат мектебінің жаттықтырушылары Жандос Мұханбетжановқа, Қайрат Омаровқа, Нұрғиса Бодановқа, Гинаят Туртуловқа, Төкен Байжановқа, Дархан Жумаевқа алғыс хат, есімдері жазылған арнайы статуэтка және сыйақы табысталды. Қуантарлығы, шахмат орталығы ашылғаннан бері әлі күнге дейін жұмыс істеп жүрген тренерлер саны артуда.

Жанар АХМЕТОВА

«Jańa Bastau» газетінен алынды

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *