Әлихан Бөкейханның мақалалары мен көркем аудармалары хақында бірер сөз

Руханият
view 1653
news

«...Мақтауға тұрарлық әулиедей,

Оның есімі – Әлихан...»

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

 Әлихан Бөкейхан қазақ және орыс тілдерінде қатар жазған публицист. Оның қаламынан шыққан мақалалар Ресей астанасының «Сибирские вопросы», «Биржевые ведмости», «Новая жизнь» секілді газет-журналдарынан бастап патша үкіметінің қас-көзі Жандармерияның қуғын-сүргін салдарынан көшіп-қонып жүріп Омбы, Самара, Орынбор, Семей, Мәскеу сияқты қалалардың мерзімді басылымдарынан жиі көрініп тұрған. Тек қана, «Газета «Казах» достигла очень высокого научного уровня» - деп бағаланған осы «Қазақ» газетінде Әлихан Бөкейханның 205-ден аса мақалалары, ғылыми зерттеулері, аудармалары жарық көрді [1]. Одан өзге оқулық та жазды. азіргі заманғы ағылшын зерттеушілерінің пікірінше ол ХХ ғасыр басындағы «қазақ  әдебиеті мен баспасөзін дамытуда жетекші рөл атқарған»,- деп әділ баға берген.  [2] «Көңіл жүйрік пе, көкдөнен жүйрік пе?» дейтін қазақ. Бәрінен білім жүйрік», -деп, қазақ баспасөзінде жариялап отырған мақалаларында елдің білімге қызығушылығын арттыратын ойларымен жиі бөлісіп отырған. Елдегі және сырт елдердегі белгілі оқиғаларды жұртқа түсінікті де ақылға қонымды етіп жазған. Сондай-ақ, Л.Н. Толстой, А.П. Чехов, Д.Н. Мамин-Сибиряк, Ги де Мопассан, В.Г. Короленконың шығармаларын, және Н. Маркестен «Ескі Қырым сөздерін» қазақшаға аударған. 1914 жылы «Қазақ» газетінде  «Мұсылман сиезі» деген 10 мақаласы шыққан. Ол мақалалар мұсылман рухани істері туралы  Петербурғда (Ә.Бөкейхан жазбасы бойынша) ішкі істер министрі қол астында мәжіліс  болғаны хақында баяндалған.  «4-ші Государственный Думаның шлені Далғат Дағыстан моллаларымен сиезді таныстырды, - дей келе, Молла төңірегінде ой қозғайды:  Мұнда молланың үлкен-кішісі болмайтұғынын, молла  білгіш-жүйрік, жақсы мінезді   болу керектігімен және оны қаптама жұрт сайлап қоятындығын ескертеді. Имам Шәмілді үлгі етеді, Дағыстан молласы өзге халықтан жақсы білімімен, тура жолымен жүрген мінезімен айырылады (ерекшеленеді) дейді. Ал біздің қазақ молласы өзге қазақтан немен айырылады? – деп сауал қояды да, дін ісі ішкі астармен жақсы болмақшы. Астар хүкімет қолында емес, ғұмыр жүзінде, жұрт мінезінде дейді. Осы мақалаларында қазақтың рухани һәм оқу ісі не болып жатқандығы туралы ауқымды ойларды қозғайды. 5 күн мұсылман сиезі шешендерінің сөзін тыңдап 149 бабтан тұратын закон жобасын жасайды да жобада рухани мекемелерде қағаз татарша тілмен жазылсын деп көрсетіледі. Міне, осы жерде Әлихан Бөкейхан анық түрік затты халық біздің қазақта деп қазақ ақындарын іштей есіне алып, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады, – деп тілге араша түседі.  «Біздің қазақ осы тілін тастап татарға мінгескені адасқандық болар, біз – қазақ татар тіліне шорқақпыз, татар тілі деген тіл тағы біреу емес; Кафказ, Қырым ауылындағы татарды Қазақ ауылындағы татармен сөйлестірсе, бірін бірі ұға ма, жұртқа ыңғайлы болу үшін рухани мекеме қағазы һәр облыста һәр жұрттың өз тілімен жазылсын дедік  Жаһанша екеуміз [1, 284 б]. Осы тақырыптағы келесі мақалада мұсылман школ ісіне тоқталады. Мұсылман школын қалыптастыру үшін көп харекет, көп уақыт, көп білгіш өнері керектігін, алайда сиезге школ ісіне жүйрік школ туралы ізденіп жүрген кісілердің көрінбегеніне қынжылады. Енді сиез бекіткен шариат заңының қазаққа қаншалықты керектігі турасында «ресімі жоқ жұрт бола ма?» дейді. Бұл ретте әр халықтың қанына сіңген, тұрмысымен біте қайнап кеткен ғұрпынан айырмау керектігіне мән береді. Мысалы: «Орыс законы кісі өлтірсе жазаға кіріптар қылады. Қазақ кісі өлтіріп, құн төлекп, ана законды жамылып, бір-бірінен кек аламын деп, сотқа барып, өтірік жан беріп қайталап жүр. Мұнда қаншалық мұсылманшылық бар?  Ал, шариғат ұрының қолын кесіп таста депті (Ән-мәндәт сүресінің 42 аятында. Ә.Б). Қай қазақ ұрының қолын кесіп алып тастамақ. Бұл ұрының қолын бізге кім кестірмек? Ұрының қолын кессе, мұнан қазаққа қанша бахыт шықпақ? [1, 286 б]. Шариғат жолы мен жұрт ресімі қайшы болса, жұрт арбасы шықырлап, бахыт білегі сынбай ма? Асудың дәл аузында жүк ауып, қом сыпырылып түспей ме?, – деп, халықтың санасына сінген ғұрыппен санасу керектігін, көзсіз фанатизмнен аулақ болуды ескертеді. Тағы бір ескерерлік жәйт, Әлихан Бөкейхан шариғат заңдарын құранның қай сүресінідегі, қандай аятында екендігін көрсетіп беруі  шариғат ілімін терең білгендігінен. Сондай-ақ, аудармаларында өзге діндердің көрінісін қазақ оқырманына түсінікті етіп береді. Әлихан Бөкейханның шығармашылығы бір–бірін толықтыра, байланыстыра келетінін байқаймыз. Аудармаларының да көпшілігінде оқу, білім алу, түрік тілді халықтардың тұрмыс-тіршілігі, сол замандағы қоғамның тіршілігімен  біте қайнасып, көрініс беріп тұрады.  Орыстың белгілі прозаигі, драматургі Д.Н. Мамин-Сибиряктан аударған «Қара Қанымда» башқұрт халқының тұрмыс-тіршілігі суреттелетін психологиялық терең астарлы оқиға жатыр.  Әңгіме желісі жалқаулық, аштық, ұрлық жайлаған ортадағы екі дін өкілінің – башқұрт молдасы Исай және арнайы шіркеу құжатымен Жүзбас ауылына келіп, қыз балаларды оқытатын мектеп ашқан «Қара Қаным» – Натальяның харекеттеріне құрылған. Натальяның мінез-құлқы християндық әдет-ғұрыптың мазмұны  болып табылады. Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек: «Христиандық ахлақ (мінез-құлық) Тәңірлік ақиқатқа негізделеді. Ол адамды құдайлық қасиеттерге бейімдейді. Адам өз еркімен киеліліктің жоғары сатысына көтеріле алады, сонымен қатар күнә мен жамандықтың шыңырауына да құлап жатады. Соған орай, оның алдында екі жол бар: өмір жолы және өлім жолы. Тура жолды табуда ахлақ заңдары, ахлақ сезімі және санасы маңызды рөл атқарады. Ахлақ заңы – бұл адам рухындағы ұят деп аталатын Құдайдың дауысы. Ұяттық сезім адамзат ахлағының негізі болып есептеледі. Бірақ, бұл ұяттық сезімнің өзі жеткілікті емес, сыртқы бір жол көрсетушіге мұқтаждық бар. Мұндай жол көрсету заңы адамзатқа екі түрде берілді. Олар: дайындық түріндегі Мұсалық заң, екіншісі толық Евангелдік заң. Христиандық сүйіспеншілік – бұл, адамды Құдайға жақындататын сезім. Иса пайғамбар мынадай өсиет қалдырған: «Мен сендерді қалай сүйсем, сендер де бір-біріңді солай сүйіңдер». Бұл өсиет тек достарды ғана емес, дұшпандарды да сүюді уағыздайды. Жақынға деген сүйіспеншілік адамның өзін-өзі сүюден басталады, ал ол адамның тәңірге деген сүйіспеншілігінен бастау алады. Христианның Құдайға деген сүйіспеншілігі тек ахлақтық жағынан шыңға жетуді емес, қатар оның рухани болмысының негізі болып табылады [3]. Әсілінде, Д.Н. Мамин-Сибиряктың: «Неужели можно удовлетвориться одной своей жизнью. Нет, жить тысячью жизней, страдать и радоваться тысячью сердец – вот где жизнь и настоящее счастье» дейтін ұстанымын Қара қанымның харекетінен табамыз. Қара Ханым Жүзбаста қыздарға деп мектеп ашады. Әуелі шешелері қолынан жетектеп әкелген екі-ақ жалаңаш қызды Қара қаным киіндіріп тойғызады. Оны көрген өзге Жүзбастықтар бүкіл қыздарын  тықпалайды, сөйтіп отыз қыз мектепке алынды. Қыздар орысша оқиды, тігін тігеді, өрмек те тоқиды. Бірақ жұрт бұл қылығын түсінбей аң-таң. Әсіресе, Тоқтай кемпір оны жалмауыз кемпір ме деп ойлайды. Исай молда, Қара қанымның қағазы барын,  мелисемен сөйлескенін, жалмауыз кемпір емес екенін айтып жұртты тыныштандырады. Сөйтіп, Жүзбастықтар Қара қанымды ақымақ деп ойлайды. Ал, Қара қаным болса ол екі баласынан айырылған соң Құдай берді де өзі алды деп, кезінде қайғы жұтып, өзі де өлген артық деп тапқан еді. Шіркеудің уағызында, олардың құдайы адам баласының бәрін бауыр көр, сүй дейді. Сүйістің өзі – өмір-тіршілік...Мен құдайдан өлім тілеп едім, ол маған тіршілік ет деп әмір етті... Сонан соң, мен де керек жер де бар екен деп сендерге келдім, дейді Тоқтай кемпірге.  Үш жыл ішінде мектеп шаруасы дөңгеленіп, Жүзбастағы башқұрлардың да тірлігі түзеле бастайды. Төсек тартып жатқан  Тоқтай кемпір Қара қанымды шақыртып, күнің жетіп сен де өлесің, сонда сенің мектебің не болады деп сұрайды. Сонда Қара қаным онда, өзге бір Қара қаным келеді, ол да осыны қылайды дейді. Оқиға желісінің астарынан шіркеудің миссионерлік бағытын аңғарамыз. Орыстандыру саясаты, «жабайы» халықтардың психологиясын, тіршілік-тұрмысын әбден меңгерген патша үкіметінің өзге халықтарды өз дінінен бездіру, христиан дініне кіргізу үрдісін аса шеберлікпен атқарғанын байқаймыз. Әлихан Бөкейхан заман тынысын дер кезінде сезген сұңғыла сезімімен қалайда қазаққа құлаққағыс болсын дегендей, қазақшаға аударып бастырған. Француз жазушысы Ги де Мопассаның «Симонның әкесі» деген әңгімесін қазақшаға аударып, қазақ оқырмандарына ұсынды. Бұнда мектеп жасындағы балалардың  әкесіз  Симонды басынуы, әлімжеттік көрсетуі айтылған. «Бала маймылдай еліктегіш. Бала үлкен нені істесе, нені айтса, соны сөйлейді. Нені қылса соны қылайды», – дейді. Симонның анасының аты – Бланшотта, оны Әлекең қазақ оқырманына мағынасы бойынша Ақбала деп атайды  [1, 378 б]. Әлихан Бөкейхан бірнеше тілді жетік меңгергендігіне тағы да көзіміз жетеді. Симон ұста Филиптің өзіне әке болуын қалайды. Өсекте менің не жұмысым бар, өзің маған тисең, - деп Ақбалаға Филип ұста сөз салады.  Симон да шаттанып, ұста Филип Реми әкесі екендігін, маған тигендеріңнің үні өшеді деп балаларға қоқиланады. Филип Ремидей әкесі болса, кім болса да, ханға сәлем бермес еді, – деп аяқталады. Одан өзге Мопассаннан «Старуха Соважды» – «Жарасын алдырған ана», «Ақсақ кемпірді» тәржімеледі. Көркем әдебиеттен өзге оқу –ағарту мен ғылымның сан-салаларын қамтитын мектеп оқулықтарының аудармалары тағы бар:  К. Фламмарионның 225 юеттен тұратын «Астрономия әліп-биі» (1924), Т.Тутковскийдің 102 беттен тұратын «Жердің қысқаша тарихы» (1926), 101 беттен тұратын Д.Гравенің «Дүниенің құрылысы» (1926) [1, 18 б]. Зерттеушілердің пікіріне сүйенсек, Әлихан Бөкейхан көркем аудармаларының басым көпшілігін 20-30 жылдар аралығында, яғни 1922 жылдан 1927 жылға дейін КСРО Халықаралық орталық баспасындағы Қазақ секциясының әдеби қызметкері болып қызмет етіп жүрген кезінде аударған.   Пайдаланылған әдебиеттер:
  1. Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы. Избранное. –Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1995. [18 бет.]
  2. Общество изучения Средней азии. Казахи о русских...» - Оксфорд, Англия. 1985 год, репринтная серия №5.
  3. А. Орынтаева. Христиан дінінің ағымдары (православие, католицизм, протестантизм). Интернет желісінен алынды.
 

Сымбат АХМЕТОВА, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті «Білім тарихы» және Л. Гумилев музей-кабинетінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының магистрі

   

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *