ЕЛІМНІҢ ЕРКІНДІГІ – ТӘУЕЛСІЗДІК
Қосшы жаңалықтары
529
Қосшыдағы «Амира» балабақшасында еліміздің сан мыңдаған жылдар бойы армандаған, тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалатын «Тәуелсіздік күні» мерекесіне арналған «Елімнің еркіндігі тәуелсіздік» атты ертеңгілігі өтті. Тәрбие сағатына «Бәйтерек», «Тұлпар» даярлық және «Балауса», «Айгөлек» ересек топтарының бүлдіршіндері келген қонақтарды ерекше сезімге бөледі. Бұл оқу қызметінің айрықша болуының өзіндік себебі бар. Тәуелсіздік сағаты қалай соғып еді?
Тәуелсіздік мерекесі! Бұл қандай күн? Ресми бекітілген, той тойлайтын мерекелік дата ғана ма? Бұндай сұраққа: «Бұл күннің одан анағұрлым маңызы үлкен мазмұны бар. Ол тәуелсіздік жолындағы күрестің нүктесін қоюмен бірге, оның басталған күні де болды. Бүгін әр қазақстандық оны өзінің жеке тәуелсіздігі мен табысты күні есебінде мерекелей алады» деп жауап беруге болады.
Тарих көші ұзақ. Бұған дейін дүние сахнасында түрлі қауымдар, түрлі ұлыстар, түрлі мемлекеттер билік құрғаны белгілі. Солардың бәрі бірдей тізгінінен шашау шығармай, билігін өз қолында әлі ұстап отырған жоқ. Тіпті біздің өмір сүріп отырған заманымызда Тәуелсіз ел болудың ендігі кезегі кімге келетінін айта алмайсыз. Тәуелсіздік алу кез келген ел үшін енді тым күрделеніп кетті. Кейде ойласақ ендігі уақытта бұндай бақыт ешбір ұлтқа бұйырмайтындай. Ендеше, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасқан қадамын көзбен көріп, азаттықтың ақиқатын сезініп, бостандықтың ауасын жұтқан біздің буын – нағыз бақытты ұрпақ. Біздің толқынның маңдайына Тәуелсіз елдің азаматы болу жазылыпты.
Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 31 жыл. Отыз бір жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық.
Ашық тәрбие сағатының мақсаты – Тәуелсіздік жайлы балалардың ойларын дамыту арқылы Отанымызды қорғайтын азаматтар тәрбиелеу. ҚР рәміздері туралы түсініктерін кеңейту. Сөздік қорларын дамыту. Балаларды Отанды сүюге, Қазақстан Республикасының рәміздерін қастерлеуге, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға тәрбиелеу. Желтоқсан көтерілісінің сипатын насихаттай отырып, желтоқсан құрбандарын мәңгі есте сақтау: жас ұрпақ бойына еліне, жеріне, ұлтына деген патриоттық сезімін қалыптастыру. Боздақтарға тәу ету. Бүлдіршіндердің тілдік, сөздік қорын байыту. Мақал-мәтел, тақпақтар арқылы ой-өрісін кеңейту, сөздік қорларын молайтып, тілдерінің дамуына ықпал ету.
ҚР Рәміздерінің суреттері, Елордамыздың, Желтоқсан оқиғасының құрбандары Л.Асанова мен Қ.Рысқұлбековтың суреттері мен арнау жыр-шумақтары, слайд сияқты көрнекіліктер арқылы балаларға тәрбие сағатының тереңдігін ұғындырды деп есептейміз.
Қазақстан Республикасы туралы әңгімелеу, сұрақ-жауап, мақал-мәтел, тақпақтар айту сияқты әдіс-тәсілдер бүлдіршіндердің сабаққа емін-еркін, белсенді қатысуына ықпал жасағанына күмәніміз жоқ. Әсіресе, тәрбиешілердің достық шеңберін жасап, балалардың бір-біріне жылы лебізін, достық сенімдерін білдіруі, тәрбиешінің балаларға гүл шоғын ұсынуы сөзіміздің бірден-бір айғағы.
Мемлекеттік әнұранымыз шырқалған соң балалар Тәуелсіздік мерекесіне арнап, келген қонақтарға өз отаны жайлы айтып берді. Егемендігіміз турасында ән шырқалды, жұмбақтар жасырылды, би биленді, мақал-мәтелдер мен тақпақтар айтылды. Боямақпен суреттер боялды.
«Бәйтерек» тобының тәрбиешісі Исламова Гүлбану Ербайқызының айтуынша, Тәуелсіздік күніне орай өткізілген тәрбие сағаты өз діттеген мақсатына толықтай қол жеткізді. «Балауса» тобының тәрбиешісі Кендебаева Жазира Баһадүрқызы да «балаларға тәуелсіздік туралы кеңінен ұғындырдық» деген ойда.
Біз ғасырлар бойы қаншама ұрпақтың арманы болып өткен тәуелсіздіктің, ұлттық мемлекет құру мұратының жүзеге асқан заманында өмір сүріп отырмыз. Ендігі күні іргетасы сапалы қаланған мемлекетіміздің шаңырағы шайқалмай, Тәуелсіздіктің тұғырлы туы мәңгіге желбірей беретініне күмән жоқ. Өйткені, қазақ деп соғар жүрегі бар әрбір алаш баласының жұмылатын тұсы, ешбір тайсалмайтын ісі де осы Тәуелсіздік болуы тиіс. Ендеше, тәу етер Тәуелсіздігіміздің туы желбіреген күн құтты болсын!
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)