Ертеңгі күнде есеміз кетпесін десек...

Қосшы жаңалықтары
view 355
news

Жаман әдеттен сақтана білген қоғам жанын сақтайды. Ал жаман әдеттің бірі – ол тәуелділік, ой-сананы құрсауға алған нашақорлық! Өкішіке орай, елде бір сәттік қызық үшін ғана есірткінің буына шырмалғандар саны артып келеді. Статистиканы сөйлетсек. Қазақстанда тіркеуде тұрған 18 мың нашақор бар. Тіркелмей жүргені қаншама?! Ал өмірге деген құлшынысы жоғалып, қоғамнан алыстаған нашақорларды ауруынан айықтыруға медицинаның қауқары жете ме? Жалпы есірткіге тәуелділік неден туындайды? Нашақорлықтан толықтай айығып кетуге бола ма? Синтетикалық есірткілердің қауіпі мен есірткіден арылу жолдары және тағы да басқа сауалдарымызға жауап алу мақсатында, 33 жылдық еңбек өтілі бар психиатр-нарколог дәрігер Үсенов Кенесалы Күнтуғанұлымен сұхбаттасқан едік. - Кенесалы Күнтуғанұлы, қазір әлемде ең кең таралған психотропты заттардың бірі – синтетикалық есірткі болып табылады. Бүгінде өскелең ұрпақтың санасын улаған дертпен бүкіл әлем күресіп жатқанынан хабарыңзда бар. Қазір дәл осы синтетикалық есірткіге әуестенгендердің дені жастар деседі. Оған не себеп? - Алдымен, нашақорлық деген сөздің мағынасына тоқталсақ. Бұл терминнің ауқымы кең.. Нашақорлық дегеніміз – адамның есірткіге тәуелділігі. Бұл дерт организмнің тіршілік етуі үзілмей, оны белгілі дәрежеде ұстап тұрып есірткіні үнемі тұтынуға және дене мен жүйке қызметінің әбден әлсіреуіне алып келеді. Қазір көбінесе психотроптық яғни синтетикалық есірткіні пайдаланатын жастар қатары артып келеді. Ол рас. Жасыратыны жоқ, синтетикалық есірткінің әсері күшті. Адам оны бір рет шеккеннен-ақ тәуелді болып қалады. Көбі синтетикалық есірткі героиннен жеңіл деп ойлайды. Бұл қате пікір. Бұдан 2-3 жыл алдын бізде Қосшыда да бұл емірткі түрі аздау еді. Енді бізге де өтіп кетті. Жастардың көптеп қолдану себебі оның бағасы арзан, жастар әлеуметтік желі арқылы қолжетімді түрде сатып алып жатады. Жасөспірімдер жеңіл есірткі деп ойлайды да, пайдаланып көреді. Бірақ артынан бізге психозбен түседі, шизофрения болады. Бұл тұрғыда,Қосшы төңірегі өте ауыр. Себебі күнкөріс деп ата-анасы табысқа мән беріп, балаға көңіл бөлмей қояды. Бұл ең қиын дүние. - Осы тұста, Қосшы қаласынан емделуге келген азаматтардың орташа жасы қандай? - Шамамен, орта есеппен алғанда, 25-30 жастың арасы болып отыр. Мәселен, анашаны жасөспірім кезінде 100 бала шегетін болса, 25 жастан кейін соның 10 немесе бесеуі тұтынатын болып қалады. - Ал есірткіден толығымен айығып шыққан емделушілер бар ма? - Тәжірибемде әрине тәуелділігін жойып, салауатты өмір салтын ұстанып кеткен емделушілерім көп болды. Дәл қазіргі сәтті айтар болсам, 3 адам бар. Оның екеуі ер бала біреуі нәзік жанды. Олар қателігін түсініп, емделіп, қазір қолданып жатқан жоқ. Соларды есептен шығарамыз деп ниеттеніп отырмыз. Дегенмен, бір қорқыныш бар. Егер олар ескі достарымен қайтадан қосылса, кері пайдаланама деген үрей де жоқ емес. Себебі нашақорлардың санасына сіңіп қалады. Деседе бұл есірткінің қай түрін қолданғанына да байланысты. Кейбірі инъекциялық есірткілерді қабылдайды. Дәріханадан алып, тамырға ине арқылы салып жатады. Есірткінің бұл түрін қолданғандардың психикалық тәуелділігі жоғары болады. – Синтетикалық есірткілердің қауіпі неде? – Синтетикалық есірткілердің қауіпі біріншіден, олардың оңай жасалынуында. Есірткінің бұл түрін өңдейтін адамдар білімі болмаса да, ғаламтордан әртүрлі ақпарат алып, жасай алады. Синтетикалық есірткіні жасау және құрылысын өзгерту де өте оңай. Бірақ онымен күресу қиын болады. Сондықтан қазіргі кезде көбі синтетикалық есірткілерді ғаламтор арқылы әр түрлі сайттардан жарнамалайды. Және жасөспірімдерді ақшаға қызықтырып, есірткі айналымын насихаттауға үгіттейді. Синтетикалық есірткілердің басты қауіпі осында. Сонымен қатар, синтетикалық есірткі қолданғанда клиникалық белгісі ауырлау болады. Менің тәжірибемде Қосшыда осындай есірткіні тұтынып 5 қабаттан секіріп кеткен азамат болды. Яғни оларда агрессия басымырақ болады. Өзінің не істеп не қойғанын білмей жатады. Көзіне түрлі елес көрініп, секіріп кеткен. Бірақ аман қалды, қатты дене жарақатын алмаған. Екі сағаттан соң есін жиып, мұндай әрекетке барғанын мойындамай жатады. – Жалпы есірткіге тәуелділік неден туындайды? – Қазіргі кезде синтетикалық есірткілерді адамдар қызық үшін, ләззат аламын деп қолданады. Бір рет көреді, ұнап қалады. Екінші рет тағы байқап көреді. 3-4 рет тұтынғанда тәуелділік пайда болғанын байқамай да қалады. Есірткі ең алдымен адамның психикасына әсер етеді. Бір рет қолданса да адамда психоз туындайды. Олардың көз алдарына әр түрлі қауіпті елестер көрінеді. Олар ашуға тез батады. Қорқыныш үрейшілік және депрессияға ұшырай бастайды. Түрлі дауыстарды ести бастайды. Өзінің анасын, туысын басқаша елестетіп, қолындағы кез-келген затты лақтырып жіберуі де мүмкін. Сол себепті олар қоғамға қауіп төндіреді деп жатады. Қазір елде мемлекет тарапынан нашақорлықпен күрес шарасы күшейтіліп, қарқын алып келеді. – Нашақорлықты қанша уақытта емдеуге болады? – Қазіргі кезде біздің еміміз екі мерзімге бөлінеді. Бірінші мерзім – адам өз еркімен келсе, біз оны стационар арқылы немесе амбулаторлық жағдайда күндізгі стационарда емдей аламыз. Әр түрлі дәрілерді, физиотерапия, психотерапия қолданып, қысқа мерзімде емдеп, тоқтата аламыз. Оның ұйқысы, психикалық жағдайы қалпына келген соң, біз оған емнің екінші кезеңін ұсынамыз.Әрбір адам өз еркімен келсе, емді бастаса ол өте жақсы. Неге десеңіз қазіргі кезде көбі наркологиядан есепке алады, бәрі біліп қояды деген қорқыныш туындауы мүмкін. Сол үшін олардың көбі уақытты жоғалтып алады. Өкінішке орай, көбі өз ауруын асқындырып алады. Есірткілер ақыл кемістігін де тудырады. Сондықтан әрі қарай асқындырып алмас үшін өз уақытында бастапқы кезде ештеңеден қорықпай келу керек. - «Есірткіден емделуде әйелдерге қарағанда, ер адамдар тезірек жазылады» деген рас па? - Есірткіден емделу әйел немесе еркек деп бөлінбейді. Оның адамға қалай әсер ететіні адамның генетикалық ерекшеліктеріне, ағзасына, иммунитетіне байланысты болып келеді. Дегенмен, әйелдердің табиғатынан психологиялық ойлау қабілеті өзгеше. Олар тез ренжіп қалады. Туғандарынан қолдау болмаса, “мен ешкімге керек емеспін”,- деп күйзеліске түсіп кетеді. Әйел адам эмоциялық және психологиялық жағынан сезімтал болып келеді. Содан кейін жұрт естісе не болады деп, емделмей, жүре беретін әйелдер көп. Ал жалпы алғанда, адамның тез жазылуы иммунитеті мен есірткі қолдану ұзақтығына байланысты болып табылады. - Жалпы Қосшылық тұрғындарда есірткі тәуелділігінен анонимді түрде емделуге мүмкіндік барма? - Әрине. Біз науқастарымызды жұртқа жария қылмаймыз. Оларға барлығын түсіндіруге тырысамыз. Қосшылық емделішулерді көбінесе, өз еркімен Көкшетаудағы орталыққа жолдаймыз. Енді, Қосшының қала болғанына да небәрі 1 жыл болды. Алдағы уақытта Қосшыдада өзінің нарко- диспансері, арнайы стационары ашылады деп ойлаймыз. – Есірткі қолданатын адамдар наркологиялық есепте қанша мерзімге тұрады? -Нақты бір мерзім бар деп айта алмаймын. Мәселен, олар наша қолданбай жүрсе, ем алып жүрсе, кейде 1 жыл ішінде шығарамыз. Дегенмен, осындай уақытта келесің деп жәймен түсіндіреміз. Себебі, олар ашушаң келеді. Оларды өзіміздегі есептен шығарғанымен, базада тұратынын ескертеміз. - Нашақорлыққа қарсы күрес күні түрлі қандай шаралар іске асады? -Иә, әрине бұл атаулы күн біздеде ескерусіз қалмайды. Түрлі акциялар, шаралар, кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Түсіндірме жұмыстары да жиі жүргізіледі. - Сіздің тәжірибеңіздегі ең жас және ең кәрі емделушінің жасын атасаңыз? - Ең жасы мектеп оқушысы болды. Ал кәрісі болса, 76 жастағы азамат. - Енді, нашақорлық түбі қорлық екенін жастар білгенімен, қызық үшін деп қалай тәуелді болып қалғанын білмей жатады. Қосшылық жастарға маман ретінде өз кеңесіңізбен бөлісуіңізді сұраймыз.. - Жастарға бірінші кезекте салауатты өмір салтын ұстану қажеттігін айтар едім. Есірткі ешқашан ешкімді жақсылыққа жетелеген жоқ. Есірткіге салынған адамдардың тағдырлы сан түрлі. Меніңше қазір жастардың қолы бос болғаннан нашақорлар саны артып жатыр. Біздің шаһарда түрлі үйірмелер қатарын арттырып, спорттық нысандар салынып, оны жастарға қолжетімді етуді қолға алу қажет. Сонымен қатар, әр отбасы баласының кіммен арласып жүргенін бақылағаны абзал. Болашақ жастардың қолында ғой! Есірткінің зиянды екенін біліп, өз өмірлеріне балта шаппаса екен деймін. Өмірдегі бір қиындықты осы есірткіні қолдансам ұмытам деп ойласа ол үлкен қателік деп айтар едім. - Сұхбатыңызға рақмет!   ТҮЙІН сөз: Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында нашақорлық мәселесіне ерекше назар аударған болатын. «Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет», деп тапсырды ел Президенті. Ресми деректерге сәйкес, республика көлемінде жыл басынан бері есірткіге қатысты 1400-ге жуық құқық бұзушылық анықталған. Мамандар болса, есірткіге тәуелділік жас талғамайтындығын айтады. Бүгінде оңы мен солын танып үлгермеген жастардан бөлек,етек-жеңін жиып, ақыл айтар жасқа келгендерде нашақорлыққа ұрынуда. Мамандардың сөзінше, жастар арасындағы нашақорлық алдымен қызығушылықтан басталады. Орта жастан асқан адамдардың есірткіге әуестігі көбіне психологиялық, физикалық, әлеуметтік жағдайдың қиындығынан туындайды екен. Жаны жаралы, қиындыққа тап болған жандар есірткіні басындағы проблемасын ұмыту үшін тұтынатын көрінеді. Бір рет тұтынған соң, рақат сезімге бөленіп оны қолдануды тағы қайталайды. Осылайша бұл тәуелділікке әкеп соғады. Айта өтсек, елімізде нашақорлыққа қарсы түрлі деңгейдегі шаралар жыл сайын өткізіледі. Жастарды есірткіден сақтау шаралары Қосшы қаласында да іске асуда.

Салтанат ЕСЕНҚҰЛОВА

     

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *