Қосшыда газ және инженерлік желілер қалай дамуда?
Фотосурет: автордан
Қосшы қаласы мен оған іргелес жатқан Тайтөбе ауылында газдандыру мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жоспарлы әрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» атты 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы және Астаналық агломерацияны дамытудың кешенді жоспары аясында қолға алынған.
Қосшы қаласында газдандыру жұмыстары 2024 жылдың мамыр айында басталып, жобаны «Алия Сервис» ЖШС мердігер ұйымы жүзеге асыруда. Жалпы жоба 23 айға жоспарланған. Газбен қамту жұмыстары бірнеше пусктік кешендерге бөлініп, кезең-кезеңімен іске қосылмақ:
• 1-пусктік кешен – Республика көшесінің сол жағынан Абая көшесіне дейін, оң жағынан Ұлы Дала көшесіне дейінгі абоненттерді қамтиды;
• 2-пусктік кешен – Абай көшесінен 19 және 20-шағын аудандарға дейінгі аумақты қамтиды. Бұл учаске 2026 жылдың II тоқсанында іске қосылмақ.
Жоба аясында бүгінге дейін 155 шақырымнан астам газ құбыры тартылды. Оның ішінде 2 км жоғары қысымды газ құбыры (100%), 30,1 км орташа қысымды құбыр (70%), 123,3 км төмен қысымды желі (34%) салынды.
Сондай-ақ Тайтөбе ауылын газдандыруға қатысты жұмыстар 2022 жылы жобалық-сметалық құжаттаманың әзірленуінен басталып, 2024 жылы нақты іске кірісті. Конкурстық нәтижеге сай «Газовое хозяйство Шымкентгаз» ЖШС мердігер болып таңдалып, құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың 4 шілдесінде басталды. Қазіргі күнге дейін ауылда 4,2 шақырым төмен қысымды ішкі кварталдық желілер төселді.
Ауыл тұрғындары үшін бұл – ұзақ жылдардан бері күткен жаңалық. Себебі бұрын Тайтөбе халқы қатты отынға тәуелді болатын. Жоба Қосшы қаласындағы газ жүйесіне қосылып, толықтай орталықтандырылған газбен қамтамасыз етілмек.
Тағы бір айта кетерлігі, Тайтөбе ауылында су құбыры желілерін жаңарту жұмыстары 2017 жылы басталғанымен, бұрынғы мердігердің келісімшарт талаптарын орындамауына байланысты жоба аяқсыз қалған. 2023 жылы аяқталмаған жоба Қосшы қаласының коммуналдық меншігіне беріліп, 2024 жылы қайта жобалау жұмыстары қолға алынды. Нәтижесінде, «Көкшетаугидрогеология» ЖШС жаңа мердігер ретінде анықталып, жұмыс 2024 жылғы қарашада қайта жанданды.
Қазіргі кезде нысанның дайындық деңгейі 80%-ға жетті. Жобаны 2025 жылғы 1 қазанға дейін толық аяқтау жоспарланған.
Аталған инфрақұрылымдық жобаларға «AMANAT» партиясы тұрақты түрде партиялық мониторинг жүргізіп келеді. Бұл бақылау тек мердігерлердің міндеттемелерін орындауын қадағалап қоймай, тұрғындардың ұсыныстары мен сын-пікірлерін назарға алып, мәселелердің шешілу жолдарын жеделдетуге мүмкіндік беруде.
Қорытындылай келе, Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылында жүргізіліп жатқан ауқымды газдандыру мен инфрақұрылым жобалары – тек тұрмыстық жағдайды жақсарту ғана емес, елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық жағынан дамытуға бағытталған нақты қадамдар. Бұл жұмыстардың нәтижесі – тұрғындардың әл-ауқаты мен өмір сапасының артуында көрініс табары сөзсіз.
Рақымжан Сейдахметов,
«AMANAT» партиясы Қосшы қалалық филиалының атқарушы хатшысы
Оқи отырыңыз



Пікірлер (0)