НАШАҚОРЛЫҚТАН ЕМДЕЛУДІҢ ЖОЛЫ БАР
Қосшы жаңалықтары
74
Иә, өмірдің өткінші қиындығын еңсеру үшін есірткіге еліккендер көп. Есірткіні ең алғаш 18 жасында тұтынған кейіпкеріміз Арманай (өз өтініші бойынша есімі өзгертілген) оңалту орталығына анасы жетектеп келген. Оның нашақорлардың ортасына түсуіне құрбылары себеп болыпты. Сөзінше, жоғарғы оқу орнында оқып жүргенде, құрбылары «Қызық үшін көрейік. Бір көргеннен ештеңе болмайды, тәуелді болып кетпейміз» деп азғырған көрінеді. Өкініштісі, бірінші дәмін татқаннан -ақ, дәмі ұнап қалып, есірткіге еліккен жастың қатарынан шыға келді.
«Дәмін татқан соң, ұнатып қалғаным рас. Маған ләззат сыйлады. Сөйтіп, мен өзім іздеп тұратын болдым. Тәуелділік пайда бола бастады. Екі аптада бір, аптасына бір, кейін үш күнде бір қолдана бастадым. Тіпті, күн сайын қолданып, оны тұтынбасам тұра алмайтын күйге де жеттім. Өкінішке орай, нашақорлық түбі қорлық демекші, оқуымнан да шығып кеттім. Менің анам жалғыз басты ана. Еңбектеп тапқан нәпәқасын есірткіге жұмсап жүрдім», - деп өкінішпен өткен күнді еске алды Арманай.
Арманайдың анасы қызының есірткі тұиынатынын оның мінез-құлқы өзгеруінен байқаған. Күнімен жұмыс істеп, күнкөрістің амалымен жүрген ана жалғыз қызының нашақорлыққа тәуелді болғанын естігенде оны емдетуді қолға алған. Сөйтіп анонимді түрде перзентін диспансерге әкеліп, ем - дом қабылдай бастайды. Бастапқыда, ауырсыну белгілерін кетіріп, содан соң нарколог- психологтермен жұмыс жүргізеді. Екі жылдан кейін Арманай ауруынан толықтай айығады. Бүгінде біздің кейіпкер, тұрмысқа шығып, ана атанып отыр..
«Қазір менің екі перзентім бар. Аллаға шүкір, дер кезінде ем алғаныма, қиын сәтте жанымда болған анама алғысым шексіз. Қазір өзімде анамын. Балаларымның тағдыры үшін алаңдаймын. Бәрі бір қызық үшін көрейін дегеннен басталады екен ғой. Жолдасым менің бұрынғы өмірім туралы барлығын біледі. Бірақ біз балаларымызға , туыстарымызға ол туралы тыс жармаймыз деп келістік. Бұл құпияда қалды. Егер менің сұхбатымды оқып отырған қыз-келіншектер болса, өз өмірлеріңізге балта шаппаңыздар дегім келеді. Нашақорлықтан емделуге болады. Бірінші кезекте ол сіздің қолыңызда, және жаныңызда қолдайтын жандар болса, дертті жеңуге болады. Мұндай ортаға өзімнің балдарымның түспеуі үшін барымды саламын»,- деп кейіпкеріміз өз оқиғасымен бөлісті.
ЭЛЕКТРОНДЫ ШЫЛЫМҒА ШЫРМАЛҒАНДАР
Соңғы жылдары жастар арасында электронды темекі шегу үрдіске айналып барады. Көк түтінді түйдек-түйдек бұрқыратып, электронды темекіні ермек ететіндердің қатарында жасөспірімдер мен нәзік жандардың болғаны қынжылтады. Жасанды шылымға шырмалғандар электронды темекіні әдеттегі темекіге қарағанда зиянды емес деп біледі. Жастар бұл темекіге неге құмар? Өкінішке қарай, бүгінде жастардың көңіл көтерудің жаңа бір жолы электронды темекі болып барады. Мейрамхана, түнгі клубты былай қойғанда жасанды шылымды үйде отырып шегуді әдетке айналдырғандар да аз емес. Саябаққа шықсаң, қу темекінің құрығына түскен жасты да жасамысты да көресің. Үлкендер жасанды шылымды «темекіні тастау үшін шегіп жүрміз» деп ақталады. Бірақ, зерттеулер нәтижесі бойынша, электронды темекіні тартқан сайын, керісінше шылым шегуді аңсай түсесіз. Себебі, «сәнді» қондырғының құрамында никотин бар. Сондықтан ол шылым шегуді тастауға еш көмектеспейді. Ал санасы қалыптаспаған балалар «ваучерлердің» түрлі дәмі мен түтініне қызығып шегеді. Бірақ, қызығушылықпен шеккен дүние кейін тәуелділікке әкеліп соғады. Тіпті ата-анасы баласының мұндай зиянды заттарды қолданып жүргенін білмей де қалады. Себебі, электронды темекі шегіп келген баланың үстінен иіс шықпайды. Нарколог мамандардың сөзінше, электронды темекінің құрамына манго, жеміс-жидек, крем сияқты заттар қосылатындықтан жастарды тез баурап алады. Жалпы, темекі індеті – халықтың денсаулығына қауіп төндіретін ең ауыр кеселдің бірі болып саналады. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын темекі зиянынан 8 миллионнан астам адамның өмірі қиылады екен. Тағы бір ақпар. Елімізде келер жылы электронды темекі үшін салық көлемін көбейту көзделіп отыр. Бұдан өзге, Қазақстанның тауар өндірушілер мен экспорттаушылар одағы түтінсіз, никотині бар өнімдерге арналған ұлттық техникалық регламентті әзірлеп, қабылдау туралы ел Үкіметіне ұсыныс жолдаған. Құрамында никотин бар өнімдердің техникалық регламентін бекіту шарасы да жоспарланып отыр. Дана халқымыз «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деп текке айтпаған. Осы тұста, жаман әдетті жастар тез меңгеріп алатыны да белгілі. Жастардың санасын улайтын, жұртты адастыратын электронды шылымнан, нашақорлықтан іргемізді аулақ ұстағанымыз жөн. Жалпы жаман әдетті ермек қылған жас ұрпақ көк түтіннің шырмауында қалмасын деп тілейміз!Салтанат ЕСЕНҚҰЛОВА
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)