ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚ БЕЛЕҢ АЛДЫ
Қосшы жаңалықтары
359
Елімізде интернет алаяқтық дерегі белең алып барады. Заманауи технологияның тілін жетік меңгерген әккілердің құрығы ұзарып, алдап-арбау әдіс-тәсілдеріде күн санап артуда. Полиция мен банк қызметкері, қаржыгерлердің сан рет айтқан ескертулеріне қарамастан халық адал нәпәқасынан айырылып, алаяқтарға сан соғып қалып жүр. Оған басты себеп азаматтардың құқықтық сауаттылық деңгейінің төмендігі дейді мамандар. Әлемдік деңгейде басты мәселеге айналған интернет алаяқтыққа қарсы күрес шараларын Қосшылық құзырлы орган қызметкерлері де күшейткен.
Жыл басынан бері елімізде 18 мың интернет-алаяқтық қылмысы тіркелсе, соның 3 мыңы ғана ашылған. Технология дамыған заманда интернет-алаяқтық жай қылмыс түріне жатпайды. Себебі, қылмыскер Қазақстанда емес, шетелде отырып ісін тындыра беруі мүмкін. Мамандар шетелде жасалған істер бойынша ақпарат алу көп уақытты талап ететінін алға тартады. Сондықтан елде қылмыстың бұл түрі дер кезінде ашылмай жатыр.
Ал Қосшы қаласында ағымдағы жылы интернет алаяқтық бойынша 41 қылмыстық құқық бұзушылық дерегі тіркелген. Оның төртеуі ақталатын негіз бойынша қысқартылыпты. Сала жауаптыларының сөзінше, алаяқтар көбінесе телефон арқылы хабарласып, күдікті операция туралы хабарлайды немесе банктың жемқор қызметкерін ұстағалы жатырмыз, көмегіңіз керек деп хабарласатынын айтады. Осы тұста, құқықтық және қаржылық білімі жоқ азаматтардың басым бөлігі алаяқтардың құрбаны болып жатады. Қосшы қаласының тұрғындары арасында құқықтық сауаттылық мәдениетін қалыптастыру мақсатында бірқатар жобалар да қолға алынған. Бұл туралы толығырақ мәлімет алу үшін Қосшы қаласы прокуратурасының прокуроры Алпысбай Сатыбалды Мейіржанұлын әңгімеге тарттық.
«Өкінішке орай, қалада интернет алаяқтардың құрбандары көбейіп барады. Жыл басынан бері қалада мұндай қылмыстық құқықбұзушылықтың 41 фактісі тіркелген. Оның ішінде 7 қылмыстық іс өндірісте. Осы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында Қосшы қаласы прокуратурасының қызметкерлері түрлі жобаларды қолға алған. Бұл біздің шаһарда, тіпті біздің елде ғана емес әлем бойынша алаңдатып отырған мәселеге айналды. Жалпы, қалалық прокуратура тарапынан интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша түрлі жиындар өткізіліп, істі дер кезінде ашу тәсілдері қарастырылды. Сонымен қатар, облыстық бас прокуроры орынбасарының басшылығымен Қосшы қаласының әкімдігінде "Заң керуені" атты республикалық акциясы ұйымдастырылды. Мұндағы басты мақсат - халықтың құқықтық сауаттылығын жоғарылату , оларға тегін құқықтық көмек көрсету, шешімін таппаған мәселелер бойынша арыздар мен шағымдарды қабылдау. Аталған шара аясында жоғары оқу орындарында, ірі сауда орталықтарында, білім ұяларында азаматтарға қолданыстағы заң талаптарын түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. Осы тектес түсіндірме жұмыстары әліде жалғасын тауып келеді. Өз кезегінде, азаматтардың басым бөлігі көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алу, жер телімдеріне құжаттарды әзірлеу, тұрғын-үй кезегіне тұру, алимент өндіру, жалақы берешегін қайтару, саяжай аумақтарын элетр энергиясымен қамсыздандыру мәселелері бойынша ресми ақпарат алуға жүгінді. Заңгер кеңесіне жүгінгендер де көп болды»,- дейді прокурор Сатыбалды Мейіржанұлы.
Жалпы, интернет қылмыстардың әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Көбінесе осындай қылмыстар тауарларды онлайн сатып алу жолымен жасалынады екен. Мұндай әдіспен елде 6000-дай қылмыс тіркелген. Сондай-ақ, банк, құқық қорғау органдарының қызметкерімін деп жасалған алаяқтық ерекше алаңдатып отыр. Жыл басынан бері осы тәсілмен 3000-ға жуық қылмыс тіркеліп отыр. Спикердің мәліметінше, бұл мәселені шешу үшін азаматтар өзінің құқықтық - қаржылық сауаттылығын арттыру қажет. Ақпараттық технологиялар дамыған заманда өз құқығын оқып білуге мүмкіндік те көп,- дейді ол.
Қазір еліміздің бас прокуратурасының ресми сайтынан алаяқтардың құрбаны болмау үшін қажетті мәліметтің барлығы жарияланып тұрады. Қосшы қалалық прокуратурасының прокуроры бейтаныс адамдарға банк карталарының деректері мен адамның жеке басын куәландыратын мәліметтерді бермеуге, интернет арқылы қандай да бір зат алмай тұрып, алдын ала төлем жасамауға кеңес береді.
«Тағыда, ескертеміз, онлайн сауда жасайтын кезде күмәнді транзакциялардан бас тартыңыз. Банк картасының деректерін, шот номерін және қауіпсіздік кодын бөтен адамға бермеңіз. Мұндай ақпаратты банк қызметкерлері немесе құзырлы орган мамандары сұрамайды. Бұл жеке мәлімет. Банктердің күмәнді сілтемелерін мүлде ашпаңыз. Күмән туғызған сілтеме бойынша кіріп, ол жерге жеке мағлұматтарыңызды енгізбеңіз. Танымайтын адамға ақша аудармаңыз. Егер банк картаңыздан ақшаны заңсыз алып қойса, дереу банкке немесе полицияға хабарласыңыз», – деп ескертті Қосшы қаласы Прокуратурасының прокуроры Сатыбалды Алпысбай.
Расында, құқықтық мемлекетке қадам басқан шақта қоғамға саналы адам қалыптастыру - еліміздің басты міндеттерінің бірі. Осы тұста халықтың құқықтық санасы мен құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды рөл атқарады. Әділетті қоғам орнатудың басты алғышарты заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Сол себепті Қосшы қаласының құқық қорғау органдары да халықпен тікелей байланыс орнатып, қоғамдағы ең өзекті мәселелермен танысып, олардың заң аясында шешімін табуына ықпал етіп отырады. Мамандардың сөзінше Қосшылық тұрғындар қылмыстық, азаматтық, әкімшілік іс бойынша тегін заңгер қызметіне жүгінуге мүмкіндіктері бар.
Азиза Өтеулиева
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)