«Жайдарманның» жайсаңдары жиналды
Қосшы жаңалықтары
237
Қосшыда алғаш рет Тәуелсіздік күні қарсаңында “Жастар ресурстық орталығының” ұйымдастыруымен қала әкімінің кубогын сарапқа салған «Жайдарман» республикалық ойындары өтті. Әзілкештер додасына Қазақстанның өзге өңірлерінен іріктеуден өткен 10-нан астам команда қатысты. Қоғамда көрініс тапқан оқиғалар мен түйткілді мәселелерді астарлы әзіл-қалжыңмен жеткізуге тырысқан кұрамалар жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетті. Сонымен Қосшы қаласы әкімінің кубогіне қай команда лайықты деп танылды?
Қосшы қаласында алғаш рет ұйымдастырылған республикалық “Жайдарман” ойындары еркін форматта өткізілді. Түрлі қала мен облыстан келген азаматтар өз өңіріндегі жауыр болған мәселені әзіл арқылы астарлап тілге тиек етті. Шараның басты мақсаты - Қосшы шаһарындағы жастар саясатын жүзеге асыру, жастардың бойында мәдениеттілік, рухани адамгершілік, өнерге деген шығармашылық ізденістерін дамыту, сондай-ақ дарынды жастарға қолдау көрсету.
"Қосшы қаласы әкімінің кубогі "Жайдарман" ойындарын республикалық деңгейде ұйымдастырып жатырмыз. Біз мұндай ауқымды жобаны алғаш рет қолға алып отырмыз. Сайыстың қазылар алқасына "Жайдарман" ойындарының жұлдыздарын арнайы шақырттық. Бұл ойынға қатысуға република көлемінде жалпы 15-тен астам өтініш келіп түскен болатын. Біз арнайы іріктеу кезеңін өткізіп, 13 команданы алып қалдық. Оның ішінде Ақтөбе, Маңғыстау және Түркістан облысынан, Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау және өзіміздің Қосшы қаласынан командалар бақ сынасып жатыр",- деді әзілкештер додасының ұйымдастырушысы Ақылбек Данабекұлы.
Жайдарманның ең басты ерекшелігі — өз шығармашылығына өмірдегі, саясаттағы, жалпы қоғамдағы болып жатқан құбылыстарды өзек етуінде және де халықтың заманауи сұранысының талаптарына сай болуында. Сахна мәдениеті мен шеберлік, би, ән, мимика, сөйлеу мәнері, ой ұшқырлығы сияқты өнер атаулының түрлі жанрларын қамтитын аталмыш ойын тек шығармашыл жастардың орталығы. Бұл байқау тек сәлемдесу сайысынан тұрады. Қосшыда алғаш рет қолға алынған "Жайдарман" ойындары фестиваль стилінде өтті.
Әзілімен өнерін ортаға салғандардың бірі Қосшылық жастардан құралған команда. Жас қаланың намысын қорғаған жалғыз құраманың атауы "Люкс - Қосшы". КВН командасының капитаны Нұрбеков Бекжан Бейбітұлының сөзінше, жуырда ғана құрылған жас командада 5 жігіт өнер көрсетеді. Барлығыда осыған дейін "Жайдарман" ойындарына қатысқан.
"Біздің команданың ашылғанына көп болған жоқ. Біз "сәлемдесу" кезеңіне дайындалдық. Қосшы қаласының алғашқы КВН командасы болғандықтан, шаһарымыз туралы көптеген әзіл болады. Және бұл ойында біз жаңа стильді қолдануды жоспарлап отырмыз. Команданың ерекшелігі біздің командада түрлі образды да келтіреміз. Осыған дейін біздің жас құрама командамыз Көкшетауда өткен "Жайдарман" ойындарында өнер көрсетіп, 2 орын алған болатынбыз. Әрине, бұл жолы сайыста біздің құрама жеңістен үмітті",- деді "Люкс - Қосшы" командасының капитаны Бекжан Бейбітұлы.
Жайдарман сүйер жанкүйерлер залға лық толы отырғанымен көңілдері жай боп, ойыннан ерекше әсер алғандары көрініп тұрды. Әрбір көрермен өздері ұнатқан командаларына шынайы шапалақ ұрып, қолдау көрсетті. Ал жастардың өнерін танымал актер, әзілкештерден құралған қазылар алқасы бағалады.
ӘКІМ КУБОГІ КІМГЕ БҰЙЫРДЫ?
Финалда өнер көрсеткен команда қатарында ең кішкентайы мектеп оқушыларынан құралған Маңғыстаулық “Мәмпәси” командасы. Жайдарман тобы жас ерекшелігіне қарамай өтімді әзілімен көрерменді күлкіге қарық қылды. Ойын қорытындысы бойынша бірінші орынды, яғни Қосшы қаласы әкімі Гайдар Қасеновтың кубогін Алматы қаласынан келген "Ақпен бірге" құрамасы қанжығасына байлады. Ал екінші орынды Ақтөбе қаласы “регион 04” және Ұлытау облысынан келген “Қазақстан қалалар құрамасы” жеңіп алды. Жүлделі үшінші орынға Түркістан облысы “Отырар қыздары” командасы лайық деп танылды.. Бұдан өзге, “Мәмпәси" құрамасы үздік ойыншы ретінде арнайы сыйлықпен марапатталды.
"Көңіл күй тамаша. Біз тәжірибелі жоғары лига командасы болсақта, мұнда тартысты ойын болды. Өзімізде уайымдап қалдық. Барлық команда жоғары деңгейде өнер көрсетті. Қосшының көрермендеріне көп рақмет. Жұмыс күні болғанына қарамастан, соңына дейін ойынды тамашалап қолдау білдірді. Жастарға, оқушыларға, қала тұрғындарына, жалпы "Жайдарман" ойынын өткізген ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Командаға берілген қаржылай сыйақыларыда жақсы. Қосшы жас қала болсада, ойын жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жалпы әкімдікке, "Жастар ресурстық орталығының" ұжымына көп рақмет",- деді жеңімпаз "Ақпен бірге" командасының мүшесі Райхан Балтабай.
Алматылық "Ақпен бірге" құрамасы нәзік жандардан құралған команда астарлы әзілімен Қосшылық көрерменнің көзайымына айналды. Олар Жайдарман ойындарында бес жылдан бері өнер көрсетіп жүр. Ал жоғарғы лигаға жолдама алғандарына үш жыл болыпты. Алдағы жоспарға сәйкес, бойжеткендер жаңа маусымдағы ойынға дайындықты бастайтынын айтуда.
"Алдағы уақытта жаңа маусым ойындары басталады. Әкім кубоктары да жаңадан ұйымдастырылатын болады. Сол бойынша қалаларды аралауға дайынбыз. Жалпы Қосшы қаласында "Жайдарман" ойыны алғаш рет өтіп жатыр екен. Барлығы жоғарғы деңгейде өтті. Әсіресе көрермендері астарлы әзілді түсініп, қолдауы ерекше болды",- деді Қосшы қаласы әкімінің кубогін жеңіп алған команда мүшесі Лаура Рахымбаева.
Бар жанарды жаулаған «Жайдарман» ойындары Қосшыда алдағы уақыттада ұйымдастырылатын болады. Қосшы жас қала болғандықтан, әзірге республикалық додаға тек бір КВН құрамасы қатысып отыр. Жастар ресурстық орталығының директоры, алдағы уақытта команда санын көбейтуді жоспарлауда. Ақылбек Данабекұлы арнайы дайындық жұмысын да күшейтетінін алға тартуда. Сонымен қатар, келер жылы Қосшыды ашық лига ойындары басталады деп күтілуде.
Салтанат ЕСЕНҚҰЛОВА
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)