ҚОСШЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ДАМУ ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ
Қосшы жаңалықтары
211
Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қабдоллаұлы Қасенов қала тұрғындарымен кездесті. «Дара» бизнес академиясында өткен есепті жиында қала басшысы биылғы жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алға қойылған жоспарды да баяндады. Әкімнің айтуынша, бизнес және мемлекет тарапынан бөлінген инвестицияның арқасында Қосшының экономикалық көрсеткіші артқан.
Атап өтсек, 2022 жылдың 11 айында қаладағы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 6,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 122 пайызға өссе, негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 26 млрд. теңгеге жеткен. Тиісінше, ауданы 88 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалаунға беріліп, бұл көрсеткіштің өсімі 142 пайызды құраған. Сондай-ақ, қаладағы құрылыс монтаж жұмыстарының көлемі 8,9 млрд., бөлшек сауда көлемі 3,3 млрд. теңгені құраса, он айда 627 жаңа жұмыс орны құрылған.
- Жеке инвестициялардың арқасында «Мечта» сауда үйі, «Смолл», «Магнум», «Технодом», «Светафор» супермаркеттері, «ZETA» жиһаз дүкені, «KFS» жылдам тамақтану мейрамханасы ашылды. Республика күніне орай, кәсіпкерлер өз қаражаттары есебінен қаланың кіреберісіне Стелла орнатты. Биыл ұзындығы 16 шақырымды құрайтын қалаішілік жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Абылай хан, Жангелдин, Зайсан көшелеріне 2,7 шақырым көше-жол желісі төселді. Ұзындығы 4,6 шақырымды құрайтын Республика көшесіне орташа жөндеу және 10 шақырымды құрайтын 8 көшеге тас төгу, гредерлеу жұмыстары жүргізілді. «Лесная Поляна» тұрғын үй алабы аумағында 10 мың шаршы метр көлемінде кварталішілік жолдарға шұңқырлы жөндеу жүргізіліп, 1000 метр суағар науалары жабдықталды. Жыл сайын осы суағардың жоқтығынан көшелерді су алып, қоғамдық көліктердің қозғалысына қиындық тудыратын. Ал, биыл күзгі жауын-шашын кезінде мұндай мәселе орын алған жоқ, - деді қала әкімі өз сөзінде.
Қала басшысының сөзіне сүйенсек, биыл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында да бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап өтсек, шаһардағы орталық қазандыққа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Даймонд парк» тұрғын кешені бойынша қазандықты күтіп ұстау және қызмет көрсету бойынша жеке компаниямен меморандум түзілген. «Жайлау Сити», «Табыс құрылтай» «Сиреневый сад» тұрғын үйлеріне қазандықтар орнатылып, «Шоколад», «Табыс құрылтай» тұрғын үй кешендерінің тұрғындары тұтынатын электр жарығының төлемақысы 33 теңгеден 22 теңгеге арзандатылған. Жалпы, қаладағы барлық әлеуметтік нысандар орталық жылумен қамтылып, жаңадан ашылған мектепте автономды жылыту жүйесі іске қосылған. Бір сөзбен айтқанда қыс жылыту маусымы тұрақты бақылауда. Оған қоса, тұрғын алаптарын сыртқы электрмен жабдықтау желілерінің ақаулықтарын жою, кварталішілік электрмен жабдықтау желілері мен толық трансформаторлық қосалқы станцияларды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кейбір тұрғынүйлердің су тарату желілерінен судың ағып кетуін жою, үй желілеріндегі сүзгілерді тазарту арқылы сумен жабдықтау мәселелері шешілген. 7 балалар алаңы қолданысқа берілсе, 5 балалар алаңын орнату жұмыстары келер жылдың көктемінде аяқталмақ.
Тағы бір айта кетерлік жағдай – біршама уақыт бойы қаланың қоқысын шығару күрделі проблема болып келген. Дегенмен, бұл мәселе биыл қолға алынып, мәслихат шешімімен тариф бекітіліп, мердігер де анықталған. Енді барлық қоқыс мамандандырылған полигондарға орталықтандырылып шығарылатын болады. Сонымен қатар, мердігер мекеме тарапынан 200 жаңа контейнер сатылып алынған. Яғни жыл соңына дейін ескі контейнерлер жаңартылады. Биыл қалада 140 контейнері бар 70 контейнерлік алаң орнатылса, келер жылы тағы 140 контейнерлік алаң орнату жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда үш ауысымды және апаттық жағдайдағы мектептерді жою, тұрғындарды мәдени-спорттық және медициналық орталықтармен қамтамасыз ету мәселесін шешу де мемлекеттің басты назарында. Тұрғындармен кездесу барысында қала әкімі бұл тақырыпты да қозғап өтті.
- Үш ауысымдық оқыту мәселесін шешу мақсатында биыл 1 қыркүйекте Желтоқсан көшесінен 1200 орынға лайықталған жаңа мектеп ашылды. Алдағы жылы тағы екі бірдей мектептің құрылысын аяқтап, іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда үш мектептің құрылысы жүріп жатыр. «Жайлы мектеп» аясында тағы үш мектептің құрылысы басталады. Бір мектеп жеке инвестициялық қаржыландырумен салынуда. Күн сайын 100 адамды қабылдауға қабілетті емхананың құрылысы аяқталды. Ол 20 желтоқсан күні іске қосылмақ. Сонымен қатар, жеке қаржыландыру есебінен қоғамдық мәдени-спорттық орталық салу жоспарланып отыр. Ал, келер жылы спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы басталып, өрт сөндіру қызметі ғимаратының құрылысы аяқталады. Өрт сөндіру бөліміне 4 техника алу жоспарланған, - деді ол.
Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласын дамыту – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екендігін айтқан болатын. Осыған орай қазір елімізде көптеген медициналық нысандар салынып, халықтың денсаулығын жақсарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Тиісінше, жуырда Қосшы қаласында да жаңа емхана пайдалануға берілмек.
Сондай-ақ, есептік кездесуде тұрғындар тарапынан түрлі өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, қала басшысы мен әкімдік қызметкерлері жауап берді. Мәселен, жиын барысында көшеде жүрген қараусыз иттердің тұрғындарға қауіп төндіретіні айтылып, жауапты мамандар бұл жағдай жіті бақылауға алынатынын жеткізді. Одан бөлек, әкім Қосшы қаласына көгілдір отын беру жұмыстары жайында айтып өтті. Оның сөзіне сүйенсек, Астанадағы газ беру нүктесінің мәселесі шешілсе, қолға алынған жоба жалғасын тауып, 2-3 жылдың көлемінде қосшылықтар табиғи газға қол жеткізетін болады. Сонымен қатар, жаңадан қала статусын алған Қосшыда жедел жәрдем, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау салаларында да бірқатар жұмыстар атқарылады. Өз кезегінде бұл бастамалардың барлығы мемлекеттің «тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру» саясатын жүзеге асыруға бағытталып отыр.
Жиын соңында кездесуге келген тұрғындар қала әкімінің есебіне оң баға беріп, есепті жиын жеке қабылдауға жалғасты. Кездесу әкімдіктің ресми әлеуметтік парақшалар арқылы онлайн эфирден де көрсетілді. Ал кездесу толығымен мемлекеттік тілде жүргізілді. Айта кетейік, жуырда ғана Гайдар Қасенов Ақмола облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде қаланың 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берген болатын.
Азамат ЖАППАР
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)