Эльвира Азимова: Конституциялық комиссияның алдында айрықша миссия тұр
Фотосурет: Консультациялық сот
Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимова Астанада өтіп жатқан Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында аталған реформаның басты мақсаттары мен міндеттерін атады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
«2025 жылғы 8 қыркүйекте Президент «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында жасанды интеллект дәуірінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі оң ықпал ететін жаңа саяси реформаны жариялады. Мемлекет басшысы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде елімізде бір палаталы Парламент құру бастамасын көтерді. Өздеріңізге белгілі, парламенттік реформаны әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы 2025 жылғы қазан айынан бастап белсенді жұмыс атқарды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен сарапшылар, саяси партиялар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Осы уақыт аралығында жұмыс тобы барлық ұсынымдарды мұқият зерделеп, жүйеледі, сондай-ақ азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды жан-жақты талдады. Азаматтар өз ұсыныстарында тек бір палаталы Парламент мәселесін ғана көтерген жоқ. Осыған орай, Мемлекет басшысы Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы шешім қабылдады», – дейді Эльвира Азимова.
Конституциялық сот төрағасы қазірге дейін екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта Жұмыс тобының мүшелерінен бөлек, азаматтардан екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін ерекше атап өткен жөн. Кеңейтілген құрамдағы Конституциялық комиссияның құрылуы осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстың қисынды жалғасы, сондай-ақ бірнеше айға ұласқан пікірталастар барысында қалыптасқан ауқымды қоғамдық сұранысқа берілген жауап болды. Президент ұсынған мемлекеттік билікті бір палаталы Парламентке – Құрылтайға өткізу, Халық кеңесін құру, Вице-Президент лауазымын енгізу және басқа да мәселелер жан-жақты әрі кешенді түрде зерделеп, пысықтауды қажет етеді. Қазақстан Республикасы саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басуда. Мемлекет басшысы әрі қарайғы дамудың институционалдық тепе-теңдікті нығайту, заң шығарушы биліктің тиімділігін арттыру, тежемелік тепе-теңдік жүйесін күшейту, сондай-ақ қоғамның мемлекеттік басқаруға қатысуын қамтамасыз ететін конституциялық механизмдерді жаңарту арқылы ғана мүмкін екенін айқын атап көрсетті», – дейді Эльвира Азимова.
Пікірлер (0)