Еңбегі көптің өнбегі көп

Редакция таңдауы
view 166
news

Жергілдікті атқарушы органдар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру және тұрғындардың билікке деген сенімін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз ету мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Әлеуметтік желілерде әкімдіктердің, тиісті қызметтердің жеке аккаунттары тіркелген (Facebook, Инстаграм) және олар жүйелі түрде жұмыс істеп тұр. Аталған парақшалар тұрғындарға қажетті ақпарат алуға және олардың сауалдарына жедел жауап қайтаруға оңтайлы. Осыған орай, Қосшы қаласы әкімшілік ғимаратының бірінші бюрократтық кедергілерді азайту, қызмет көрсету процестерін оңтайландыру мақсатында «Ашық әкімдік» жобасы іске қосылған. Бұл атқарушы билік пен қара халықтың өзара қатынасын күшейте түседі. Сонымен қатар, бекітілген кестесіне сәйкес, қала әкімі мен оның орынбасарлары әр апта сайын тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдайды. Одан бөлек, әр тоқсан сайын елдімекен тұрғындарымен кездесу өткізіліп, қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп беріледі. Есептік кездесулерде тұрғындарды толғандырып жүрген өзекті мәселелер талқыланып, олардың шешілу жолдары қарастырылады. Қалыптасқан дәстүрдің жалғасы ретінде өткен жұма күні қала басшысы Гайдар Қасенов Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылының тұрғындарымен кездесіп, есеп беру жиналысын өткізді. Ол үшін 600 адам еркін сыятын ІТ мектеп лицейінің мәжіліс залы таңдап алынды. Гайдар Қабдоллаұлы Қосшы қаласы өз статусын алғалы өзекті 5 бағыттағы жұмысқа басымдық бергенін атап көрсетті. Бірінші – мектеп мәселесі. 2021 жылы қалада 3 мектеп болған. Кейін тұрғындар саны өсуіне байланысты мектеп тапшылығы туындап, балаларды үш ауысыммен оқытуға тура келді. Бұл проблеманы шешу үшін 2022 жылы 1 200 орындық бір жаңа мектеп ашылды. Дәл қазір Қосшыда үш мектеп салынып жатыр, оның екеуінің құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдар кезеңінде 3 мектеп салу жоспарланған. Бұл білім ошақтарындағы шамадан тыс жүктемені азайтып, үш ауысымдық оқу жүйесін жоюға септігін тигізбекші. «Денсаулық сақтау саласында да жағымды жаңалықтар бар. Қосшы қаласында бір ауысымда 100 адамды қабылдауға арналған емхана жұмыс істей бастады. Қазіргі уақытта оған 12 мыңға жуық адам тіркелген, одан бөлек, 350 орынды аурухана салу үшін жер учаскесі қарастырылуда» деді әкім. Екінші – ауызсу. 2021 жылы қалада ауызсу тапшылығы өте өзекті еді. Себебі жерасты құбырларының істен шығуынан су қысымы төмендеп, жоғары қабаттағы үйлерге жеткізу қуаты жетіспеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен Қосшы су мекемесі мамандарының бірлесіп атқарған жұмыстарының арқасында бұл бағытта да оң нәтижиелер бар. Жүргізілген жұмыстар су тұтынуды тәулігіне 2021 жылға қарағанда 2 мың текше метрге азайтуға мүмкіндік берді. «Қазіргі кезде ауызсумен қамтылмаған учаскелерде сумен жабдықтау желісін салу бойынша жобаның 4-кезегін іске асыру басталды. Өткен жылы 29 шақырым сумен жабдықтау желілері салынып, екі көше орталықтанған су жүйесіне қосылды. Биыл 50 шақырым сумен жабдықтау құбырлары салынуда. Жоба бойынша желіге 2,5 мыңнан астам тұрғын үй қосылады», деп сөзін тыянақтады Г.Қасенов. Әкімнің айтуынша, кәріз желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізілуде (20,6 млн теңге), істен шыққан сорғыларды жылдам ауыстыру үшін 60 қосалқы сорғылар орнатылған (85,8 млн. теңге). Үшінші – жол. Қаланың жалпы ішкі жол ұзыңдығы – 185 шақырым.Гайдар Қабдоллаұлының айтуынша, 2021 жылы 77 шақырым жолда асфальт төсемі болса, 2 жылдың ішінде бұл көрсеткіш 101 шақырымға жетіп, 23 көшеде жұмыстар жүргізілді. Жыл соңына дейін 7 шақырым жолға асфальт төсеу жоспарланған. Тұрғындардың сұранысы бойынша Қосшы қаласы және Қабанбай Батыр ауылы аралығында 19 шақырым жол салынды, 2 бағдаршам орнатылды. Жол жиегі бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жаңа шамдар ілінді. Сонымен қатар ұзындығы 10 шақырым көшеге қиыршық тас төселді және грейдерлеу жұмысы жүргізілді(100 млн. теңге). 2023 жылы жалпы ұзындығы 16 шақырым жол салынады. Грейдерлеу жұмысы 8 шақырым жолды қамтиды. «Лесная Поляна» тұрғын үй алабы аумағында 10 мың шаршы метр көлемінде кварталішілік жолдарға шұңқырлы жөндеу жүргізілді және 1 мың метр арық жүйесі салынды (82 млн теңге). Қалада барлығы 42 автобус аялдамасы бар. Былтыр13 аялдама павильоны, 1 жылы аялдама жеке кәсіпкердің есебінен орнатылды. Алдағы уақытта 24 аялдама павильоны орнатылады. Төртінші – қоқыс мәселесі. «Қосшылықтар тарапынан көтерілетін ең маңызды мәселенің бірі – тұрмыстық қалдықтарды шығару және белгіленбеген орындарда қоқыстың төгілуі. 2021 жылы мониторинг нәтижесі көрсеткендей, қаламызда 49 заңсыз қоқыс алаңы болды. 4 айдың көлемінде оның 18-ін жойып, 2022 жылдың аяғына дейін тағы да 24 заңсыз қоқыс алаңын тазарттық. Қазіргі таңда қалған 7 заңсыз қоқыс алаңын жою бағытында жұмыстар жалғасуда. Тазалық – өзімізден басталады. Бұндай мәселеге келгенде, бірлесе жұмыс атқару аса маңызды», дейді Гайдар Қасенов. Былтыр қаламызда 70 контейнерлік алаң және 140 контейнер жәшігі орнатылды. Биыл тағы да 30-дан аса жабық контейнерлік алаңды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер мекеме тарапынан осы бағыттағы жұмыстарды қарқындату үшін 100 млн теңге сомасына инвестиция тартылуда. Қосымша 1 техника сатып алынып, 10 адам жұмысқа қабылданды. Қазір коммуналдық кәсіпорынның құрамында 6 техника және 15 адам еңбек етуде. Бесінші – құрылыс. «Қосшы қаласында әлеуметтік маңызы бар нысандар қарқынды бой көтеріп келеді. Жыл аяғына дейін жалпы құны 1,1 млрд теңге болатын өрт сөндіру қызметі ғимаратын салу, 4 автокөлік сатып алу және 6 пәтерлік жатақхана құрылысын аяқтау көзделген. Сондай-ақ келесі жылы спорттық-сауықтыру кешенін пайдалануға жоспарланған. Оның да құны 1 млрд тг-дан асады. Бұдан бөлек, биыл жеке қаржыландыру есебінен 600 шаршы метр аумақты қамтитын қоғамдық мәдени-спорттық орталық салу ойластырылған. 2024 жылы Қосшы қаласында жалпы сомасы 1,7 млрд теңге болатын Мәдениет үйінің құрылысы басталады», деді қала әкімі. Қалада мәдениет, өнер, руханият, жастар саясаты, спорт бағытында көптеген жобалар жүзеге асып жатыр. Ардагерлер, ақсақалдар, аналар кеңестері толықтай жұмыс атқаруда. Мемлекеттік «Артспорт» бағдарламасы арқылы 17 спорттық және 13 мәдениеттік бағыттағы орталықтар жұмыс істейді. Онда 5 мыңға жуық жасөспірім өнер үйреніп, спортпен айналысып, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсетуде. Тағы бір қуантарлық жаңалық, маусым айында Балалар мен жасөспірімдер спорттық мектебі ашылмақшы. Ол жаңа оқу жылында балаларды қабылдай бастайды. Спорт түрлері тұрғындардың сұранысы бойынша анықталуда. Мұның бәрі Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауыл тұрғындарының мәдениеті мен өнерін, бұқаралық спортын дамытуға салынып жатқан үлкен инвестиция деуге болады. Ал бұл инвестицияның өзін толық ақтайтынына сеніміміз мол. Себебі Қосшы қаласы облыстық «Ақмола жұлдыздары» халық шығармашылығы байқауында екі жыл қатарынан Гран-при иеленді. «Өткен жылдарда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша атқарылған нәтижелі жұмыстарды атай кеткен жөн болар. Тұрғындар демалатын орындарды көбейту, қаламыздың келбетін көркейту шаралары назардан тыс қалмайды», деп атап өтті Гайдар Қасенов. Мәселен, Р.Қошқарбаев мектеп аумағында алғашқы саябақ абаттандырылған. Әкімдік тағы да бірқатар саябақтарды абаттандыру жоспарлаған. 2023 жылы – Депутаттар алаңы, 2024 жылы – Республика-Қалдаяқов көшелер қиылысы, сонымен қатар «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенін абаттандыру жұмыстары жүргізіледі (207,8 млн теңге). Өткен сәуір-мамыр айында мыңға жуық ағаш отырғызылды. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бері су айдыны аумақтарында маса мен шіркейді дезинсекциялау жұмыстары басталып, қазіргі уақытта тұрғын үйлердің маңайы мен көшелерді өңдеу шарасы жүргізілуде. Былтыр 12 балалар алаңы орнатылды (101,6 млн теңге). 6 балалар алаңы бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімі өткізілуде («Лесная Поляна» тұрғын үй алабы: 2, 8-9, 10, 11, 22 және Тайтөбе ауылында). Қала басшысы жылу беру маусымына қатысты да толымды ой қозғады. «Былтыр Қосшы қаласының орталық қазандығы агрегаттарына жөндеу жүргізілді. Соның арқасында жылу беру маусымын қалыпты деңгейде аяқтадық. Енді уақыт күттірмей келесі жылу беру маусымына дайындықты бастап кеттік. Бұл шараларға 388 млн теңге қаражат бөлінді», деді Г.Қасенов. Әкім «Табыс құрылтай» «Сиреневый сад» тұрғын үйлерге қазандықтар орнатылғанын айтты. Сондай-ақ «Даймонд парк» тұрғын кешені бойынша қазандықты күтіп ұстау және қызмет көрсету бойынша «Джалгасбаева» жеке кәсіпкерлігімен меморандум жасалған. Қаланың көптен күрмеуі шешілмей келе жатқан түйінді түйткілдерінің бірі – электр желісі. Естеріңізде болса, 2022 жылға дейн электр желісінің тозығы жетуі себепті жылына шамамен 20 ретке дейін электр жарығы өшіп қала беретін. Ағымдағы жөндеулерден кейін аппаттық өшірулер 3 есеге дейін азайған. 18 көшеде жарық шамдары қайта қосылып, 1 000-нан астам жарық нүктелері орнатылды. 24 көшеде 500 жарық нүктесі ауыс- тырылды, осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. «Шоколад», «Табыс құрылтай» тұрғын үй кешендерінің тұрғындары электр жарығы өтемі бойынша заңды тұлғадан жеке тұлғаға ауыс- тырылды (33 теңгеден 22 теңгеге дейін). Өңір басшысы Гайдар Қасенов Тайтөбе ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуы да жіті назарында екенін еске салды. Мұнда да проблема аз емес, бірақ соның ішінде жол мәселесі жағадан алып тұр. «Тайтөбе ауылының да әлеуметтік-экономикалық дамуы жіті назарымызда. Оларды ең қатты қинайтыны – жол мәселесі. Ауылдың ішкі жол ұзындығы 40 шақырым, ол 51 көшеге бөлінген. Мұның 7 шақырымы асфальтталған. Дәл қазір жалпы ұзындығы 8 шақырым жол салынып жатыр. Грейдерлеу жұмысы 1,3 шақырымды қамтыды», деді Гайдар Қабдоллаұлы. 2022 жылы Тайтөбеде 250 көше шамдары орнатылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 3-ші шағын аудан мен 3а кварталында 70 үйге электр жарығы қосылды. Көше жарықтарын қосу бойынша АРЭК-пен келісімшарт жасасу толықықтай аяқталған. 2023 жылы екінші кезеңдегі жұмыс жоспары бойынша 1, 2 және 4-шағын аудандардағы кейбір көшелерді электр қуатымен қамтамасыз ету көзделген (351,4 млн теңге бөлінді, «Тараз Энерджи»). Әкім есебінен кейін тұрғындар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын жолдап, тиісінше жауаптарын алды.

Дәулет АСАУ

«Jańa Bastau» газетінен алынды

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *