Бірінші – қазақпыз, содан кейін – мұсылманбыз!

Редакция таңдауы
view 555
news

Қазақ мемлекетінің тәуелсіздік алғанына, міне, отыз екінші жылға қарады. Бодандықтан құтылған осынау мерзім ішінде еліміз еңсесін түзеп, өшкеніміз жанып, өлгеніміз ортамызға тіріліп келгендей күй кештік: халқымыз Кеңестер Одағының кесірінен көмескі тарта бастаған салт-дәстүрін, әдет-ғұрыпын, тілі мен дінін жаңғыртып, ата-бабамызбен үзіліп қала жаздаған рухани сабақтастықты қайта жалғауға көштік. Өкінішке орай, осы жақсылықтармен бірге қоғам өміріне кейбір жағымсыз үдерістердің де дендеп еніп бара жатқанын кеш байқадық.

Жат ағым

Қазақ елі тәуелсіздігін алғаннан кейін мемлекет ішіне көптеген теріс бағыттағы діни ағымдар мен радикалды ұйымдар ене бастады.Олар еліміздегі 70 жылдық атеистік дәуірден кейін қалыптасқан рухани бос кеңестікті және халықтың діни сауатсыздығын пайдаланып, өз ілімдерін еркін түрде насихаттай бастады. Егемен жылдар аралығында Ақтөбе, Астана, Атырау, Тараз, Алматы қалаларында жан түршігерлік бірнеше террористік актілер орын алды. Бұны ваххабилік, сәләфилік ,жихадшылық жолындағы адасып жүрген азаматтарымыз ұйымдастырды. Осындай жолда жүрген адамдардың басты мақсаты – «Әлемдік Ұлы халифат», яғни бүкіл мұсылман мемлекеттердегі зайырлы билікті құлатып, оның орнына шариғатқа негізделген теократиялық мемлекет құру. Қазақ мемлекетінде осындай мақсаттарды алға қойған көптеген террористік ұйымдарға әрекет етуге тыйым салынған. Олардың қатарында «Хизб-ут Тахрир» партиясы да бар. «Хизб-ут Тахрир» өзін «Ислам идеологиясы болып табылатын саяси партия» деп жариялады. Партияның негізгі мақсаты – әлемдік Халифат құру. Бұл мақсатқа жету үшін олар 3 негізгі жылдан өтпек: 1) «Хизб-ут Тахрир» қоғамдастықтарын құру. Партия мүшелері партияның барлық мақсаттарын қолдап, бұл мақсаттарға жету үшін еңбек етпек; 2) Мұсылмандар арасында Халифат және басқа ислам концепциялары жайлы қоғамдық пікірді қалыптас- тыру арқылы исламдық ойлауды жандандыру; 3) Партия аталған идеялар насихатталып, көпшіліктің санасына сіңірілген жағдайда зайыр- лы үкіметті орнынан алып тастау жеңіл болады, мемлекеттің қарулы күштер армиясының қолбасшылары, жоғарғы шенді генералдар, көшбасшылар өздеріне қолдау көрсетеді, жаңа ислам үкіметі орнайды деп үмітттенеді. «Хизб-ут Тахрирдің» ұғымы бойынша, ислам дінінде басшылар сайлау деген болмау керек, яғни демократияға қарсы.Тақиуддин әл Набхани өзінің «Демокраия – бұл күпірліктің белгісі» деген кітабында адамдардың сайлауға қатысуын қаламайтынын және мемлекеттің мәжіліс, парламент сайлауын өткізуін жоққа шығарды, оны дұрыс емес деп есептейді. Партияның ұғымы бойынша ислам ешқандай бостандықты, әсіресе жеке бас- тың бостандығын мойындамайды. Бүлікшіл партияның осы сияқты теріс әрекеттері біздің еліміздің көптеген өңірлерінде байқалады. 2005 жылғы 28 наурыздағы Астана қаласы сотының шешімімен «Хизб-ут Тахрир» ұйымы экстремистік деп танылып, Қазақстан Республикасының территориясында қызмет етуге тыйым салынды. Бірақ бұл ұйым жасырын түрде өз насихаттарын елімізде әлі де жалғастырып жүр. Оларға еліктейтіндер де бар. Бүгінгі күні әлем елдеріне секта деп танылған әрі қауіпті діни саяси ағымдардың тағы бірі –Уаhhабшылар. Бір күні Мухаммед пайғамбарға Шам,Иемен және Нежд елдерінен адамдар келеді. Олар Мұхаммедке «елдеріне Алладан жақсылық тілеші» деп айтқан еді, сонда Пайғамбар Иемен және Шам елдеріне «Алланың нұры жаусын!» деген еді. Нежд елінен келген адамдар ашуланып: «Біздің елге неге аманшылық тілемедіңіз?» деген сұрақ қояды. Мұхаммед «жоқ» деді. Ол сол кезде осы Нежд жерінен болашақта шайтанның мүйізі шығатынын айтқан еді. Пайғамбардың айтқаны келді.18-ғасырда Сауд Арабиясының Нежд өлкесінде уахабшылық ағымының негізгі қалаушысы Мұхаммед ибн Әбд әл Уаhhаб ибн Сүлеймен дүниеге келді. Сондықтан бұл ағым уахабилік деп те аталады. Бірақ олар өздерін сәләфилер деп атайды. «Сәләф» сөзі «алдыңғы, өткендер», «бұрынғылар» деген мағынаны береді. Мұсылмандардың алдыңғы 3 толқыны сәләфилер деп аталған. Олар: Пайғамбарлардың сахабалары, табиғиндер (сахабаларды көргендер) мен табаға табиғиндер –исламның әуелгі үш ғасырында өмір сүрген. Шын мәнінде қазіргі (салафилер) атына амалдар мен іс –әрекеттері сәйкеспейді. Уаhhаббилер отаршыл Англияның көмегімен қаруланып, Ханафи масхабын ұстайтын түріктермен аяусыз шайқасты. Сондықтан да османдықтар ұстанған Әбу Ханафи масхабын «кәпірлердің масхабы» деп жариялады. Олар сопыларды мүшірік деп атап, дінсіздерге зекет бермейтіндер мен намаз оқымайтындарға қарсы жихад жариялады...

Ұлттық тәрбие

Ұлттық тәрбиеміз – ислам дінінің қағидаларына негізделген имандылық жол, яғни ниетіміз таза, жүрегіміз ашық. Өкінішке орай, ислам дінінде біліміміз өте аз, ұлтымыздың салт-дәстүрлеріне мән бермейміз. «Алланның атымен бастаймын...» деген кісіге иіле қарап, дегенін тыңдап, айтқанын ұғуға тырысамыз. Бірақ өз ойымызбен, әйтпесе пікірімізбен жүруге қорқамыз. Өткен ғасырларда білімді кісі аз болды, оқу-жазуды меңгергендер, әріп танитындар сирек болатын. Ал қазіргі заманда бәрі сауатты, біреуге тәуелді болудың қажеті жоқ. Мұхаммед Пайғамбарымызға Алланың бірінші түсірген сөзі – «оқы». Ислам дінінің білімге деген көзқарасын осыдан да түсініп білуге болады. Құранның көп аяттарында «ойлан» деген нұсқаулар бар:Таха сүресі 114-аят. «Раббым,білімімді арттыр!»-де. Мүжәдәлә сүресі 11-аят. «..Алла (Т) сендерден сондай иман келтіргендердің, ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді. Істеріңді толық біледі ». Жақында мектеп бітіруші түлектің бейнежазбасын көрдім.«...Соңғы қоңырауға қатысуға маған рұқсат бермеді ,мұсылмандық діни киіміңді мектеп формасына ауыстыр деп, мен оған келісім бермедім, міне, мен мерекеге сыртынан қарап тұрмын,...Мектеп мені соншалықты қинап жатыр» деп, көзіне жас алып тұрған сәтін интернет желісіне жіберіп, қоғамды сан түрлі ойға салды. Білім қайда, заң қайда, ел қайда??? Нақты дін қағидасына келсек, «Фитна» деген түсініктеме бар. Ол мұсылмандарға ортақ болып қабылданған келісімге қарсы шықпау дегенді білдіреді. Тағы бір мысал: Автобуста бір келіншек шамамен 4 жасар қызымен қалаға бара жатыр, екеуі де мұсылман дінінің дәстүрлі киімін киген,баланың қолында ұялы телефон, қолы кір-кір, тырнағы өсіп кеткен. Шынайы мұсылман болғың келсе, ең бірінші тазалықтан баста, тәнің – таза, өзің – таза, киімің – таза, үйің таза болсын! Айтып өткен мысалдар, ол адамдардың надандығы мен қараңғылығын білдіреді. Егер осы сауатсыздарды материалдық құндылықтар береміз, байытамыз, жарылқаймыз деп азғырса, олардың көпшілігінің «Мен саған қамқорлық жасаймын» деген кез келгеннің соңынан еріп кетуге дайын екенін біліңіз. Рухани өміріміздің тарихында исламға дейінгі тәңірлік дүниетаным –тұтас қоғамдық-әлеуметтік саяси-діни дүниетаным нақты тарихи тұлға –Қорқыт ата арқылы сипатталады. Қорқыт ата мұрасында адам тұлғасы, оның өмір сүру қағидалары, мақсат-мұраттары мен қоғамдық, ұлттық болмысы хақындағы әлеуметтік-тұрмыстық толғаныстар көп. Онда халықтың болашағы, жалпы адамгершілік құндылықтары мен қасиеттерді сақтау, тәлім- тәрбие, ата салтын, дәстүрін құрметтеу мен қастерлеу мәселелері сөз болды. Халқымыз осындай тұлғалардың арқасында жан тазалығын сақтап қалды. Адамның жас кезінде жоғары мұраттарға деген құштарлығы, талпынысы қарт кісілерге қарағанда көбірек болады. Жастар өтірікке аса сезімтал. Сондықтан қазіргі имамдар шынайы сөйлеп, өмірлік мәселелердің мәнін ұғынуы тиіс. Сондай-ақ Құдай сөзін жалаң түсінбей, оның мазмұнына тереңірек үңіле білгендері жөн. Аз уақыттың ішінде өмірлік бағдарлардың, идеялардың түбегейлі өзгеруі адамдардың сана-сезімдерінде зор әсер етті. Орасан өзгерістердің бір көрінісі ретінде көз алдымызда елімізде және жалпы әлемде болып жатқан барлық оқиғаларды атап өтеміз. Мемлекет пен қоғам әлемнен оқшаулануды еңсере отырып, өздерінің шашыраңқы дәстүрлерін жаңаша және жаңа тарихи жағдайда қалпына келтіруде. Осы үдеріс-тердің күрделілігін түсіне отырып, мемлекет пен дін қызметкерлері бүгінгі жастардың алдында тұрған мәселелерді шешуде күш біріктіреді. Айта кетейік, ислам дінінің біздің елге таралуы Ахмет Яссауи атымен байланысты. Ұлы ойшыл исламның сыртқы ритуалдық рәсімін ішкі сезімді ағартуына ауыстырды; Құдайдан қорқуды – Аллаға деген шексіз махаббатқа ауыстырды. «Алла сенің жүрегіңде, соған жол таба біл, Аса Қамқор , ерекше мейірімді Алла!» – бұл Қорқыт ата мен Ахмет Яссауи ілімінде мәдениетіміз бен руханиятымыздың негізі темірқазығы. Біріншіден, қазақ болған соң, адам болған соң, тегіңді танып білуің қажет. Екіншіден, саған өмір сыйлаған ата-анаға алғыс айту. Үшіншіден, халқыңның тарихын білу, сенің бүгінгі дамуыңа мүмкіндік беріп отырған бабалар рухына тағзым ету. Алла Тағаланың адамдарға қоятын негізгі екі талабы: Иман мен Білім. Иман адамды шыншыл және таза етеді, ал білім оларды биік шыңдарға жеткізеді. Арманыңа ұмтылған кезде адаспау үшін, қиын кездерде арқа сүйеп, құлап қалмау үшін адамға тірек керек. Сол тірек біздің сенімімізге, салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрыпымызға деген адалдығымыз бен берілгеніміз болсын. Бізге тек қана ата-баба рухының күшін қалпына келтіру, ерік жігерімізді күшейту және ниетіміздің асылдығы болуы қажет. Сонда біз туған жерімізде аты аңызға айналған Асан Қайғы армандаған бақытты Жерұйық елін салуға мүмкіндік аламыз. Маргиналдық – өз тобынан тыс жалпыға ортақ қабылданған ережелер мен түсініктерден басқа бірегейлік нормаларын табу, өз тобына тән белгілерден айырылып, дүбәра күй кешу. Маргиналдық (лат.marginalis-шет, жиектегі, шекарадағы) – қоғамдағы әртүрлі процестердің нәтижесінде (көші-көн, этномәдени әрекеттестіктер, қоғамдық жүйелердің модернизациялану және басқа) пайда болатын, өзге мәдениет маргиналдық дәстүрлер мен нанымдарды иеленуші бола тұра бөтен мәдени құндылықтар мен әлеуметтік рөлдерді меңгеруге мәжбүр аралық, шекаралық әлеуметтік топтардың мәдени құндылықтары, дәстүрлері, нанымдары, бағдарлары және тұрмыс саясатының басқа да элементтерінің конгломераты. Біз уақыт ішінде өмір сүреміз. Әр сәтте өткен үйреншікті сәттен алыстаймыз, ал болашақ сәтке әлі де жеткен жоқпыз. Екіншіден, біз дамып келеміз, бізде жаңа тілектер пайда болады. Ал соған ереміз деп, біз бұрыңғы және жаңа пайда болған қайшылықты нормалардың, құндылықтардың әсерін сезіне бастаймыз. Өмірді сезіну – бұл жалпы өзгеріс сезімі. Адам өзін даму үшін дамытады. Ол бүгінгі сәтте оны тұншықтыратын шеңбер сияқты әдетті жағдай, яғни өткендегіде қалып қойғандай сезінеді.

Уаххабиттер кім?

Бір күні автобус аялдамасында тұрғанда,менің назарымды біреудің өктем даусы аударды. Орындықта 16-17 жасар жігіт отыр екен, оның қасында – орта жастағы ер адам. Басында ақ тақия, мұсылман дәстүрімен жіберген сақал-мұрты бар. Сол кісі күмбірлеп, дауыс тембірін өзгерпей, бір нотада, жаңағы жігітке бірдеңе айтып отыр. Мен де еріксіз олардың әңгімесіне құлақ қойдым. Байқатпай, бірақ ғибратты тонмен әлгі кісі жасөспірімге арнайы ислам дінін, ислам мәдение- тін насихаттайтын кітап оқуына қажеттілігін үйретіп отыр. «Жастар ислам дінін танып білуге зор ынта мен көңіл бөлу керек. Ғибадатарын жая алмаймын деп қорықпа. Әзірше кітаптарын оқи бер, оған 10-15 жыл кетеді, бірте-бірте нағыз шынайы мұсылман боласың. Арабтардан үлгі алу керек, көрмейсің бе, өздері де бай, елі де бай. Себебі, олар Алладан қорқады, бар мұсылман нұсқауын бұлжытпай орындайды. Адам заты инертті, бір қиындық тумай, қорқатын кезде ғана алға басады. Арабтар сияқты Алладан қорқып, қорқып, Алланы мадақтап, Аллаға жалбарына берсек, біз де байып кетеміз...» Жасөспірім әдеп сақтап, сөз қоспай тыңдап отыр, бірақ әңгімеге көңіл бөліп отырған жоқ. Соған қарамастан, ер адам өз сөзін тағы да жалғастырды... «Міне, сендерді уахабиттермен қорқытады, ал жаңағы естігеніңнің қай жері жаман, қай жері бұрыс? Менің айтып отырғаным, ол уахабит пікірі, солардың ойы. Мұхаммед Пайғамбарымыз өзі айтқан: «Кезі келгенде ислам діні 73 жікке бөлінеді» деп». Бәріміз бір Алла дейміз, не үшін арамызды мұсылман бөлшектейді, бір-бірімізді қарсы қояды? Бұл оқиға 10 жыл бұрын Көкшетау қаласында болған. Сіздер де көшеде, қоғамдық көлікте, мешіт маңайында ерекше түрде киінген, қысқа немесе қайырған шалбар балақты, бастырылмаған қалың сақал-мұртты жігіттерді, хиджаб киген қыз-келіншектерді талай рет көрдіңіздер. Мешітте, намазда аяқтарын талтайтып қойып, қолбайлауды кеуделеріне жасап, қатты дауыстап «аминь» дейтіндер, имамға иімейтіндер. Осыларды біз «уаххабиттер» деп атаймыз. Ал олар өздерін «салафит» дейді (ас-салаф-правоверные предки –«таза ислам»). Салафит өздерін еш масхабқа жатпаймыз дейді. Олар біздің қазақ қоғамындағы дәстүрлі діншілдіктің көріністерін қабылдамайды: мысалы, зияраттауды, зират басында құран оқу, ата-баба рухына тағзым ету, жұма күні шелпек пісіру, амулет пен бойтұмарды қолдану, т.б. Салафиттар жихадты исламның тірегі, исламның рухы деп санайды. Жихадсыз ислам жансыз дене сияқты дейді. Ханафиттардан айырмашылығы, олар жихадтың ең жоғары түрі адамның рухани кемелдігі емес, исламды бүкіл әлемге тарату үшін күрес, қажет болса қарулы болуы мүмкін деген көзқарасты ұстанады. Сонымен бірге олар ислам дұшпандары ұйымдастырған кедергілерді жеңу үшін әскери жихад жүргізуге болады деп санайды. Бұл тәсіл олардың үндеуіне қарсы шыққан мемлекеттер үкіметтеріне «жихад» жариялауға мүмкіншіліктер ашады. Аялдамадағы оқиға маған олардың қаншалықты қауіпті екенін көрсетті. Олар қаншалықты әккілікпен әрекет етеді, қалай жастардың психикасын бұзады. Мен жай екі адамның арасындағы әңгіменің куәгері емес, санадан тыс суггес- тияны қолдану арқылы мақсатты әсерді байқадым. Ер кісі суггестияны (гипнотерапия) пайдаланды. Оның дауысы нағыз гипнозшының дауысы, сыбырлап сөйлеп, тыңдауға мәжбүр етеді. Өз дәлелдерін жастардың жақсы ақша табуға және мансап жасауға деген ұмтылысына негіздеп, арабтарды, араб елдерін мысалға келтіріп, біртіндеп Алланың азабынан қорқып, біреуге бағыну туралы ойға үгіттеуде. Бәрімізге мәлім, қорқыныш – адамдарды бағыныштылықта ұстаудың негізгі қаруы. Олар «уаххабит» түсінігіне деген жағымсыз көзқарасты жоюға тырысып, Мұхаммед (с.ғ.с) сөзінің мәнін бұрмалаудан тартынбайды. Мұхаммед Пайғамбарымыз: «Исламдағы жікшілдіктің қай-қайсысы ақиқаттан ауытқығанда болады» деген. Ал Құранда Ғимран сүресінің 105- аятында былай дейді: « Айқын дәлелдер келген соң жікке бөлініп, ала ауыздық туғызатындар болса, олар ауыр азапқа душар етіледі.» Жастарға бұның бәрін түсіну қиын. Бірақ жауапты жас жігіттің сенімді көздерінен оқыдым. Ол жасы кішіге лайық құрметпен үнсіз тыңдады, бірақ автобус келгенде, сыпайы түрде қоштасты да, артына қарамай кетіп қалды.

Алма Мырзағазықызы, қоғам белсендісі

«Jańa Bastau» газетінен алынды

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *