Күн сайын қала тазалығы үшін күреседі

Редакция таңдауы
view 297
news

Сұхбат алаңындағы кезекті қонағымыз –15 жылға жуық уақытын Астана мен Қосшы қаласының көркейіп, тазара түсуіне арнаған маман. Ол атқарылған әрбір істен тиянақтылық пен тазалықты талап ететін басшы. Тазалық – денсаулық пен мәдениеттің кепілі деп қарайтын «Мехсервис-групп» ЖШС басшысының міндетін атқарушы – БАУЫРЖАН ҚАЙЫРБЕКҰЛЫ САПАРОВ. – Аға, жалпы сіздердің міндеттеріңізге қандай жұмыстар кіреді? Атқарып жатқан шаруа ауқымымен таныстырсаңыз? – Біз «Лесная поляна», «Нұрай», «Алтын дала», « Алтын орда», «Академия», «Сиреневый сад», «Даймонд парк» тұрғын үй кешендерінің, жалпы алғанда 89 ауланың тазалығына жауаптымыз. Басты міндетіміз – осы аулалардағы, көшелеріндегі тазалықты қамтамасыз ету. Қатарымызда қазіргі күні 4 техника, 3 жүргізуші, 8 жұмысшы бар. Біз күн райына, мереке күндеріне қарамастан, тазалық жұмыстарын күнделікті жүргізіп отырамыз, ірі көлемдегі қоқыстарды шығарамыз. Ондай қоқыстардың қатарына қажетсіз жиһаз, тұрмыстық техника, жөндеу жұмыстарынан кейінгі қалдықтар жатады. – Сіздердің жасап жатқан еңбектеріңіз ерен. Оның үстіне қазіргі қолайсыз күн райында жұмыс істеу де оңай емес. Осындай кездері сіздерге келіп қолғабыс көрсетіп, көмек жасайтын тұрғындар бар ма? – Ондай жағдай өте сирек. Керісінше сол үшін жалақы алып отырсыңдар, міндеттерің ғой деген көзқараста орынсыз жерге қоқыс тастап кететіндер өте көп. Тұрғындар арасында қанша өтініш жасалса да қоқысты жәшікке дейін жеткізбейтіндері қаншама. Кейбіреуі кішкентай баланы тұрмыстық қалдықтарды тастауға жұмсайды. Оның қоқыс жәшігіне бойы жетпей сыртына қалдырып кететіні бар. Оны ит-мысық, одан қалды жел ұшырып шашылып қалатынын ескеріп жататындар аз. Таңнан кешке дейін жасалған тынымсыз еңбек осындайда көрінбей қалатыны өкінішті. Сондықтан осы тұста атап өтетін өтініш бар. Қала тазалығы жалпыға ортақ міндет. Оған бей-жай қарамай, бізбен бірге атсалыссаңыздар екен. Қоқысты белгіленген орынға қалдырсаңыздар, жәшік сыртында қалқан қоқыс көшенің көркін кетіреді. Осыны ескерсе дейміз. – Салада шешімін таппай тұрған қандай мәселе бар? – Саладағы ауқымды дейтін мәселенің бірі – тендер жағдайы, мемлекеттік сатып алу. Тендер дегеніміз – нарық, бәсеке алаңы. Сол айналымда ұтқан адам жұмыс жасайды. Бірақ бір өкініштісі, тендерден ұта отырып, ұтылып қалатын да жақтарымыз бар. Мысалыға алайық, қаланың тазалығы үшін бәске түскен болсақ, біз бөлінетін қаражатқа қарап қызметкерлер мен техника қатарын түгелдейміз. Бірақ бөлінген қаражат бізге жетемін дегенше, екі айға жуық уақыт өтіп кететіні бар. Ал біз тоқтаусыз жұмыс жасауымыз керек. Жылдың алғашқы жартысында-ақ бірнеше рет тендерге қатысып отырмыз. Осы жағдай реттеліп, бөлінетін қаражат кепіл бола алатындай, жылына ең болмағанда бір мәрте ғана өткізілсе дейміз тендер. Бөлінетін қаражат көлемі артса, техникамызды, жұмысшыларды көбейтуге мүмкіндік туады. Сонда жұмыс та біраз реттелер еді. Бөлінетін қаражатқа қарап тұрған мәселе көп. – Аға, осы тұрғыда тұрғындарға да айтар уәжіңіз бар шығар... – Тазалық бәрінің айнасы. Келген қонақ алдымен кіре берістен төрге дейінгі тазалыққа қарайды. Сондықтан оны жақсартуға бір адамдай ат салыссақ екен. Нәтиже сонда болады. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші бұған міндетті мекеме бар деп емес, «қаланы көркейте түсуге мен қандай үлес қоса аламын» деп қарасақ, жұмыс нәтижелі болар еді. Қосшы қала мәртебесін алған тұста бұл аймақ қоқыстан көрінбейтін. Сонда ойлайтынбыз, қаншама жұмысты еңсеруге әлі қанша уақыт жоғалтар екенбіз деп. «Көз қорқақ, қол батыр» деген нақылдың рас екендігіне көз жеткізгендей болып отырмыз. Тынымсыз еңбек, бәрін жеңгендей. Бірақ әлі де ақсап жатқан тұстарымыз баршылық. Қазір ғана жинап кеткен аулаға екі сағаттан кейін барсаңыз жұмыс жасалмағандай шашылып жататыны бар. Сондайда қынжылып қалатынымыз өтірік емес. –Қала тұрғындарын жұмылдыратын сенбіліктер қаншалықты жиі өткізіледі? –Сенбіліктердің жүргізілуі бізге үлкен көмек дер едім. Біздегі жұмысшылардың атқаруына уақыты, қатары жетіспей жатқанда көпшіліктің жұмыла жасаған тазалық жұмыстарынан кейін көшелердің біразы аршылып, көркейіп, тазарып қалатыны шындық. Сондықтан сенбіліктер жиі жүргізіліп отырса игі бастама болар еді. – Өзіңізде талай жылдардан бергі тәжірибе бар. Тазалықтың мәселесін жете түсіндіріп, оны сақтауды күнделікті әдет етуге болатын шығар. Немқұрайлы қарайтындарға басқа елде қандай шара қарастырылады? – Баланы бастан дейді. Тәрбие тал бесіктен қалыптасады. Балаларымызды кішкентай кезінен қоқыс тастау мәдениетіне баулуымыз қажет. Мектептерде қоқыстың ғаламдық, экологиялық мәселе екендігін жете түсіндірер сабақтар болса да артықтық етпейді. Біз әлем мойындаған елдердегідей тазалық қалыптастыру үшін расымен сондағыдай қатаң тәртіп енгізуіміз керек шығар. Бақылау камераларының көмегімен реттеуге болатын жұмыстар да бар. Айыппұл салып та немқұрайлылықтың қатарын сиретуге болады. – Жұмысшылар демалмай, мереке күндеріне қарамай, тазалықпен айналысады екен. Жалақы мәселесі қалай, тынымсыз еңбек еткендерге денсаулығын күтіп, демалуға мүмкіндік бар ма? – Жұмысшылардың жалақысы күн жылы мезгілде 150 мың теңге, қысқы уақытта 180 мың теңгені құрайды. Ал жүргізушілердің жалақысы сәл артығырақ. Жылына бір мәрте демалыс қарастырылған. Бір өкініштісі, тұрақты түрде жұмыс жасайтындар өте аз. Мемлекет тарапынан қолдау болса, бөлінер қаражат көбейсе, үздік жұмысшылар үшін санаторлық-курорттық демалысын да ұйымдастыруға болар еді. Бұл мәселеге әзірге қаражат қолбайлау болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, біздің жұмысшылар қаланың тазалығы үшін күн сайын күреседі. – Қоқысты қайда апарып тастайсыздар? Өңделетін қоқыс қаншалықты көп? – Қосшы қаласында қоқыс полигонын салуға, өртеуге рұқсат жоқ. Сондықтан біз күнделікті 5-6 тонна қоқысты Қабанбай батыр ауылы маңайындағы және қаладағы полигонға жеткізуге мәжбүрміз. Әр тоннасы 3 000 теңге, оған ары-бері жүретін көліктің жанармайын қосыңыз. Бұл да мекеменің шығыны есептеледі. Өңдейтін мекемелер арнайы қоқыс жәшіктерін қойған. Соған тасталған қоқыс өңдеу орындарына жеткізіледі. Бірақ бұл біздің жұмысымызға қатысты емес. Жалпы, сол өңдеумен айналысатын мекемелер көбейсе экологиялық тұрғыдан жақсы болар еді. Менің біліуімше, коммуналдық қалдығы көп үштіктің ішінде Алматы, Астана, Қарағанды бар. Бұл ойланатын жағдай. – Аға, біраз мәселеге қанық болғандаймыз. Ел игілігіне жасап жатқан жұмыстарыңыз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Гүлназ БИСЕН

«Jańa Bastau» газетінен алынды

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *