Қаладағы кешеннің құрылысы әкімнің бақылауында

Редакция таңдауы
view 182
news

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Қосшы қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. «АК Construction Company» ЖШС учаскесінің бастығы Ерлан Қаленов іргелі жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп келе жатқанын, инженерлік желілер жүргізілгенін айтты. Спортқа ден қойған тұрғындардың саны күннен күнге артып келеді. Қуантарлығы, өңірде барынша жағдай жасалуда. Қосшыдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталған соң, күніне 300-ге жуық адам спортпен шұғылдана алады. Ресми ақпаратқа сүйенсек, екіқабатты спорт кешенінде тренажер және күрес залдары, бассейн, түрлі спорт түрлеріне арналған ойын алаңдары, аумақта воркаутқа арналған тренажерлар мен воркаутқа арналған снарядтар орналасатын болады. «Жаппай спорттың дамуына жергілікті билік ерекше назар аударуда. Жастарымыздың дені сау, рухы биік болып өссе, ел болашағы да жарқын болары хақ. Мемлекет басшысының өзі әр ауданда заманауи спорт кешенін салуды тапсырған болатын. Бастама жаман емес. Осындай ғимараттар көтерілсе, нұр үстіне нұр болады», дейді ақсақал Нұртай Аққожақов. Қосшы қаласындағы жаңа кешеннің пайда болуы кәсіпқой спортшы-бапкерлері бар, дәстүрі бар өңірде спортты одан әрі дамытуға өзіндік мүмкіндік береді. Біздің ата-бабаларымыз «тәні саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Айта кету керек, елімізде дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылға арналған арнайы кешенді жоспар да әзірленген. Саланың басы қасында жүрген мамандар арқылы толықтырылған кешенді жоспар еліміздің спорт саласын жаңа деңгейге көтереді. Қолға алынған шаралар өз деңгейінде атқарылса, талай игі іске мұрындық болары анық.

«Jańa Bastau» газетінен алынды

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *