Қосшыда Батырхан Шүкенов көшесі пайда бола ма?

Редакция таңдауы
view 95
news

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов республикалық ономастика комиссиясының отырысында мәлімдеді. Отырыс барысында Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі 18 оқу орнының және бірнеше қалалардағы 69 көшенің атауын өзгерту мәселесі талқыланды. Мәселен, Ақмола облысының Қосшы қаласында 20-шағын ауданның көшелерінде көрнекті мемлекет қайраткерлері, қоғам қайраткерлері әртістер мен жазушылар Әміре Қашаубаев, Нұрғиса Тілендиев, Роза Бағланова, Шоқыр Бөлтекұлы, Сағадат Нұрмағанбетов, Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова, Батырхан Шүкенов есімдері қойылады. Естеріңізге сала кетейік, «Қиын жолдардан аман келеміз» деп ән айтқан Батырхан Шүкенов атындағы көше осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыда пайда болған-ды. Ерекше даусы мен қажырлы еңбегі оны Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де танымал етті. Бүгінде бірқатар қалалардың атауларын өзгерту бойынша ұсыныстар жылдан жылға артып келеді. Айта кету керек, небір өңірдің немесе көшенің атауын өзгерту күрделі үрдіс болып табылады. Жергілікті тұрғындардың пікірі ескеріледі, жергілікті өзін-өзі басқару органдары тыңдаулар өткізеді, ұсыныста дауысқа салады. Бірден толықтай шешім табатын реформа десек, артық айтқанымыз болар. Десек те, аға буын мен белсенді жастар өкілдері мұның астарында қалатын өнеге, аманат бар деген ойларын ашық білдіреді. «Менің ойымша, көше атауларын өзгерту үрдісін жалғастыру керек. Қанша адам, сонша пікір бар. Жаңа реформа тұрғындардың бірін қуантса, енді бірін қарсы шығуға итермелейді. Десек те, өз басым, Қосшы қаласының көше атауларының қазақшаланғанын құптаймын», дейді 22-жасар Алишер Қасымов. Әлі де ескірген көшелер жоқ емес, бар. Елім, жерім деген рухты азаматтардың әрдайым осы шаруаның басы-қасынан табылары сөзсіз.

«Jańa Bastau» газетінен алынды

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *