Энергетика және су жүйесі: Ақмола облысында ұлттық жоба іске асып отыр
Фотосурет: janabastau.kz
Ақмола облысында табиғи монополияларды реттеу жұмыстары жалғасын тапқан. Бұл туралы брифинг барысында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Тамерлан Кенжебаев мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Мамандардың айтуынша, негізгі мақсат – тарифтердің әділдігін қамтамасыз ету, тұрғындардың ақшасының дұрыс жұмсалуына бақылау орнату және коммуналдық қызметтің сапасын арттыру.

Қазір облыста 65 табиғи монополия компаниясы жұмыс істейді. Олар жылу, электр, су және кәріз жүйелері бойынша 150-ден аса қызмет көрсетеді. Әрбір компания жыл сайын өз жұмысы мен инвестициялық бағдарламасы жөнінде есеп беруге міндетті, - деді Тамерлан Кенжебаев.
2025 жылдың басынан бері департаментке 146 есеп түскен. Оларды талдау кезінде тарифтік сметаларды орындамау сияқты кемшіліктер анықталған. Соның нәтижесінде тұрғындарға қайта есептеу жүргізіліп, тек 2024-2025 жылғы жылыту маусымында тұтынушыларға 44 млн теңгеден аса қаржы қайтарылды. Бұл – алдыңғы жылдармен салыстырғанда, әлдеқайда көп.
Сонымен бірге, инфрақұрылымның ескіруі де өзекті мәселе болып отыр. Облыстағы электр желілерінің 62%-ы, су жүйелерінің 53%-ы, ал жылу құбырларының 57%-ы тозған.

Бұл проблеманы шешу үшін «Тариф – инвестицияға айырбас» бағдарламасы аясында 2025 жылға 24 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді. Бұл қаражат инженерлік желілерді жөндеуге және жаңа жабдықтар орнатуға жұмсалады, - деді спикер.
Алдағы 5 жылда апаттарды азайтып, тозу деңгейін 62%-дан 40%-ға дейін төмендету жоспарланған.
Жалпы, қолға алынған шаралар тариф саясатын ашық етуге, желілерді жаңғыртуға және халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын көтеруге бағытталған.
Пікірлер (0)