Ердоған-Зеленский-Гутерриш үштігі кездесті
Саясат
135
Украинаның Львов қаласында Ердоған, Зеленский және БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриштің қатысуымен өткен үшжақты келіссөздер аяқталды. Мәскеу-Киев ахуалында өз позициясын жасырын ұстап отырған Ердоған бұл жолы Украинаның маңызды серіктес екенін тағы бір мәрте еске салды.
TRT WORLD телеарнасының хабарлауынша, жабық форматта өткен келіссөздер шамамен 40 минутқа созылған. Тараптар бидай экспорты, Ресей-Украина дағдарыс шешу жолдары және Ыстамбұл процесін қайта жаңғыртуды талқылады. Сондай-ақ кездесудің басты тақырыптарының бірі – Запорожьдегі атом электр станциясы болды.
Қазір Запорожьедегі атом электр станциясы төңірегіндегі мәселе әлем елдерін алаңдатып отыр. Себебі Еуропадағы ең ірі электр станциясында апатты жағдай орын алса, салдары Чернобыль апатынан да ауыр болуы мүмкін дейді сарапшылар. Нысандағы рекаторлық құрылғылар бүлінсе, атмосфераға радиоактивті заттар бөлініп, олар жүздеген шақырымға тарайды. Яғни көрші елдер үшін де қауіп жоғары. Осыған байланысты Украина жағы нысандағы жағдайды бақылау үшін кризистік штаб құрды. Оған түрлі министрліктер мен құрылымдардың өкілдері кірді.
Өз кезегінде Ресей бұл жағдайға Украинаны айыптап отыр. РФ Қорғаныс министрлігінің өкілі Игорь Конашенков: «Киев 19 тамызда, яғни БҰҰ бас хатшысының Украинаға сапары кезінде Запорожьедегі атом электр станциясына резонанстық арандату әрекетін жоспарлап отыр. Бұл шабуыл үшін украиналықтар Ресейді айыптайды. Киев талай мәрте бізді станцияны қалқан ретінде қолданып, ол жерде оқ атады деген мәлімдеме жасаған еді. Алайда Ресейдің не станция аумағында, не оның төңірегінде ауыр техникасы жоқ. Онда қорғаныс элементтері ғана орналастырылған», – дейді.
Ердоған-Зеленский-Гутерриш үштігінің жиында қандай мәмілеге келгені әзірге белгісіз. Қазір Ресейдің Украинамен соғысы қайта ушыға түсті. Халықаралық аренада Мәскеуді жақтайтын мемлекеттер жоқтың қасы. Дегенмен, өз позициясын айқын көрсетпеген мемлекеттер қатарында Қытай, Парсы шығанағындағы монархиялар мен Түркия бар. Әлем жаңа дәуірге, қырғи-қабақ соғысқа бет алған тұста Мәскеу мен Киевке қатысты көзқарасын жасырын ұстап отырған Ердоған басқа елдер арасындағы қақтығыстан пайда таппақ деген болжам бар. Себебі әлеуметтік-саяси шиеленіс артқан Түркияда Ердоған билігінің ең қиын кезеңдері басталды.
Пікірлер (0)