"Ешкімнің шаруасы болмасын": Шерхан Қалмұрзаның анасы ұлдары туралы сөз қозғады
Коллаж: ozgeris.info
Шерхан Қалмұрзаның анасы желідегі парақшасында қос ұлы туралы жазба жариялады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Продюсер ұлдарына бар махаббатын бергенін айтып, бала тәрбиесі жайында сөз қозғады.
Ең мейірімді аға-іні. Жүректеріңе бар махаббатымды бердім. Ұлдарыма бала деп қарамаймын. Мен үшін жеке тұлға. Асыл тұқым ер-азаматтар. Кеудеңде арың таза, намысың мықты болсын деген ұстаным. Өзге адам білуі қажет емес жақсы амалды. Алла көруші, бәрі өз ретімен, тек сабыр. Қалғанында ешкімнің шаруасы болмасын. Ол – тәкаппарлық емес, өзгенің шекарасын нақты білу. Ниет таза болсын, жақсылар. Несібең сенен айналып өтпейді, - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасына.
Айта кетейік, журналист Оралхан Дәуіт қақпашы Шерханның тегі мен шыққан жері туралы ақпар жариялаған еді. Оның мәліметінше, жас қақпашы Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келген. Ата-анасы ертеректе ажырасып кеткен.
Шерханның әкесі – Елдар. Ол жас кезінде боксқа ден қойып, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған. Кейін журналистика саласында еңбек еткен. Қазір Астанада тұрады.
Футболшыға "Шерхан" есімінің берілуі де кездейсоқ емес. Өйткені Жуалы – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Шерхан Мұртазаның туған жері. Осыған байланысты ел арасында Қалмырза мен Мұртаза әулетінің арасын туыстық та, жерлестік те байланыс жақындатады деген пікір айтылады.
Жуалы жерінде дүниеге келген ұланға Шерхан деген есімнің де бекер қойылмағаны анық қой. Жуалы – Шерағаңның туған жері. Лайым, Алла тағалам жас Шерханға бақ-береке берсін! Бабы да, бағы да келіскен спортшы болсын. Қазақтың туын көкте желбірете берсін, – деп жазды Оралхан Дәуіт.
Пікірлер (0)