«Әулетке» тықыр таяды: Болат Назарбаев қайда?

Редакция таңдауы
view 556
news

Халық оны ірі базарлардың «қатігез» иесі санаса, оппозициялық баспасөз «ұлт көшбасшысының» рейдерлікпен айналысатын ықпалды һәм ерке інісі ретінде жазады. Батыс ақпарат құралдарында ол – шетелдік жылжымайтын мүлік пен бірқатар сот процестеріне қатысы бар кәсіпкер. Ал мемлекеттік медиа оны «қайырымды меценат» ретінде насихаттайды. Айналасына түрлі қауесет пен болжамдар еріп жүретін Болат Назарбаев «әулетке» тықыр таяған тұста қайда кетті?  Бірнеше дереккөздерден белгілі болғандай экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев хәл үстінде. Қазір дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр. Ең үлкен қызы мен азаматтық некедегі қазіргі әйелі Еxk.kz редакциясына берген эксклюзивті сұхбатында «Болат Назарбаевтың жағдайы ауыр» екенін айтқан. 2015 жылы клиникалық өлім жағдайына түскен Назарбаев «сол кезден бері барлық бизнесінен бас тартты» дейді қызы Гүлмира. Оның айтуынша, сырқат белгілі болғаннан бері «тек ем шарамен, қайырымдылықпен және ағайын-туыспен ғана араласады».

Дәрігерлер қазіргі уақытта 69 жастағы Болат Назарбаевтың хәлі нашар деп бағалаған. Қатерлі көмей обырынан бөлек, 4-ші сатылы созылмалы бүйрек ауруы, қант диабеті, 3-ші сатылы жүрек қысымы (гипертензия) індеті бар. Өздігімен тамақ іше алмайды. Сөйлеуден қалған. Былтыр жазда анықталған індетті емдеу үшін Германияға, Израильге барған. Нәтиже оң болмағасын Назарбаевты отбасы Алматыға қайта әкелген.

Биыл «қанды қаңтар» оқиғасынан кейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен Болат Назарбаевтан зәбір көрген азаматтар ол туралы ашық мәлімдемелер жасай бастады. Былтырдан бері қамауда отырған «Parmigiano Group» мейрамханалар желісінің негізін қалаушы және Алматыдағы «Esentai City» жобасының авторы Алмас Әбдіғаппаров және оның туыстары бұған дейін «Болат Назарбаевтың адамдары» олардың отбасының бизнесін иемденгенін мәлімдеген. Ал наурызда Қаржы мониторингі Болат Назарбаевқа және Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Қайрат Шәріпбаевқа қатысы бар заңсыз майнинг фермалар табылғанын хабарлаған болатын. Белгілі болғандай майнинг жабдықтары Оңтүстік Корея, Түркия, Грузия, Сингапур және Қытайдан контрабандалық жолмен әкелінген. Қытайдан 2,8 млрд теңге сомасына мыңнан астам жабдық та Алматыға заңсыз жолмен әкелінген. 21 маусымда оның үстіне «рейдерлік» айыбы бойынша шағым түсті. Бизнесмен Нұрша Кәкенов Болат Назарбаевты «Кaruan компаниясын рейдерлік жолмен тартып алды» деп айыптады. Қаңтар оқиғасынан соң Болат Назарбаев қазақ-қырғыз шекарасынан өтіп, Бішкек арқылы Дубайға «ұшып кеткен». Сәуірде Алматы облысындағы Almaty Steklo зауытының иелерінің бірі кәсіпорындағы үлесінің жартысын Болат Назарбаев тартып алғанын мәлімдеген. Бұған дейін ол Алматыдағы «Алтын орда» базарының қожайыны екені айтылған еді. Ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы және Алматы облысының әкімдеріне үкіметпен бірлесе отырып, «Алтын ордада» тәртіп орнатуды тапсырған және екі ай мерзім берген. 22 маусымда бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Алтын орда» базарына иелік ететін «Altyn Orda QazTrade LTD» компаниясына «монополия орнатып, бағаны қымбаттатқан» деген күдікпен әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *