«Халық заңгері» халыққа тегін заңгерлік көмек көрсетті

Қосшы жаңалықтары
view 84
news

«Ең қымбат қазына –  адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген Конституцияда. Ал сіз қаншалықты өз құқығыңыз­ды білесіз? Қандай да бір мәселе бойынша біреуден кем, біреуден артық кеткен тұсыңыз, я болмаса шешілмеген мәселеңіз болды ма? Яғни, өз құқыңызды талап ететін құқықтық сауаттылығыңыз қандай деңгейде? Осы орайда мақаламыз еліміздің барлық ірі қалаларында жыл сайын басталатын «Халық заңгері» акциясы турасында болмақ. Биыл Қосшы қаласында алғаш рет өткізілген аталмыш акцияны ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, zakon.kz желілік басылымы және «Параграф» ақпараттық жүйесі қосшылықтарға айтарлықтай көмек  көрсетті. «Акцияның мақсаты –  халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң жөнінен көмек көрсету. Кез келген азамат еліміздің заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерден тегін қажетті кеңес ала алады. Мұнда Қазақстанның ең үздік заңгерлері мен адвокаттары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, бас мамандары туындаған кез келген  сұраққа жауап беруге дайын. Акция өтетіні жайлы Қосшы қаласының тұрғындары отыратын көптеген чаттарға, әлеуметтік желілерге жарнама ретінде жіберіп, елді барынша құлақтандырдық»,  – дейді Қосшы қаласы әкімдігінің мемлекеттік құқықтық бөлімінің бас маманы Дана Калиева. Қала әкімдігінде өткен бұл іс-шарада қосшылықтар кезекке тұрып,  заңгерлер мен адвокаттарға өз сауалдарын қойып, тегін құқықтық көмек пен заң кеңесін алды. Мамандар мұрагерлік, қылмыстық, денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу, тұрғын үй, еңбек, сот шешімдерін орындау, азаматтық құқық,  әкімшілік құқық бұзушылық және тағы басқа да  сұрақтарға жауап берді. «Қазір тұрғындардың көбі бізге мұрагерлік, жер мәселесі, қылмыстық іс бойынша келеді. Мәселен, жаңа ғана жер мәселесімен жүгінді. Тергеушілерден де көп қателік кетіп жатыр екен. Соған орай біз де кеңес бердік. Консультациядан кейін көбісі прокуратураға барып жазу керектігін, қандай құқықтары бар екенін біліп жатыр. Адамдардың кейбірі өз құқықтарын біле бермейді. Көріп жүрсіздер, бірден сотқа жүгіріп жатады. Оның да өз реті бар. Біріншіден қылмыстық іс бойынша тергеушілер қандай да бір анық шешім шығарса, прокуратураға бару керек. Прокуратураға барып, оның шешімімен келіспей жатса, ары қарай сотқа бару керек деген секілді. Сол себепті қорғаушыларға, заңгерлерге жүгінген жөн» – дейді Ақмола облысы адвокаттар коллегиясының адвокаты Қазбек Ерасыл. Адвокаттың сөзінше, көмекке жүгінгендердің көбісінің құқықтары бұзылған. Сондықтан қайда бару керек, қалай жазу керек, оның бәрін түсіндіргенін айтты. Мәселен, өтініш иесіне тергеуші істің анық-қанығын айтпаған. Қандай сараптама келгенін  уақытында тыныстырып, жауап бермеген. Дәл жаңағы кеңестен кейін прокуратураға баратын болып кеткен екен. Құқықтық көмекке жүгінген әрбір қосшылық азамат кеңес алып үлгерді. «Астанаға жаңадан келген едік. Байқаусызда жол жүру ережесін бұзғандықтан айыппұл арқаладық. Айыппұлды төлеп қойсақ та, банктен 40 мың теңге айлығынан ұстап отыр. Бұл қаншалықты заңды, соны білейін дедім. Басында шот бұғатталған еді. Содан біз айыппұлды төледік. Төлеген соң ашты. Шотты ашқаннан кейін айлығынан тағы 40 мың теңге ұстап қалған. Неге ұстап қалғанын білейін деп келдім. Мұндағы кеңес берушілер сот орындаушыға төлеу керек дейді. Енді сот орындаушылардың кеңсесіне баруым керек екен. Бүгін келіп кеңес алғаным жақсы болды. Осындай акциялардың пайдасы көп қой. Халық үшін құқықтық көмек керек»  – дейді қосшылық тұрғын Пердегүл Таңатарова. Айта кетейік, карантиндік шектеулер енгізілген кезеңде «Халық заңгерін» өткізу тоқтатылған еді. 2022 жылы санитарлық-эпидемиология­лық жағдайдың қалыпқа келуіне байланысты осы әлеуметтік маңызы бар акцияны қайта бастау туралы шешім қабылданды.

Нұрән ӘДІЛЕТ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *