Инклюзия – әр баланың білім алуына зор мүмкіндік
Фотосурет: ult.kz
Бала үшін мектеп табалдырығын аттау – өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Ал ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін бұл қадамның мәні одан да терең. Себебі сапалы біліммен қатар, олардың қатарынан қалмай, ортаға бейімделуіне, өз қабілетін танытуына және қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптасуына жағдай жасалуы қажет, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Бүгінде Қазақстанда инклюзивті білім беру мәселесіне айрықша көңіл бөлініп келеді. Мемлекеттік саясаттың басты ұстанымдарының бірі – баланың денсаулық жағдайына немесе жеке ерекшеліктеріне қарамастан, білім алуға тең мүмкіндік беру. Бұл бағытта заңнамалық негіз де, арнайы бағдарламалар мен инфрақұрылым да біртіндеп қалыптасып келеді.
Қолдау жүйесі кеңейіп келеді
2025-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы инклюзивті саясат тұжырымдамасы осы жұмыстың негізгі бағыттарын айқындайды. Сонымен бірге 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында да әр баланың білім алуына, денсаулығын қорғауға, әлеуметтік қолдауға және отбасында тәрбиеленуіне қажетті жағдай жасау көзделген.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025-2026 оқу жылының басында елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала тіркелген. Оның шамамен 70 мыңы мектепке дейінгі жаста болса, 165 мыңы мектеп жасындағы балалар.
Олардың 213,7 мыңы, яғни 90 пайызы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Мемлекет бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 95 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.
Ерекше қолдауды қажет ететін балаларға қызмет көрсететін арнайы білім беру ұйымдарының желісі де ұлғайған. Қазір елде 539 арнайы ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 126 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 240 түзету кабинеті, 12 аутизм орталығы, 14 оңалту орталығы, 99 арнайы мектеп және 48 арнайы балабақша бар.
Бұл – инклюзивті ортаны қалыптастыру бір ғана мектептің немесе мұғалімнің міндеті емес екенін көрсетеді. Баланың қажеттілігіне қарай педагогикалық, психологиялық, медициналық және әлеуметтік қолдау бір-бірімен сабақтас жүргізілуі тиіс.
Мектептегі мүмкіндік
Қазіргі уақытта жалпы білім беретін ұйымдарда 96 мыңнан астам бала инклюзивті жағдайда білім алып жүр. Оларға 11 мыңнан астам арнайы педагог қызмет көрсетеді.
Сонымен бірге салада шешімін күткен мәселелер де бар. Өңірлерге әлі де 3408 арнайы педагог қажет. Әсіресе халық саны көп ірі қалаларда мұндай мамандарға сұраныс жоғары.
Кадр тапшылығын азайту үшін арнайы педагогтерді даярлау жұмыстары да күшейтілуде. Қазір арнайы педагогика бағытында 17 жоғары оқу орнында 5424 студент білім алып жатыр. Олардың 2087-сі мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуда.
Колледждерде де қажетті мамандарды даярлауға көңіл бөлінген. Мәселен, «Логопедия» мамандығы бойынша 505 студент «Қолданбалы бакалавр-логопед» біліктілігін алу бағдарламасында білім алуда.
Педагогтердің өз білімін жетілдіруі де назардан тыс қалған жоқ. Жыл сайын 60 мыңнан астам мұғалім инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істеуге арналған біліктілікті арттыру бағдарламаларынан өтеді.
Қоғамдық қорлардың көмегі
Инклюзияны дамытуда мемлекеттік құрылымдармен бірге қоғамдық ұйымдар мен қорлардың да үлесі бар.
Мәселен, «Дара» қорының қолдауымен 27 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылған. «Қазақстан халқына» қоры арнайы мектептердегі оқу-өндірістік шеберханаларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге атсалысты.
Ал «Болат Өтемұратов қоры» аутизмі бар балаларға арналған 11 орталықтың ашылуына қолдау көрсетіп, оларды заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықтаған.
Мектептердегі күнделікті қолдауды күшейту үшін де арнайы кабинеттер көбейіп келеді. Қазірдің өзінде 1 мыңнан астам орта білім беру ұйымында инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттері жұмыс істейді. Биыл тағы 40 кабинетті іске қосу жоспарланған. Оның ішінде «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен 31, ал «Болашақ» қорының бастамасымен 24 кабинет ашылған.
Үйден мектепке дейін
Инклюзивті саясаттың маңызды бағыттарының бірі – үй жағдайында білім алатын балалардың мектепке қайта қосылуына мүмкіндік жасау.
2025 жылы үйде оқитын балалардың саны 19 мың болса, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 17 мыңға дейін азайған. Олардың 83 пайызы – мүгедектігі бар балалар.
Білім беру ұйымдарына педагог-ассистент пен жеке көмекші лауазымдарының енгізілуі осы мәселеге оң әсерін тигізіп отыр. Арнайы мамандардың көмегі нәтижесінде үйде білім алатын балалардың саны 11 пайызға төмендеп, шамамен 2 мың бала мектепке бару мүмкіндігіне ие болған.
Алдағы уақытта бұл жұмысты жалғастыру үшін арнайы сыныптарды көбейту, мектептердегі кедергісіз ортаны дамыту және қажетті мамандардың қолдауын күшейту көзделіп отыр.
Білім мазмұны да өзгереді
Инклюзия тек баланы мектепке қабылдаумен шектелмейді. Ең бастысы – оның білім алу процесіне толық қатысуына жағдай жасау.
Осы мақсатта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың жеке ерекшеліктерін ескеретін оқу бағдарламалары мен оқулықтар әзірленуде. Қазіргі таңда 360 арнайы оқу бағдарламасы және 300-ден астам оқулық пен оқу-әдістемелік кешен дайындалған. Сонымен қатар педагогтерге, арнайы мамандарға және ата-аналарға арналған 160 әдістемелік ұсыным әзірленген.
Бұл материалдардың барлығы баланың тек білім алуына емес, оның әлеуметтенуіне, өз ортасына бейімделуіне және қоғаммен еркін араласуына бағытталған.
Мамандық таңдауға жол
Инклюзивті саясат аясында балалардың болашақ мамандығын дұрыс таңдауына да басымдық берілуде. Осыған байланысты жалпы білім беретін мектептердің штаттарына кәсіптік бағдар беруші педагог лауазымы енгізілді.
Бүгінде елімізде мұндай мамандардың саны 4,5 мыңға жеткен. Өңірлерде кәсіптік бағдар беруге арналған 1 мыңнан астам бейіндік сынып жабдықталған. Ұлттық білім академиясы жанындағы Кәсіптік бағдар беру орталығында 2 мыңнан астам педагог өз кәсіби құзыретін жетілдірген.
Бұл қадам ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың да болашақ мамандығын еркін таңдауына, қабілеті мен қызығушылығына сай бағыт табуына мүмкіндік береді.
Негізгі мақсат – баланың мүмкіндігін ашу
Инклюзивті білім берудің түпкі мәні – баланы өзгеден бөлу емес, керісінше оның қоғамдағы орнын табуына жағдай жасау.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы да осы мақсатты көздейді. Құжатта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сапалы әрі қолжетімді білім беру, психологиялық және әлеуметтік қолдауды күшейту, сондай-ақ мемлекеттік органдар арасындағы байланысты жетілдіру мәселелері қамтылған.
Бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру үшін Оқу-ағарту министрлігі жанынан арнайы Кеңес те құрылған. Оның міндеттерінің қатарында оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңарту, мамандар даярлау сапасын арттыру, білім беру инфрақұрылымын жетілдіру және заңнаманы дамытуға қатысты ұсыныстар әзірлеу бар.
Инклюзия – белгілі бір топқа ғана көрсетілетін көмек емес. Ол қоғамның адамға деген көзқарасын айқындайтын маңызды өлшем. Әр баланың қабілеті әртүрлі болғанымен, оның білім алуға, дамуға, достар табуға және өз болашағын құруға құқығы бірдей.
Сондықтан жаңа оқу жылы қарсаңындағы басты міндет – баланы мектепке жай ғана орналастыру емес, оның өзін қауіпсіз әрі қажет адам ретінде сезінуіне мүмкіндік беретін орта қалыптастыру. Білім, кәсіби қолдау, ата-ана қамқорлығы мен қоғамның түсіністігі қатар жүргенде ғана инклюзия шынайы нәтижеге айналады.
Пікірлер (0)