Қаңтар оқиғасы қайталанбауы тиіс - Айдын Төребаев

Жаңалықтар
view 126
news

Тәуелсіздік алған жылдардан бергі халқымыз үшін зардабы өте ауыр оқиғаға бір жыл толып отыр. Қаңтардың қаралы күндерінде қыршынынан кеткен құрбандардың рухына тағзым ете отырып, біз келешекте мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін қызмет етуіміз керек. Мемлекет өз азаматтарының өміріне қауіп төндірген күштер жайлы қылмыстық істерді терең зерттеу арқылы ғана көпшілік үшін әлі де беймәлім жағдайлардың бетін аша алады. Жалпы, кешегі қаңтардағы бейбіт мақсатта басталған наразылық неден туындады? Жат пиғылдағы топтар еліміздің батыс өңірлерінде бастау алып, кейін Алматыда жалғасқан бейбіт наразылықты қалайша өз мүдделеріне пайдаланып кетті? ҚР-ның Бас прокуратурасының мәліметі бойынша 90%-ға жуығы жастардың әлеуметтік мәселелерін шешудің жолы қарастырылды ма? Құқық қорғау органдарына қатысты адам құқығын қорғау туралы халықаралық ұйымдарының шағымдары назарға алынды ма? Бұл жерде біз салдардан гөрі себепке терең үңілгенде оң нәтижеге қол жеткіземіз. Бір жыл бұрын орын алған оқиға еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуші басты құрылымдарды ішінара тазалау қажеттігін ұқтырды. Сондай-ақ тергеу ісінде кеткен қателіктер мен азаптау оқиғалары орын алған жағдайлардан көпшілік хабардар. Экстремистік, ұйымдасқан топтар мен діни ағымдардың жақтаушыларына қатысты қозғалған қылмыстық істер осы жағдайға қатысты елдегі күрделі ахуалды әлі де бақылауда ұстау қажеттігін аңғартады. Лаңкестікке бейім діни ұйымдардың қызметін тексеру, олардың экстремистік бағытқа бет алуын болдырмау мақсатында құрылым өкілдері әлі де көп жұмыс жасауы қажет. Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан полицейлер де, бейбіт тұрғындар да еліміздің азаматтары. Олардың әлеуметтік жағдайларына қарайласу жайлы тиісті министрлік өкілдері жұмыс жасауы тиіс. Осы және өзге де сұрақтар бойынша билік кешенді жұмыстарды жүзеге асыру арқылы ғана қоғамның көңіл-күйін қалпына келтіре отырып, өткен жағдайдан сабақ ала алады. Тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің күшке негізделген көне тәсілдерінен гөрі адами құндылықты құрметтейтін, қоғамды дамытудың келісімге негізделген заманауи үлгілерін іске асыра беруіміз керек. Сонда ғана қаңтардағыдай қауіпті оқиғалардың алдын аламыз. Айдын Төребаев Қосшы қаласы мәслихатының депутаты, қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі  

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *