Қаржылық сауаттылығыңыз қай деңгейде?

Экономика
view 513
news

Қосшылық экономист мамандар халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды ерте жастан бастау керек деп есептейді. Себебі сауатты болу – жас талғамайтын, сондай-ақ, кезек күттірмейтін маңызды шаруа. Бұл – ұзақ мерзімді әрі тиімді тәсілдердің бірі. Осыған байланысты сала жауаптылары қаражатты жұмсай білу, түбіртек талап ету секілді дүниелер бала кезден қалыптасу керегін де айтып өтті. Бүгінде Қосшы халқының қаржылық сауаттылық деңгейін анықтау мақсатында арнайы сауалнама жүргізген болатынбыз.   Алдымен, қаржылық сауаттылық тіркесінің мағынасына тоқталсақ. Бұл жалақыны келесі жалақыға жеткізуді немесе несие алып, оны оңды-солды жұмсауды білдірмейді. Себебі, тұрғындар мұнда бір ғана отбасының бюджеті жатпағанын түсінуі шарт, дейді мамандар. Қосшы тұрғындарының қаржы жұмсаудағы сауатын анықтау мақсатында жүргізілген сауалнаманың нәтижесіне тоқталсақ. Сауалнамада 100-ге жуық респондент онлайн жауап берді. Олардың ішінде тек 40 пайызында қаржы жөнінде сауаты бар екені белгілі болды. Бұл көрсеткіш қаржылық білім мен қаржылық көрсетілетін қызметтерді пайдалану дағдыларының деңгейлерін, өз қаржысын басқара білуді, тұтынушылардың қаржы жүйесінен хабардар болуын білдіреді. Ендеше, толық зерииеу жұмысына зер салып көрелік. Сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 60 пайызы банкте қарызы бар екенін көрсеткен. Ал 15%- ға жуығы таяу уақытта тағы да несие алуды жоспарлап отыр. Ал 20 пайызында ғана қолма-қол жинақ ақшасы бар екені анықталды. Бірақ, олар депозит жүйесі туралы хабарсыз болып шықты. Бұдан қоса сауалнама қатысушыларының 5 пайызы қаржылық инвестиция құяды. Осылайша, зерттеуге қатысқан тұрғындардың 60 пайызға жуығына қаржылық сауаттылықты арттыру қажет екені анықталып отыр. Сондықтан сарапшылар Қосшыда мектептен бастап қаржылық сауат пәні өтуі қажет деп есептейді. Мәселен, Гарвардтың ғалымдары балаларды 7 жастан бастап қаржылық білімге баулуға болатынын дәлелдеп отыр. Бұдан бөлек, бұл сала университеттерде де жеке пән ретінде оқытылуы керек. Бұл қарапайым қаржыға байланысты түсініктердің қалыптасуына, қаржы алаяқтарынан қорғануға, оларға қарсы иммунитеттің қалыптасуына ықпал етеді, дейді экономистер. Сарапшылар алған несиені төлемей қою да қаржылық сауатсыздықтың белгісі деп отыр. Ал қайтарылмаған несие алдағы уақытта қарыздың көбеюіне әкеледі. Қаржылық сауатты адам несие алар кезде өз мүмкіндіктеріне қарап, қарызын өтеуге тырысады. Сондықтан тұрғындардың қаржылық сауатты болуы да ел экономикасына оң әсерін тигізеді. Айта кету керек, Қосшы қаласында тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру шаралары жолға қойылып келеді. Мәселен елде бекітілген «Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында қала тұрғындарының түрлі топтарының қаржылық білім деңгейін, сауатын және қаржылық қолжетімділігін арттыру жұмысы қолға алынған. Дегенмен қаржылық сауатты арттырумен қоса, шаһар азаматтарының табысын көбейту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Сонымен қоса, әр азамат «депозиттің қандай түрлері бар, қай банктен депозит ашқан дұрыс, ондағы кепілдендіру қоры деген не, қанша миллион теңгеге дейін кепілдік береді, қай банк сенімді?» деген сұрақтарға жауап бере алғаны дұрыс. Осы тұста «Отбасы банк» АҚ қалалық филиалының мамандары тұрғындар тарапынан жиі қойылатын 5 сұраққа жауап берді. Айта өту керек, банктің ресми сайтында онлайн менеджер көмегіне жүгініп, депозитті банк бөлімшесіне бармай-ақ ашуға болады. Ендеше, Қосшы тұрғындары жиі қоятын 5 сауалға жауап берсек. Депозитті қалай ашуға болады? -Otbasy bank Интернет-банкінде және қосымшасында; -Бейнеқоңырау қызметі арқылы бірінші депозитті ашу; -Кеңесшілер арқылы. Кеңесшілер тізімін мына жерден ала аласыз; -Банк бөлімшелеріне тікелей жүгінген кезде; -Банктің кеңес беру орталықтарында; -Қазпошта бөлімшелерінде. Депозитті қанша жастан бастап ашуға болады? -Депозитті кез келген жастан ашуға болады. 14 жасқа дейінгі балаға депозитті ата-анасы/асырап алушысы/қамқоршысы аша алады, 14 жастан бастап баланың өзі ата-анасының/асырап алушысының/қамқоршысының келісімімен депозитті аша алады. Қандай депозиттерге өтемақы төленеді? -Өтемақы төлеу өтемақыға жататын салымдар бойынша, оның ішінде аралық тұрғын үй заемдары/алдын ала тұрғын үй заемдары бойынша қамтамасыз ету болып табылатын салымдар бойынша/ өздеріне берілген тұрғын үй заемдары бойынша үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша жүзеге асырылады. Өтемақыға 23.02.2022 жылғы операциялық күннің соңындағы жағдай бойынша әрекет еткен салымдар жатады. Өтемақы салымның ең аз сомасына, бірақ 20 000 000 (жиырма миллион) теңгеден аспайтын сомаға есептеледі. Депозит бойынша сыйақы мөлшерлемесі қандай? -01.01.2014 ж бастап қолданыстағы сыйақы мөлшерлемелері: атаулы - 2%, тиімді жылдық - 14%-ға дейін. Сонымен қатар, жинақтарға 20% көлемінде жыл сайын мемлекеттік сыйлықақы есептеледі. Мемлекеттік сыйлықақы қашан түседі? - Мемлекеттік сыйлықақы салымшы шотына есептік жылдан кейінгі жылдың 1 наурызына дейін түседі.   ХАЛЫҚТЫҢ ТАБЫСЫН АРТТЫРУ: САРАПШЫЛАР КЕҢЕСІ - Бір жылда адамның табысы жоқ дегенде 20%-ға өсуі керек. Яғни, қаржысының көлемін 20 пайызға арттыруды мақсат етуі қажет. Кейін не істеуге болатынын ойлап, жан-жақтан мүмкіндіктерді қарастыра бастайды. Мәселен, «Табысты арттыру үшін қандай қабілеттерді шыңдау керек?» деген секілді сұрақтардың жауабын іздей бастайды. - Шығынды есептеу. Егер шығындарыңызды есептемесеңіз, табысыңыздың артқаннан да пайда болмай қалуы мүмкін. Табыс артады да, шығындарыңыз да ұлғая береді. Сондықтан шығындарды реттей білу қаржылық сауаттылықтың негізі деп айтуға болады. - Жоспар құру. Сонымен қоса міндетті түрде қаржылық жоспар құрылуы керек. «Мәселен, үй алатын болсаңыз, оған жинайтын қаржыны жоспарға қосу керек. Сондықтан алдымен басымдықтарды анықтап, өзіңізге не керегін білген жөн. - Табыстың 10%-ын жинаққа қосу. Табыстың 10%-ын жинақ ретінде бөліп отыруды әдетке айналдырған жөн. Яғни депозит ашып, соған аударып отыру. - Аса қажет болмаса, тұтынушылық кредит алмаңыз. Іс жүзінде қажет болатын заттар ерекшелік болады. Қалған жағдайларда жеке бюджетке түсетін қосымша ауыртпалықтан бас тартқан жақсы. - Қаржылық қызметтерді таңдау кезінде нарықты мұқият зерделеңіз және мониторинг жасаңыз, сіз үшін неғұрлым тиімді жағдайларды іздеңіз. -Резерв құру. Бюджетті жүргізу, кірістер мен шығыстарды есепке алу, ақша жинақтау сізге неғұрлым жинақы болуға, банктерден немесе басқа қарыз берушілерден артық көмек сұрамауға көмектесед. - Өз қаржыңызды күмәнді ұйымдарға сеніп тапсырмаңыз. Сіз қаржы алаяқтарының қақпанына және қаржы пирамидаларына түсіп қалуыңыз мүмкін. - Инвестициялауды үйрену. Ақшаны сақтау жартылай біткен іс, оны көбейте білу қажет. Іс жүзінде қаржы жағынан тәуелсіз адам болу үшін инвестициялау өнерін үйрену қажет. Бұл мәселеде әртараптандыру да маңызды – қысқаша айтқанда, «жұмыртқаларды бір себетте» сақтамаңыз. Әдетте, ақшаны ақша тартады. Ақша сізге жұмыс істесін.

ҚАРЖЫ АЛАЯҚТАРЫНА АЛДАНБАУ ҮШІН…

Бүгінде ақпараттық технологиялар заманында ұялы телефон көмегімен түрлі қаржы операцияларын жасауға мүмкіндік бар. Тіпті жыл санап оны пайдаланушылар саны да артып келеді. Бұл тұрғындар үшін қолайлы тәсіл болғанымен, қаржылық алаяқтарға алдану дерегі де өршуде. Сондықтан алаяқтың арбауынп түспеу үшін, қарапайым ережені назарларыңызға ұсынамыз: 1. Фишингтің құрбаны болмас үшін күмәнді сілтемелерге өтпеңіз.. 2. Домен атауы мен хаттаманың дұрыстығын тексеріңіз (https:// – қорғалған, http:// – қорғалмаған). 3. Телефоныңызға жіберілген SMS кодтарды, төлем карталарыңыздың деректемелерін және картаның артындағы кодты ешкімге айтпаңыз және бұл ақпаратты ешжерде жарияламаңыз. 4. Желідегі күмәнді ұсыныстарға сенбеңіз. Мәселен сізге жолыңыз болды, сізге біреу мұрасын қалдырды, ұтыс ойынынан, лотереядан, акциялардан ұтысты болдыңыз деген хабарламаға жауап бермеңіз. Бұл алаяқтардың сіздің қаржыңызға ие болудың тағы бір тәсілі болуы мүмкін. 5. Аккаунтарыңызды күрделі құпиясөздермен қор-ғаңыз. Сондай-ақ, әр қосымшаға, поштаға немесе сайтқа бірегей парольді, банктердің мобильді қосымшаларын енгізу кодтарын қоюды ұмытпаңыз.

Материалды дайындаған Азиза Өтеулиева

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *