Кәсіпкер, меценат Әлия Жанәділова мен Дидар Келгенбай қос қарияға баспана сыйлады

Жаңалықтар
view 1746
news

Сурет: janabastau.kz

Қазақ халқында «қолы ашықтың — жолы ашық» деген  жақсы сөз бар. Шүкір,  бүгінде елдің келісті келешегі мен  ұлағатты болашағын  ұмытпаған, ал, қарияларын  ұлықтаған  қайырымды жандар  қоғамда көбейіп келеді. «Байлық мұрат емес, жоқтық  ұят емес» деген  дана халқымыз  дүние жинауды басты мұрат тұтпай,  оны тек басқаға жанашырлық  танытып,  көмек көрсету мүмкіндігі деп қараған. 

 
 
Қанда бар  осы қасиет бүгінде елі ерге қарағанда,  ері жерге қарамаған азаматтардың ғана емес,  ақылы мен  парасаты жарасқан  қазақ  қыздарының да бойынан  табылады. Міне,  сондай іскер әйел, мейірімді жүрек иесі Әлия Жанәділова мен оның серіктесі, Дидар Келгенбай қос бірдей қамкөңілді жұбатып, үлкен  қуанышқа кенелтті. Нақтырақ айтқанда,  90 жастағы Ізтілеуқызы Жұмат әже мен  оның қызы, 70 жастағы Ізтілеутегі Кенжекүл апаға Елорданың төрінен  қос бөлмелі пәтер  кілтін  табыс етті.  Барлық жиһаз-жабдығымен, қажетті бұйымдарына дейін  түгелдеп  ұсынылған баспана осылайша қос қарияны шаттыққа кенелтті.  Жаңа пәтердің тұсаукемер рәсіміне  ел азаматтары қатысып, жанашыр жақындар қуанышқа ортақтасты. Ал,  Нұрлан  имам есімімен  танымал белгілі дінтанушы құрметті қонақ болып,  игі істің  басынан табылды.

—Бас қалада жиырма жылдан бері пәтерге қолжеткізе алмай жүрген  жолдастарым бар. Ал менің жолымды Алла Әлия Хайырсанқызы мен  Дидар  Ақашұлының арқасында оңғарды.  Қолымда 90 жастағы анам бар. Өзім үшінші топ мүгедегімін. Осыдан  біраз жыл бұрын  небәрі 33 жасар ұлымнан  айрылып,  қайғыдан  қан жұтқанымда еңсемді көтеруге осы екі азамат көп жәрдемдесті. Негізі Мереке деген  қызым осы Әлияның қолында жұмыс істейді.  Қызыма үнемі қамқорлық танытып,  ауылда қалған  маған  алаңдап,  қалаға қасына алсайшы деп жүріп  өзі әкелткізіп алған.  Сол кезден бастап  біздің тікелей қамқоршымыз болды.  Алдымен  пәтер  жалдап  берді,  ол пәтерде бес жыл бойы тұрдық. Денсаулығымды тексертіп,  түгелдей емдетті.  Маған жасаған жақсылығын айтып жеткізе алмаймын.  Қашан да қасымыздан табылып, кешке  уақыт пен  көңіл бөліп,  дүкен аралатып,  көлігімен  қыдыртатынын  айтсайшы.  Жүрегім ауырғанда да емдетті,  осы күні әуелі Алла,  сосын  Әлияның арқасында тірі отырмын  десем артық  емес. Тіпті, азық-түлікпен  қамтып,  жылқының еті, қазы-қарта дейсіз бе,  ауылда жемеген  бақыр-бақыр  тосапқа дейін  әкеліп  қояды. Өзі сондай жүрегі мейірімді, нәзік  болғанмен,  мінезі қайсар,  батыр  қыз. Осы күнге адал  еңбегінің арқасында жетті. Кәсібін  өзі нөлден  бастап, аяққа нық тұрғызған іскер әйел. Сол кезде,  әлі кәсібі дөңгелемей тұрғанда айтушы еді жарығым,  «Апа мен әлі сізге үй алып берем» деп,  Алла қалап, ниетіне беріп,  қолын ұзартып  жатыр. Алғысымды қалай жеткізерімді білмей шаттықтан  толқып тұрмын,  —дейді Кенжекүл апа. 

Қос қарияның алғысына бөленіп,  батасын алған  қайырымды қыз Әлия Қайырсанқызы ұлдары Бақтияр, Мадияр, Дидарды да жастайынан  еңбекке, қайырымдылыққа баулыған. Құлпынай бизнесімен айналысатын кәсіпкер отбасы табандылықтың арқасында бүгінде тірліктің көзін  тауып, шаруасын  дөңгелетіп  отыр.

—Осыдан аттай бес жыл  бұрын  сонау Мойынқұм ауылынан қос қарияны қамқорлығымызға аламыз,  өзіміз қарап,  барлық  жағдайын  жасаймыз  деп  Астанаға көшіртіп  алған  едік.  Сөйтіп,  Республика көшесінен  толық жағдайы жасалынған  жалдамалы пәтерге жайғастырдық.  Денсаулықтарын  емдеттік,  апаларымыз  осы ауданға үйреніп те қалды. Пәтер аларда да осы аумақтан  әперуімізді қалады. Сондықтан  ұзақ іздедік.  Бірақ, «сабақты  ине сәтімен» дегендей, дәл өздері тұратын  тұрғынүй подеьезінен,  тек бір  қабатқа ғана жоғары,  біз  іздегендей,  дәл екі бөлмелі, 70 шаршы метр   баспана сатылымға жарқ етіп  шыға келді. Осылайша қос қарияның несібесін  Алла өзі бере салды! Пәтерді сатып алған күні толық жөндеуден  өткізіп, дизайны, ішін  жиһаздармен  жабдықтауды өз ісінің маманына тапсырдық. «ШАХ ремонт» компаниясы өзінің жұмыс тобымен  бастан аяқ 24/7 уақытымен, 15 күнде дайын қылды. Осы тұрғыда «ШАХ ремонт» компаниясының басшысы Алмат мырзағада алғысымызды білдіреміз  —дейді жомарт жандар. 

Иә,  бұйырған  байлықты парасат-пайыммен жұмсап, қасындағыларға қайырымдылықпен қарайласу қанмен келетін қасиет болса керек. «Адамнан  мырзалық болса, Алладан  ырзалық болады» дегендей,  жасаған  жақсылықтарыңыз  өздеріңізге еселеп қайтқай. Қоғамда қайырымдылық пен  мейірім жібі үзілмесін!
 
Салтанат ЕСЕНҚҰЛОВА

Пікірлер (2)

  • Балнұр

    Баспана құтты болсын! Қариямын сыйлаған ел текті болады. Қарияда қазына бар дейді

  • Саян

    Бәрекелді! Баспана құтты болсын! Бізге де жұғысты болсын Қазақ елінде осындай мейірімді азаматтар көп болсын

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *