Қазақ даласындағы өрт: Тілсіз жау өңірлерді шарпып барады

Редакция таңдауы
view 99
news

Кейінгі күндері бүкіл қазақ даласында қаулаған өрт жұрттың үрейін туғызып, ормандар мен жайылымдарға, егін алқаптарына жайыла бастады. Неліктен бір уақытта жан-жақтың өртеніп кеткені көптің көңілін күпті етіп, әдейі өртеу, диверсия деген нұсқаларды қуаттай түскендей болып отыр. Газетіміздің тілшісі осы ретте төтенше оқиғалардың хронологиясына шолу жасап, өрттің шығу себептеріне үңіліп көрді.

2 қыркүйекте басталған өрт

Қып-қызыл өрт алдымен Қостанай облысын шарпып, 4 қыркүйекте орман өртіне байланысты жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Бұл жөнінде Қостанай облысы әкімдігінің ресми сайты сол күні хабарлаған болатын. Әкімдіктің хабарлауынша, «облыс әкімдігі резервінен зардап шеккендерге көмек көрсетілген». Қаржы бірінші кезекте жатын орын мен тамаққа жұмсалған. Эвакуацияланған 1800 адамның 200-ге жуығы мектептерге орналастырылған. Көбі қауіпсіз екеніне көзі жеткен соң үйлеріне оралған. Кейбірі туыстарын паналаған. Ресми ақпарат бойынша, өрт жайылған бірнеше елді мекенде 108 ғимаратты өрт шалып, 98-і толық өртенген. Бұған дейін билік үйлері өртенген және бүлінген азаматтарға баспана жағынан көмектесуге уәде берген. Ал Төтенше жағдай минис­трлігі 4 қыркүйек түскі сағат 1-дегі жағдай бойынша, екі елді мекен және М-36 республикалық трассасы бойында, сонымен бірге орман аймағының 8 учаскесінде өрт сөндіріліп жатқанын хабарлады.

Қостанай өңіріндегі өрттің зардабы қандай?

Апаттың айтып келмейтіні рас. Десе де, Қостанайдағы талайды баспанасынан айырып, дүние-мүлкі мен қорадағы малдарына дейін тірідей жанып кетуіне себеп болған өрт қайдан шықты? Алдын ала мәлімет бойынша, 2 қыркүйек күні Қостанай облысындағы орманнан шыққан өрт үш күнде 43 мың гектар жерді шарпып, төрт елді мекенге тараған. Өрт шыққан 4 ошақта, атап айтқанда, Аманқарағай, Лесное, Бағаналы және Озерное ауылдарында өртті ауыздықтау жұмыстарына шамамен 200-ге жуық техника, 100-нан аса адам, ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар, Ұлттық Ұлан, полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Соңғы мәлімет бойынша ондағы елді мекендерге қауіп жоқ. Жалындап жанып жатқан учаскелер қалмаған, қалдық от ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Төрт аумақта да қарауылдау шаралары ұйымдас­тырылған. Ол жақта аздаған жаңбыр жауғандықтан, ауа ылғалдығы жақсы.

Президент сапары

Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына барды. Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккен азаматтармен кездесті. Шұғыл әрекет ету штабы отырысынан кейін Мемлекет басшысы орман өртінен зардап шеккен Аманқарағай ауылының аумағын аралады. Әулиекөл ауылындағы мектепте орналасқан эвакуациялау пунктінде зардап шеккен азаматтармен кездесіп, гуманитарлық көмек тарату пунктінің жұмысымен танысты. Зардап шеккендермен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет қиын жағдайды еңсеру үшін барлық шараларды қабылдайтынын айтты. – Өкінішке қарай, үлкен өрт болды. Дегенмен, тиісті көмек көрсетіледі. Сіздердің баспанасыз қалғандарыңызды білемін. Үкімет екі-екі жарым айда сіздерге бұрынғыдан әлдеқайда жақсы жаңа үйлер салып береді, – деді Мемлекет басшысы. Президент еріктілермен әңгімелесіп, оларға көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты. – Расында, бұл – үлкен шаруа. Зардап шеккен азаматтардың бәрі екі-үш айдың ішінде баспаналы болады деп уәдемді бердім. Оған күмәнім жоқ. Ол – бір. Екіншіден, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына қатысты. Ең алдымен, осы мәселені шешейік. Содан кейін амандық болса, осы бір қасиетті жерге келіп, Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың рухына тағзым етіп, тойды өткіземіз, – деді Президент. Бір өңірде сөндірілгенімен, екінші өңірде жағдай ушықты Қостанай облысындағы төтенше жағдайдан кейін Алматыдан өрт шықты. Әлеуметтік желіде азаматтар Көктөбеге таяп қалған өрттің видео-фотосуреттерін тарата бастады. Бірақ дәл осы Алматыдағы өрттен кейін «бұл шынында да, диверсия емес пе?» деген күдік көпшілікті мазалай бастаған. Өйткені, кешқұрым белгісіз біреудің Алматыдағы тоғайлар арасында от жағып жатқан видеосы тарады. Ертеңінде, тіпті, Алматы тұрғындарының бірі қасақана от жағып жүрген бір ер азаматты видеоға түсіріп алған. Ең таңғаларлығы – ұсталған адамның төтенше жағдайлар қызметінде еңбек ететіні туралы ақпарат. Әзірге Төтенше жағдайлар министрлігі бұл туралы ешқандай түсіндірме берген жоқ. Алайда ұсталған адамның аккаунты арқылы азаматтар оның өрт сөндіруші болғанын жарыса жазып жатыр. Алматыда Көктөбе баурайында тұтанған өрт 6 қыркүйекте толығымен сөндірілді. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. «6 қыркүйек күні сағат 18:58-де Алматы қаласы ТЖД өрт сөндірушілері Медеу ауданы, Жәнібеков көшесі, 78-үй маңындағы мекенжайға жоғары дәрежедегі шақырту бойынша жіберілді. Келген бойда алдын ала болжам бойынша 3 га алаңда тау баурайы учаскелерінің жанып жатқаны анықталды. Қаланың өзара іс-қимыл қызметтерінің күштері мен құралдары дереу ұлғайтылды. Сөндіру күрделі рельефпен, желдің күшеюімен және күннің қараңғы уақытымен қиындады. Қабылданған жедел шаралар арқасында сағат 20:22-де толық оқшаулауға қол жеткізілді. Сағат 20:35-де өрт толықтай сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ», - делінген хабарламада.

ШҚО, Абай облысы! Келесі қай өңір?

Өкінішке қарай, өрт жағдайлары екі өңірмен шектелген жоқ. 6 қыркүйекте Өскеменде, одан ары Зайсан, Марқакөл, Катонқарағай, Глубокое аудандарында өрт шыққаны туралы ақпарат келіп түсті. Абай облысындағы Жарма, Аягөз, Баршатас жақтан да тілсіз жау қаулап келеді. Неліктен дәл осы мезетте өрттің лаулап шыға келгені бәрі түсініксіз. Кейбір азаматтар бұдан саяси астар іздесе де ешкім нақты дәлел келтірген жоқ. Ал Төтенше жағдайлар министрлігі ресми түсіндірмесінде «диверсия» туралы былай деп ақпарат таратты. «Біздің елдегі дала өртіне тұрғындардың отпен ойнауы да себеп болады. Елдегі өрттің 50 пайызы осындай жағдайлардан тұтанады. Өрт қауіпсіздігін сақтамау және найзағай түсу салдарынан да өрт жиілейді», - дейді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы Комитет басшысының орынбасары Дмитрий Титов. Сондай-ақ, елдегі өрттің негізгі себебі ретінде ТЖМ өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау мен отқа абайсыз қарау екенін қадап айтады. Дегенмен елде күдік көп. Қиын-қыстау кезеңде қазақ қашан да жылу жинап, елдің басына түскен жүкті бірге көтеріп алатын. Бұл жолы да еліміздің барлық аймағында гуманитарлық жәрдем жинайтын 200-ден астам пункт ашылды. Өрттен зардап шеккендерге демеу болудан тартынып жатқандар жоқ. Қостанайлықтарға қаржылай көмек көрсету мақсатында арнайы есепшот та ашылған. Көмектесем деушілер Қостанай облысына қолдау көрсету мақсатында ашылған Бірыңғай қоғамдық қордың реквизиті арқылы жәрдем бере алады. «Қайырымдылық KZ» ҚҚ БИН 220640046689  ИИК KZ82601 A22100 1568 401 «Қазақстан Халық банкі» БИК HSBKKZKX  Кбе 18.

Нұрән ӘДІЛЕТ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *