Қазақстанның туристік әлеуеті бай және алуан түрлі

Жолдау
view 244
news

Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауында еліміздегі қалыптасқан жағдайға терең талдау жасап, алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын белгілеп, қоғамдық өмірдің барлық өзекті тұстарын қамтыды. Соның ішінде туризм саласының дамуы жайлы да сөз қозғады.

– Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді, – деді ол.

Ашығын айтқанда, Қазақстанның туристік әлеуеті бай және алуан түрлі, яғни біздің туризмнің барлық дерлік түрлерін дамыту үшін бірегей мүмкіндіктеріміз жоқ емес, бар. Айта кету керек, бұл сала бизнеске де, мемлекетке де тиімді. Біріншіден, туризм экономикалық көрсеткіштерге оң әсер ете алады. Екіншіден, халықтың жұмыспен қамтылуын арттыруға көмектеседі. Үшіншіден, елдің инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді.

Еліміздің көрікті жерлеріне қызығушылық танытатын шетелдік туристер саны артып келеді. Таңғажайып орындарға демалу үшін арнайы баратын қазақстандықтар да жеткілікті. Расымен де, сан алуан табиғатымыздың көрінісі кейде таңғалдырады. Біздің елді «ашық аспан астындағы мұражай» деп бекер атамайды.

Әсемдігі мен көзтартар ерекше сұлулығымен белгілі Шарын шатқалы, Алматыдан бірнеше шақырым жерде орналасқан Көлсай және Қайыңды көлдері, ең жұмбақ және қорқынышты жерлердің бірі Шайтанкөл сияқты басқа да жерлерге барсаңыз, ерекше әсер алатыныңыз сөзсіз. Қысқасы, елімізде мақтанып көрсетуге тұрарлық көрікті мекендер өте көп. Қазақстанның табиғаты еш мемлекеттен кем емес. Бізде бір жақсысы – жыл мезгілінің төртеуі де бар. Сондықтан туризм саласының дамуына жол ашылса, нұр үстіне нұр болар еді.  

Жанар Ахметова, Jana Bastau сайтының веб-редакторы

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *