Ел болашағы – жастар

Жолдау
view 339
news

Мемлекет басшысы 2023 жылы 1 қыркүйек күні Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Онда ел дамуының негізгі бағыттары бойынша қадау-қадау бастамалар көтерілген. Ең алдымен, Президенттің бұған дейінгі жылдардағы Жолдауларында көтерілген бастамалардың басым көпшілігі жүзеге асқанын нақты айта кетуіміз керек. Бастамалардың бірқатары бойынша жұмыс әлі жалғасып жатыр. Мәселен, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл бүгінде елімізде атқарылып жатқан игілік істердің бір парасы ғана.

«Ел ертеңі қандай болмағын бүгінгі жастарға қарап таны» демекші, Мемлекет басшысы әсіресе жас өскінді заманауи ілім-білімге баулуға ерекше мән беретінін айта кеткен жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір қазақстандық оқушының білім алуы мен жан-жақты дамуы үшін лайықты жағдай жасалуы керектігін айтады. Осыған орай, 2022 жылдың қыркүйегінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын әзірлеуді және жүзеге асыруды тапсырды. Ұлттық жоба апатты мектептерді, үш ауысымда оқытуды және оқушылар орнының  тапшылығын жоюға бағытталған.

Жоба аясында 740 мың оқушыға арналған жаңа бағыттағы 369 заманауи мектеп құрылысы жоспарлануда. Қалаларда 205, ауылдарда 164 білім беру нысаны салынады. 217 ғимараттың құрылысын 2024 жылы, тағы 152 ғимаратты 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Жалпы жобаны жүзеге асыруға 2,4 трлн теңге бөлінеді. Биылдың өзінде 12 апатты және 29 үш ауысымды мектепті қысқарту мақсатында 132 мың оқушыға арналған 154 мектеп салынады. Келесі жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында 461 мың оқушыға арналған тағы 217 мектеп пайдалануға беріледі. 2023-2024 оқу жылында мектептерде 3,9 миллионға жуық қазақстандық білім алады. Оның ішінде 400 мыңға жуық бүлдіршін 1 сыныпқа барса, 18 мыңнан астам 11 сыныпты бітірмекші. Оқушылардың 70 пайызға жуығы мемлекеттік тілде оқуға ниет білдірді.

Дәулет АСАУ,  Jana Bastau газетінің бас редакторы

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *