Қазақтың қара балуаны туралы не біліміз?
Жаңалықтар
192
Балуан Шолақ кешені Ақмола облысы Бұланды ауданында орналасқан.
Нұрмағанбет Баймырзаұлы Балуан Шолақ (1864-1919) – қазақтың халық композиторы, жауырыны жерге тимеген балуан. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Дулат тайпасының Сәмбет руынан. Бірақ, аталары ерте кезде Арқаға қоныс аударғандықтан, оның бар өмірі Көкшетау өңірінде өткен.
Әкесі Баймырза ағаш шебері болған. Әкесіне қарағанда, шешесі Қалампыр қарулы кісі болған дейді.
Балуан Шолақ жастайынан шымыр болып, аттың құлағында ойнап өскен. 14 жасынан бастап күреске түскен. Балуан Шолақ Көкшетауда өткен үлкен жиындарда 51 пұт (830кг-дай) кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таң қалдырған. 1899 ж. орыс палуаны Иван Кореньмен күресіп, оның қабырғасын сындырғанда Балуан Шолақтың жасы 35-те болды.Мұның үстіне Балуан Шолақ ән-күйге жасынан құмар болған. Бертін келе, жігіт шағында Балуан Шолақ осы екі өнерді қатар дамытады. Әке-шешесі қайтыс болған соң, Ғаникей деген қызға үйленген Балуан Шолақ ел аралап, маңына әнші-күйші, палуан, өнерлі жастарды жинайды.
Өзі ұстаз тұтқан Біржан сал, Ақан сері әндерінің тамаша орындаушысы әрі насихатшысы болады. Олардың әнші-композиторлық дәстүрін берік ұстанып, кейін ән шығарады. Бұл тұрғыдан алғанда, Балуан Шолақ қазақтың әншілік өнерін өрістетуге үлкен үлес қосқан композитор. Көкшетау, Қарқаралы, Қараөткел, Сарысу бойындағы елдерді түгел аралаған. Балуан Шолақ Баянауыл, Семейде болады, Арқаның әндерін Жетісуға жеткізеді. Осы сапарында Кенен Әзірбаев Балуан Шолақтың көптеген әндерін үйреніп, халыққа таратады.Балуан Шолақтың «Ащылы-айырық», «Балуан Шолақ», «Желдірме», «Дікілдек», «Көкшетау», «Қосалқа», «Қос барабан», «Қос перне», «Құлан кісінес», «Кенже қоңыр», сияқты әндері бар. Оның халық арасына кеңінен тараған әндері – «Ғалия» мен «Сентябрь». Балуан Шолақтың әндерін шебер орындаушылар Ж.Елебеков, М.Көшкімбаев, М.Тырбаев, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов, т.б. болды.
Белгілі музыка зерттеушісі А.В. Затаевич ел арасынан Балуан Шолақтың бірнеше әндерін жазып алып, оны «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинақтарына енгізеді.
Балуан Шолақ Баймырзаұлына ескерткіш орнатылған. Қай уақытта болмасын, қазақ халқы өзінің ұлы тұлғаларын ешқашан ұмытқан емес. Себебі, тұтас бір ұлттың рухын сақтаған шығармалармен халықтың жадында қалған дала дарындары, ол – болашақ ұрпақтың алдында топырақтың қасиетін айқындайтын дәлел.
Пікірлер (0)