Көкшетауда «Балғын балалық шақ» атты мерекелік іс-шара өтті
Сурет: Ашық дереккөзден
Балалық шақ – әр адамның жүрегінде сақталатын ең шуақты естелік. Бүгін Көкшетаулық балалар дәл сондай әсерлі әрі мағыналы күннің куәсі болды. Оқу-ағарту министрлігі жариялаған 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында «Отбасында өмір сүру бақыты» тақырыптық күні өтті. Осы күн шеңберінде ұйымдастырылған «Балғын балалық шақ» атты іс-шара балғындарға шын жүректен қуаныш сыйлады.
Шараға көпбалалы отбасылардан шыққан, ерекше қажеттіліктері бар және асыранды балалар, сондай-ақ толық емес отбасылардың балалары қатысты. Олардың жүздеріндегі шат күлкі мен шынайы қуаныш – бұл күннің басты көрсеткіші десе болады.
Іс-шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Аналар кеңесі» мен «Qolqanat» әлеуметтік жобасы бірлесіп ұйымдастырған. Таңертеңнен бастап балалар ата-аналарымен бірге «Арманға жол» атты асфальтта сурет салу сайысына кірісіп кетті. Ауа райының құбылуына байланысты кейбір суреттер аудитория ішінде түрлі-түсті қарындаштармен салынды. Әр сурет – баланың арманы мен қиялының көрінісі іспетті.
Келесі кезекте ашық аспан астында аниматорлар «Біз бақытты баламыз!» атты көңілді ойындар өткізді. Балалар қуанышпен жүгіріп, шаттана күлді. Бұл – балалық шақтың ең шынайы көрінісі еді.
Бала мен ата-ананың арасындағы байланысты нығайтуға арналған «Жаныңдамын. Біргемін» атты психологиялық тренинг те көптің жүрегінен орын алды. Қарапайым, бірақ өте әсерлі жаттығулар арқылы олар бір-біріне жақындай түсті.
Фойеде ұйымдастырылған «ANA» атты фотокөрме ана мен баланың арасындағы нәзік байланысты, отбасылық жылулықты бейнелесе, отбасылардың бірлігі мен махаббаты «Бақытты отбасы» атты фотокөрме арқылы паш етілді.
Бұдан бөлек, балалар «Қоғамдық келісім» мекемесіне экскурсия жасап, елдегі татулық пен келісімнің маңызы туралы қызықты мәліметтермен танысты.
Шара соңында балаларға тәтті мақта мен сыйлықтар үлестіріліп, «Шын жүректен» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.
Пікірлер (0)