Көкшетауда мәдени апта өтеді Көкшетауда 7-9 қазан аралығында өңірдің үш өнер ордасының мерейтойына арналған мәдени шаралар өтеді.

Жаңалықтар
view 25
news

Фото: Ресми дереккөзден

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы 80 жылдығын, Шақмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры 30 жылдығын, ал Ақмола облыстық орыс драма театры 50 жылдығын атап өтеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Мерейтойлық бағдарлама 7 қазанда филармонияның 80 жылдығына арналған шаралармен басталады. Сағат 11:00-де Қазақстан филармонияларының директорлары мен мәдениет саласының өкілдері қатысатын «Тазалық - мәдениеттің бастауы» атты дөңгелек үстел өтеді. Ал 16:00-де қонақтар Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжіне барып, мәдениет пен өнер саласына маман даярлау жүйесімен танысады.

Кешкі 19:00-де филармония сахнасында мерейтойлық гала-концерт ұйымдастырылады. Бағдарламада К. Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, симфониялық және эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрлері, «Гәкку» би ансамблі мен солистер өнер көрсетеді. Арнайы қонақтар қатарында Секен Тұрысбек, Біржан Хасанғалиев және Айтқали Жайымов бар.

8 қазанда Шақмет Құсайынов атындағы театр 30-шы маусымын Мәр Байджиевтің «Он екінші күн» комедиясымен ашады. Қойылымға биыл 90 жасқа толатын Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова қатысады.

9 қазанда Ақмола облыстық орыс драма театры 50-ші маусымын Мұхтар Әуезов шығармасы негізінде сахналанған «Лютый» драмасымен бастайды. Қойылым бұған дейін республикалық және халықаралық фестивальдерде бірнеше марапатқа ие болған.

Үш күндік бағдарлама Көкшетауда әр буын мен әр бағыттағы өнер өкілдерін бір алаңға жинап, өңірдің кәсіби өнерінің тарихы мен бүгінгі тынысын таныстырады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *