«Оңай табыс» қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін
Фото: Ашық дереккөзден
Қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жастарға қысқа уақытта көп ақша табуға уәде беретін түрлі күмәнді ұсыныстар кездеседі. Бір қарағанда, мұндай хабарламалар қарапайым жұмыс немесе қосымша табыс көзі сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның артында есірткі заттарын заңсыз тасымалдау немесе тарату сияқты қылмыстық әрекеттер тұруы ықтимал, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Құқық қорғау органдары азаматтарды, әсіресе жастарды, интернеттегі осындай ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырады.
Кей жағдайда қылмыстық топтардың өкілдері мессенджерлер арқылы «курьер», «жеткізу қызметкері» немесе «жасырын тапсырманы орындаушы» ретінде жұмыс ұсынады. Тапсырма қарапайым болып көрінгенімен, оның мазмұны заңсыз болуы мүмкін. Мәселен, адамға белгісіз бір пакетті алып, көрсетілген жерге жеткізу немесе белгілі бір орынға қалдыру тапсырылады. Ол үшін белгілі мөлшерде ақша ұсынылады.
Мұндай жағдайда «пакеттің ішінде не бар екенін білмедім» деген уәж әрдайым жауапкершіліктен босата бермейді. Егер адамның есірткі заттарын заңсыз айналымға тартуға қатысы анықталса, ол заң алдында жауап береді.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 297-бабында есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Мұндай қылмыс үшін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Сондықтан әлеуметтік желілерде немесе мессенджерлерде «оңай ақша», «тәжірибе қажет емес», «бір тапсырма үшін жоғары ақы» деген сипаттағы күмәнді ұсыныстарға ерекше сақтықпен қараған жөн.
Бейтаныс адамдардың өтініші бойынша белгісіз заттар мен пакеттерді тасымалдауға, сақтауға немесе басқа адамдарға беруге болмайды. Күмәнді ұсыныс түскен жағдайда оған келіспей, құқық қорғау органдарына хабарласқан дұрыс.
Бір сәттік табыс үшін өз болашағыңызға қауіп төндірмеңіз. Оңай ақша туралы ұсыныс кейде ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Заңды білу және күмәнді ұсыныстардан дер кезінде бас тарту – өзіңізді және жақындарыңызды қылмыстық қауіптен қорғаудың маңызды жолы.
Пікірлер (0)