Антифрод-базаға түсті: бұл банк клиенті үшін нені білдіреді?
Фото: Ресми дереккөзден
Банк аударымы өтпей, карта жұмыс істемей немесе шот бойынша операцияларға шектеу қойылса, оның себептерінің бірі күдікті транзакцияларға байланысты жүргізілетін тексеру болуы мүмкін. Кей жағдайда клиентке оның деректері Антифрод-орталықтың базаларымен байланысты екені хабарланады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Алайда бұл адамның алаяқ деп танылғанын білдірмейді.
Антифрод-орталығы не үшін қажет?
ҚР Ұлттық Банкінің Антифрод-орталығы алаяқтық белгілері бар төлем операциялары туралы ақпаратпен қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасында алмасуды қамтамасыз етеді.
Маңыздысы — Антифрод-орталығының өзі банк шоттары мен карталарын бұғаттамайды және азаматтарды базаға енгізу немесе одан шығару туралы шешім қабылдамайды.
Сондықтан операцияларға шектеу қойылған жағдайда бірінші кезекте қызмет көрсететін банкке жүгіну қажет.
Шектеу қойылса, не істеу керек?
Банкке ресми арналар арқылы хабарласып, мынаны нақтылаған жөн:
- қандай операцияларға шектеу қойылғанын;
- шектеудің Антифрод-орталығымен байланысты-болмағанын;
- тексеруге не себеп болғанын;
- қандай құжаттар қажет екенін;
- құқық қорғау органдары іске қатысып жатыр ма, жоқ па.
Егер ақша мен операцияның заңды екеніне сенімді болсаңыз, оның шығу тегін растайтын құжаттарды дайындау қажет. Мысалы, сатып алу-сату немесе қызмет көрсету шарты, чек, табысты растайтын құжаттар, қарызды қайтару туралы мәліметтер және басқа да материалдар сұралуы мүмкін.
Егер мәселе құқық қорғау органдарына қатысты болса, банк көрсеткен тиісті органға жүгініп, қажетті түсініктемелер мен құжаттарды ұсыну керек.
Антифрод-орталығына тікелей жүгінуге бола ма?
Шотты бұғаттан шығару мәселесін тікелей Антифрод-орталығы арқылы шешу қарастырылмаған. Клиент алдымен өз банкіне жүгінуі тиіс.
Сонымен бірге Антифрод-орталығының ресми порталында биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін өзі туралы мәліметтердің бар-жоғын тексеру мүмкіндігі бар.
Ақша заңды болса да, неге тексерілуі мүмкін?
Кейде адамның өзі заңсыз әрекет жасамаса да, оның шоты күдікті операциялар тізбегіне байланысты тексерілуі мүмкін. Мысалы, таныс адамнан түскен қарапайым аударым басқа күдікті транзакциялармен байланысты болуы ықтимал.
Мұндай жағдайда жағдайды өз бетіңізше «түзетуге» тырыспаған жөн.
Ақшаны басқа шоттарға аудармаңыз, төлемдерді әдейі бөлмеңіз, шектеуді айналып өтпеңіз және үшінші тұлғалардың өтініші бойынша қаражатты қолма-қол шешіп бермеңіз.
Оның орнына банктің сұрауы бойынша ақшаның шығу тегін растап, операцияның мән-жайын түсіндіру қажет.
Дропперлік схемалардан сақ болыңыз
Өз картаңызға басқа адамның ақшасын қабылдап, оны әрі қарай аударып беру және бұл үшін сыйақы алу дропперлік схемаға қатысуға әкелуі мүмкін.
Қазақстанда 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап дропперлік үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Сондықтан банк картасын, шотын немесе мобильді банкингке қолжетімділікті басқа адамдарға беруге болмайды.
Егер адам алаяқтардың құрбаны болса, бұл туралы банкке дереу хабарлап, қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінуі керек.
Есте сақтаңыз: шот бойынша шектеу қойылуы адамның алаяқтыққа қатысы бар екенін автоматты түрде білдірмейді. Ең бастысы — шектеудің нақты себебін банк арқылы анықтап, қажетті құжаттарды ұсыну және операцияларды айналып өтуге әрекет жасамау.
Ақшаны «антифрод-базадан шығарып береміз» немесе шотты «бірден ашып береміз» деп уәде ететін делдалдарға сенбеңіз. Мұндай мәселелер тек белгіленген тәртіппен шешіледі.
Пікірлер (0)