Кондитерлік астанадан сүт алыптарына дейін: Қостанай облысындағы ірі кәсіпорындарға баспасөз туры
Фотосурет: gov.kz
Ауыл шаруашылығы министрлігі Қостанай облысына баспасөз турын ұйымдастырды. Оған аталған министрліктің вице-министрі Азат Сұлтанов, сондай-ақ республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сапардың мақсаты – өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніндегі жетекші кәсіпорындардың қызметімен, инвестициялық жобалардың және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеудің даму қарқынымен танысу.
Баспасөз турына қатысушылар алдымен «АгромашХолдинг KZ» кәсіпорнына барды. Бұл еліміздегі ауыл шаруашылығы техникасын жоғары деңгейде жергілікті жерге ыңғайлап шығаратын ірі өндіруші. Мұнда LOVOL, DEUTZ-FAHR, JOHN DEERE, ESSIL маркалы комбайндар мен тракторлар, сондай-ақ жаткалар, сепкіштер мен қосалқы бөлшектер шығарылады.
2025 жылы Локализация орталығының базасында John Deere маркалы өздігінен жүретін және тіркемелі техника өндірісі басталды.
Инвестиция көлемі 12,6 млрд теңгені құрайды.
Одан кейінгі нысан - еліміздегі ең көне және ірі кондитерлік кәсіпорындардың бірі «Баян Сұлу». Мұнда «Кондитерлік астана» атты жаңа өндірістік кешеннің құрылысы бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Құны 14,3 млрд теңге тұратын нысанды іске қосу 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған. Бұл өндірістік қуатты жылына 16,6 мың тонна өнімге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Журналистер сондай-ақ «МИЛХ» ЖШС заманауи сүт өңдеу зауытына барды. Кәсіпорын өткен жылы пайдалануға берілген.
Өндіріс қуаты – жылына 10 мың тонна ірімшік, ал инвестиция көлемі 7,2 млрд теңгені құрайды.
Компания «Новый день» және «Просто» брендтерімен өнім шығарады, тәулігіне 200 тоннадан астам сүт өнімін өндіреді.
Кәсіпорын құрамына үш зауыт кіреді. Олар: сүт өңдеу, май мен ірімшік өндіру, қышқыл сүт өнімдері мен балмұздақ шығару зауыттары.
Бұл жерде 710 адам жұмыс істейді, еңбек өнімділігі – бір жұмысшыға шаққанда 49,1 млн теңгеге есептелген.
Шикізат 12 мың жеке қосалқы шаруашылықтан сатып алынады, бұл - өңірдің 40 мың тұрғынын табыспен қамтамасыз етеді. Қышқыл сүт өнімдері мен балмұздақ шығару желілерінде Швейцарияның Tetra Pak жабдықтары орнатылған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне 200 мың дана балмұздақ және 120 мың орама қышқыл сүт өнімі. Өнімдер «жасыл экономика» қағидаттарына сай келетін Норвегияның Elopak компаниясының PurePak экологиялық таза қаптамасында шығарылады.
Іс-шара барысында «Садчиковское» (жылдық қуаты 11 мың тонна сүт) және Рудный қаласындағы «Лидер-2010» кәсіпорындары да назардан тыс қалмады. «Лидер-2010» – тәулігіне 100 тоннадан астам сүт өнімдерін шығаратын өңірдің ірі өндірушілерінің бірі.
«Жас Қанат-2006» құс фабрикасы да журналистердің айрықша қызығушылығын тудырды. Кәсіпорын жылына 250 млн дана жұмыртқа өндіреді және өңірді «КОКО» брендімен құс еті және жұмыртқамен қамтамасыз етеді. 2007 жылдан бері кәсіпорынның дамуына 4 млрд теңгеден астам инвестиция салынған.
Пресс-тур қатысушылары сондай-ақ «Терра» ЖШС қызметімен танысты. Кәсіпорын өсімдік шаруашылығы мен ет бағытындағы мал шаруашылығымен айналысады. Бордақылау алаңында 36 мың басқа дейін ірі қара ұсталады, ал 2024 жылы ет өндірісі 5,7 мың тонна болған.
Құрылған кезден бастап компания 5,5 млрд теңге көлемінде жобаларды іске асырып, 250 жұмыс орнын ашқан.
«Олжа Алтын – Инвест» ЖШС 552 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін иеленеді, оның ішінде 445 мың гектары – егістік. 3,5 мың бас, ірі қара мал басының 1,7 мыңы сүт бағытында. Компанияда 3,5 мың адам жұмыс істейді, орташа айлық жалақы 297 мың теңге.
Журналистер «Тұрар» ЖШС заманауи сүт-тауар фермасында да болды. Ферма жылына 900 тонна сүт өндіреді және өндіріс процестерінде цифрлық технологиялар мен автоматтандыруды белсенді қолға алып отыр.
Қостанай облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2025 жылдың қаңтар–тамыз айлары аралығында 254,6 млрд теңгені құрады.
Физикалық көлем индексі – 106,2%. Салаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 31,7 млрд теңгені құрайды.
Өңірде 11 млн гектардан астам ауыл шаруашылығы жерін қамтитын 5 477 ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді.
2023 жылдан бастап сүт-тауар фермаларын салу бағдарламалары белсенді жүзеге асуда.
Жалпы 7 жоба қаржыландырылған, оның 3-еуі іске қосылды, қалғандары осы жылдың соңына дейін аяқталады.
Аталған жобалар сүт өндірісін 77 мың тоннаға (37%) арттыруға мүмкіндік береді.
2025-2027 жылдары агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы құны 383 млрд теңге болатын 93 инвестициялық жоба іске асырылады, бұл 4,4 мың жаңа жұмыс орнын құруға жол ашады.

Қостанай облысының кәсіпорындары жоғары технологиялық даму деңгейін, өндірістің әртараптандырылуын және мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланудың нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Мұнда біз ауыл шаруашылығын индустрияландырудың шынайы үлгісін және бизнестің елдің азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай үлес қосқанын көріп отырмыз , – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.
Пікірлер (0)