«Конституцияны құрметтеу – құқықтық мәдениеттің көрсеткіші»: Айнұр Телқожаева
Фотосурет: дереккөз
Қосшы қаласы әкімдігінің Тілдерді оқыту орталығының басшысы Телқожаева Айнұр Оразханқызы Конституцияның қоғамдағы рөлі, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және мемлекеттік тілдің маңызы туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің құқықтық жүйесінің іргетасы әрі тәуелсіздіктің басты құндылықтарының бірі.
«Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің құқықтық жүйесінің іргетасы, тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының бірі. Ол мемлекетіміздің демократиялық қағидаттарын айқындап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Конституция – қоғамдағы заң үстемдігін қамтамасыз ететін, ел бірлігі мен тұрақтылығын нығайтатын негізгі құжат», – деді орталық басшысы.
Сондай-ақ ол Конституцияны құрметтеу әр азаматтың құқықтық мәдениетінің маңызды көрсеткіші екенін атап өтті.
«Негізгі Заңда белгіленген қағидаларды сақтау қоғамдағы әділдік пен өзара жауапкершілікті қалыптастырып, елдің тұрақты дамуына жол ашады. Әр азамат өз құқығын біліп қана қоймай, заң алдындағы міндеттерін де адал орындауға тиіс. Осындай ұстаным ғана құқықтық мемлекет пен жауапты азаматтық қоғамды дамытуға мүмкіндік береді», – деді Телқожаева Айнұр Оразханқызы.
Ол мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру Конституцияда көрініс тапқан маңызды құндылықтардың бірі екенін атап өтті.
«Тіл – ұлттың рухани тірегі, ал мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – Конституцияда көрініс тапқан маңызды құндылықтардың бірі. Мемлекеттік тілді дамыту, оның қолданылу аясын кеңейту және тіл мәдениетін қалыптастыру – елдің рухани тұтастығын нығайтатын маңызды бағыттардың бірі», – деді ол.
Оның сөзінше, Тілдерді оқыту орталығы Конституция қағидаттарын насихаттау, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі қызметін кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Сөз соңында орталық басшысы Конституция елдің өркендеуіне, қоғамдық келісімнің нығаюына және азаматтардың әл-ауқатының артуына негіз болатынын атап өтті.
«Конституция – өткенімізді бағалап, бүгінімізді бекемдеп, болашағымызға бағыт-бағдар беретін тарихи құжат. Сондықтан Конституцияның рухын дәріптеу, оның маңызын кейінгі ұрпаққа түсіндіру – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деді ол.
Пікірлер (0)