Көш-қон саясаты жаңарып, халықтың тұрмысы өзгере ме?
Қосшы жаңалықтары
108
Онда негізгі мәселелердің 3 блогы анықталған. Олар елге білікті кадрлардың келуін ынталандыру, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау, ел өңірлері арасындағы демографиялық теңгерімсіздіктерді жою, сондай-ақ Қазақстанға тапшы кәсіптер бойынша 500 үздік мамандарды тарту көзделетін 7 бағыт қаралған.
Тұжырымдаманың соңғы бағыты халықтың ішкі ұтқырлығын ынталандыруды көздейді, еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен еңбек күші тапшы өңірлеріне көшу. Негізгі шарт жұмыс орындарының болуы және тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндігі. Оны сақтау үшін жұмыс бір мезгілде бірнеше бағыт бойынша жүргізілетін болады:
- жұмыс берушілердің жергілікті жерлерде жұмыс орындарын құруы;
- елдің басқа өңірлерінде табысты іске асырылған жобаларды, сондай-ақ Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы кооперациясындағы тәжірибесін солтүстік өңірлерге трансферттеу және масштабтау;
- гранттар беру, қоныс аударушылар мен қандастарды оқытуды ұйымдастыру, кейіннен жұмысқа орналасуға жәрдемдесу;
- тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде шығындарды өтеуге құқық беретін экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру (жұмыс беруші растаған жұмыс орны болған жағдайда).
Көші-қон ағындарының қозғалысын есепке алу мақсатында көшіп-қонушылардың қозғалысын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру ұсынылады. Бұл мемлекетке көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін тиімді анықтауға мүмкіндік береді, ал адамдар үшін мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетеді, уақытты үнемдейді және мемлекеттік органдармен байланысты азайтады.
Ал Қосшыдағы көші-қон мәселесіне тоқталмас бұрын, мұндағы халықтың жалпы әлеуеті туралы айтып өтейік. Қосшыда 1 қазан 2022 ж. халық саны 50651 адамды құраған. Бұл сандарды әкімдіктің тиісті бөлімінің мамандары дерек ретінде келтіріп отыр. Сонымен Қосшы енді қала болды. Аз уақыттың ішінде мұндағы тұрғындар санының 2,5-3 мың адамнан 80 мың адамға дейін, яғни 28 есе өсу феномені ақырында осылай қорытындыланды. Мұндай көбеюді елорданың өзі, жалпы еліміздегі ешбір ірі елді мекен бастан кешірген жоқ. Әрине, мұның өзі – ел тәуелсіздігінің жемісі. Егер еліміз өз тәуелсіздігіне ие болмағанда, Арқа төсінде жаңа астана бой түземес еді, ал енді астана Арқаға келмегенде, кешегі кеңшар орталығы Қосшы халқы да соншама қаулап өспес еді. Бұл ауылдық округтың үлкен қала ретінде қалыптасып, дамуы үшін үлкен мерзім емес. Алайда, қала құрылған күннен бастап ауқымды жұмыстар атқарылып, қала деңгейінде дамудың жолына түсуде.
Қаланың инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін Қосшы қаласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленуде. Жоспар аясында - мектептер, балабақшалар, аурухана, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, инженерлік желілер салу көзделіп отыр. Қаланың бас жоспарын әзірлеуді жоспарлануда. Ол кемінде 100 мыңнан астам қала халқын есепке ала отырып жасалмақ.
Қосшыдағы халықтың ішкі көш-қон есебінен өсуі ол жалға алынатын пәтердің аз болуымен байланыстырып келдік. Алайда, көршілес елдегі саяси ахуалдың салқыны тиіп жатқандай. Биыл пәтер жалдау бағасы тағы да шарықтап шыға келді. Құны көп адамның қалтасын қағады. Әртүрлі себеп айтылады, бірақ қымбатшылықты қолдан жасайтындар да аз емес. Үйдің құрылысы қарқынмен салынғанмен, құрылыс материалдарын өзіміз өндіре алмай отырмыз. Қазір баспана алу түгілі пәтер жалдау да машақатқа айналды.
Таяуда жылжымайтын мүлік саласындағы мамандар елімізде жалдамалы пәтер құны шамамен 30-40 пайызға қымбаттағанын мәлім етті. Онсыз да тұрғын үй бағасы құбылып тұрған шақта бұл жағдай «жығылғанға жұдырық» болғаны анық. Әуелі аяқастынан пәтер жалдау құны неге өскенін зерделеп, себебін қарастырып көрсек. Көпке мәлім екі себеп бар. Біріншіден, Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа байланысты елімізге уақытша тұрақтауға келгендердің көбейгені айтылып жүр. Олар пәтерді кемі 6 айға жалға алғысы келуі мүмкін, яғни сұраныс артады. Сұраныс артқанда бағаның да құбыла қалатынын білеміз. Екіншіден, теңге құнсызданып, доллар бағамы өскені де әсер етуі мүмкін. Мұндай «әдет» пәтерді жалға берушілерде бар екені жасырын емес. Доллардың қымбаттағанын алға тартып, қолдан бағаны өсіретін дағды жылжымайтын мүлік саласын да жайлаған. Ал мүлікті бағалау бойынша сарапшы Александр Калинин жалға алу құнына бірінші себептің көбірек әсер еткенін айтады.
– Жалға алу бағасы басқа елдердің азаматтары, әсіресе ресейліктер елге келіп жатқан соң басталды. Украинадан да келетіндер бар. Бұған қоса кәсіпкерлер, шетелдік компаниялардың, халықаралық желілердің өкілдері де келеді. Олардың құр қол келмейтіні анық, ақшасы бар адамдар. Сондықтан жалдау құны да күрт өспей қоймайды, – дейді маман.
Қазір Астанадағы және қасындағы шағын аудан қалаларда бір бөлмелі және екі бөлмелі пәтерлер ерекше сұранысқа ие екен. 1 бөлмелі пәтерлердің иелері бір айға коммуналдық шығындарды есептемеген күннің өзінде 130 -140 мың сұрап тұр. Ал былтыр көктемде мұндай бағаға екі бөлмелі пәтерді жалдауға болатын еді. Элиталық тұрғын үй де қымбаттаған. «Шетелдіктер тұрғын үйді орташа есеппен 6 айға жалға алады. Әзірге адамдар күтуі қажет. Ал тұрғын үйді сатып алу бойынша нақты болжам айту мүмкін емес», – дейді Калинин. Яғни, саяси, экономикалық жағдайлар тұрақсызданып тұрған шақта байлам жасау қиын тәрізді.
Негізгі мәселе жалдамалы пәтердің қымбаттауына тікелей Украинадағы жағдайдың қатысы жоқ деп есептейді екен. Оның айтуынша, мәселенің түпкі мәні баспана қымбатшылығынан шығып отқан секілді.
Біріншіден, баспананың сатылым бағасы шарықтап тұрған соң оған жағдайы жетпейтін көпшілік жаппай пәтерді жалға алуға көшті. Сұраныс ұсыныстан асып кетті. Екіншіден, экономикалық факторлар бар. Инфляция деңгейі өсті. Үшіншіден, пандемиядан кейін жұрт онлайннан офлайн әлемге оралды. Қалаға ағылғандар көп. Төртіншіден, биыл Үкімет есепте тұрған көптеген адамның арендалық төлемдерін төлеуге 50 млрд теңге ақша бөлді. Ол да нарыққа серпіліс болған.
Жалпы, тұрғын үй құны мен оны жалдау ақысы соңғы онжылдықта үздіксіз көтерілді. Мәселен, былтыр LS сайты пәтер жалдау құнына сараптама жасай келе 2011-2021 жыл аралығында 2 есеге өскенін анықтаған.
Қазіргі уақытта қала сатусын алған Қосшы қаласында да пәтер жалдау құны көңілді көншітпей тұр. Халқының саны шамамен 65 мың адамды құрайтын– облыстық маңызы бар қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Бұл ретте халықтың жыл сайынғы өсуі әлеуметтік инфрақұрылымға айтарлықтай жүктеме түсіріп отыр. Осыған байланысты Үкімет пен өңірлік билік қалалықтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жүйелі шаралар жасап жатыр. Дегенмен мәселе әлі де көп.
Ауылға қала мәртебесін бергеннен кейін сондағы жылжымайтын мүліктің құны мен өтімділігі артқан. Бүгінгі таңда пәтер жалдау құны бір бөлме 100-120 мың тг арасы болса, екі бөлме 150-300 мың теңгені сұрап тұр. Астана қаласында жұмыс істеушілердің көбі қалтасының қамына қарай осы Қосшы қаласынан пәтер жалдап қатынаушылар көп.
Құрылыс материалдары бағаға әсер етті ме?
Бұл тұста айтпай кетуге болмайтын тағы бір дүние бар. Әуелі тұрғын үй бағасының, одан қалды жалдамалы пәтер құнының өсуіне құрылыс материалдарының қатысы бар. Ал елімізде құрылыс материалдарын өндіру артта қалған. Толығына дерлігін шетелден аламыз. Ол бір төбе, өзімізде өндіріледі дейтін цемент пен арматура құны да жиі өседі. Себебі өндіріске қажетті химиялық қоспаларды түбі сол шетелден алдыртады. Құрылыс одағының мәліметінше, М-400 маркалы цементтің тоннасы 2021 жылдың қаңтар айында 18 500 теңге болса, сол жылы мамырда 21 000 теңгеге жетті. Ал қазір 32 500 теңге тұрады. 1 жылдың ішінде 2 есеге жуық өскен. Арматураның былтыр жыл басында 190 мың теңге еді, жазда 325 мың теңге болды. Қазір 370 мың сұрап тұр.
Қазір елде цемент өндірумен 12 кәсіпорын айналысады. Олардың өндіру қуаты – 16 жарым млн тонна. Қазақстанда цемент тапшылығы болуы мүмкін емес. Нарық заңдылығына сәйкес, тапшы болмаса «баға не себепті көтеріліп жатыр?» деген сұрақтың тууы заңды. Зауыттан шыққан цемент тұтынушыға жетем дегенше 25 пайызға қымбаттайды екен. Бірақ бағаның шектен тыс қымбаттауына цемент шығарып отырған зауыттар «кінәлі емеспіз» деп талай айтқан. Бағаны базадағы сатушылар жазғы құрылыс маусымы қызған шақта қолдан өсіретінін алға тартады. Елімізде құрылыс материалдары индустриясының өңдеуші өнеркәсіптегі үлесі бар болғаны 6 пайыз. Республикада құрылыс өнімдерін 1 965 кәсіпорын өндіреді. Олардың ішкі нарықты қамтамасыз ете алмай отырғаны белгілі. Енді не істемек керек?
– Құрылыс материалдары – тұрғын үй мен жалдамалы пәтер бағасына әсер ететін негізгі фактор. 80 пайыз қажеттілік сырттан келеді. Ал шетелден келген құрылыс материалдары валюта бағамына байланысты арзанға түспей тұрғанын онсыз да білеміз. Қазіргі жағдайлардан кейін Ресейден келетін құрылыс материалдары азаюы мүмкін. Сондықтан баға құбылды. Мәселені шешуде импорттық тәуелділіктен құтылудан басқа жол жоқ.
Өткен жылы цемент, арматура, кірпіш, газды бетон сияқты құрылысқа ең қажетті материалдардың бағасы қымбаттағаны сол еді, елдегі жаңа тұрғын үй құны да шарықтап шыға келді. Яғни, құрылыс материалдары баспана бағасына тікелей әсер етеді. Жалпы алғанда, жылжымайтын мүлікке қатысты мәселе бастан асады. Шешімін әркім айтып жатады, бірақ іске асар түрі жоқ.
Мадина Сарбалаева
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)