Қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі
Қосшы жаңалықтары
305
Адамзат тарихында зобалаң кездер аз болмаған. 20-сыншы ғасырдың басынан бері Қазақстанға 5,6 млн адам қоныс аударды. Олардың бәрі де қазақтың дархан даласынан пана тауып, ұлтымызбен бірге жасап келеді. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтерді. Қазір де табыстарымызға бірге қуанып, ең қиын сәттерде бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз.
Оксананың ата-әжелері де сол уақыттарда Қазақстанға Германиядан қоныс аударған. Оксананың әкесі орыс, анасы неміс ұлтынан. Тәуелсіздікпен қатар дүниеге келген Оксана мектепке қазақ сыныбына барып, қазір қазақ тілін жетік меңгерген журналист болып қызмет атқарады.
«Қазақтар расымен бірегей ұлт. Өйткені, өмірі көрмеген өзге ұлт өкілдері сонау қиын кезде жер аударлып келгенде жай көмегі былай тұрсын, бастарына баспана, алдарына ас берді. Менің ата-әжем Қазақстанға жер аударылғандағы қиын тағдырын әңгіме арасында немерелеріне айтып беретін. Қарындары аш, киімдері тозған, баспанасыз келген біздерді бауырына басқан қазақ халқы еді дейтін», әжесінің сөзін еске алған Оксана Черткова.
– Біз көзқарастарымыз бен наным-сенімдеріміздегі айырмашылықтарға қарамастан, бір-бірімізді түсінуге және құрметтеуге тиіспіз. Бізді біріктіретін, күшейтетін, үйлестіретін ортақ құндылықтарға ұмтылуымыз қажет. Біздің «Әртүрлі көзқарас біртұтас ұлт» деген қағидамыз мызғымайды. Патриотизмнің жоғары құндылықтарын ұлтаралық артықшылық сезімімен алмастыруға, достық пен бірліктің орнына бір-біріне деген өшпенділікке жол берілмейді, – деді Президент.
Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің өз тілін, мәдениетін, дінін сақтап, дамытуына толыққанды жағдай жасалған. Мектеп қабырғасынан бастап өз ойымызды толық жеткізіп, қазақ сыныптастарымның ортасында өзім еркін өстім. Одан оқуға түсіп өз мамандығымды толыққанды меңгеріп, ары қарай жұмыс істеген уақытта да еш кедергі болмады. Оның құпиясы осы қазақ тілінің құдіреттілігі деп ойлаймын. Өзге ұлттың тілін меңгерсең, оны сол тілде түсіне білсең, ойыңды жеткізе білсең сенің құрметің артып, қарым-қатынас жасау жеңілдей түседі. Қазақстанда туып қазақ тілін меңгеріп, қазақы ортада өскеніме қуанамын. Бүгінде ол менің өміріме көп көмегінн тигізді десем болады дейді, - Оксана.
Ұлтаралық келісім ісінің базалық институты ретінде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылдан бері еліміздегі түрлі ұлттардың бейбіт түрде тіршілік етуіне, өсіп-өркендеуіне, дамуына негіз болып,баршаға үлгі болып отыр. Бұл бiрегей институт бiздiң қоғамда бейбiтшiлiк пен келiсiмдi сақтауды көздейдi.
Әрбір азамат біздің жеріміздегі бейбітшілік пен келісімнің сақталуына жауапкершілікті сезінуі керек. Бұл – Қазақстан болашағының кілті. Қазақстанды қасиетті қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар сол шаңыраққа шаншылған уықтар. Ортақ ордамыз – Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру – елдік мұрат. Біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақсатымыз – жалғыз. Ол – жері гүлденген, елі түрленген, дамуы жедел, ұрпағы кемел Мәңгілік Қазақстан!
Қазақ халқы қашан да бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. «Бірлік бар жерде – тірлік бар», «Береке басы – бірлікте», «Ырыс алды – ынтымақ» деген сияқты көптеген мақал-мәтелдер соның айғағы. Бірлік пен татулық тәлімінің қазіргі көпұлтты Қазақстан жағдайында маңызы ерекше.
Мемлекет құраушы жердің иесі – қазақ халқы өзге ұлттар мен ұлыстарға бейбітшіліктің асқан үлгісін көрсетіп келеді десек, артық емес. Тарихымызға үңілсек, оған анық көз жеткізе аламыз. Қиын-қыстау кезеңге тап болған өзге ұлт өкілдеріне қашан да қамқор болып, ағалық мейірімін аямаған. Алаш елі тағдырдың жазуымен жер аударылып келген түрлі ұлыстарға төрінен орын беріп, бір үзім нанын бөліскені белгілі. Сол үшін көптеген ұлыстардың өткені мен бүгінгі буыны қазақ халқына шексіз риза.
Қазақ жерінде қазір 140-тан аса ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүруде. Оларға Қазақстан азаматтары ретінде тең құқық берілген. Олар білім алу, емделу, жоғары лауазымды қызмет атқару мүмкіндіктеріне ие. Олардың әрқайсысының ұлттық мәдени орталықтары тұрақты жұмыс істейді. Мәдени орталықтар әр халық өкілдерінің өз ұлттық дәстүрлерін сақтауға зор ықпал жасап келеді. Сонымен бірге, көпұлтты Қазақстанның мәдени жағынан әртарапта дамуына үлес қосып келеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 1 наурызда құрылғанын негізге ала отырып, өзге ұлттың адамдарын қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні де белгіленіп бүгінде барша халық разылығын білдіріп те жүр.
"Алғыс айту күні қазақ ұлты үшін де, осындағы өзге ұлт өкілдері үшін де өте маңызды, қуанышты әрі тарихи мереке. Қиын қыстау кезде Қазақстанға қаншама қилы тағдырлы адамдар көшіп келді. Қудалау заманы талай адамды туған Отанынан айырып, бас сауғалатты. Міне, Қазақстаннан дәм бұйырған сол адамдарды қазақ халқы құшақ жая қарсы алды. Бірі – нанын бөліп берді, бірі жатар орын берді, енді бірі ата-анасыз қалған өзге ұлттың баласын бауырына басып, бала етті. Сондай өзге ұлттың әрбірі қазаққа қарыздар.
Ата заңымызда дініне, тіліне, шыққан тегіне қарамастан Қазақстанда мекен ететін барлық ұлттардың тең екендігі жазылған. Сондықтан мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктелгені анық. Мұндай міндетті еліміз өзге этнос өкілдерінің мемлекет құраушы ұлтқа деген шексіз құрметі мен алғыс сезімі арқасында ойдағыдай іске асыруда.
Қорыта келе айтарым, бірлік, татулық – тыныштық тірегі. Барлық мақсат-мүддеміз – елге қызмет ету. Ұлттық мерекелерге, тағылымды іс-шараларға белсене қатысуды, ұлттар арасындағы татулықты дәріптеуді міндет санаймын.
Мадина Сарбалаева
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)