ДЕНІ САУ ҰЛТ - КЕМЕЛ КЕЛЕШЕКТІҢ КЕПІЛІ
Қосшы жаңалықтары
231
Қосшы қала мәртебесін алғалы шаһарда денсаулық сақтау саласы қарыштап дамып келеді. Бүгінде тұрғындарға «Жанұя» отбасылық денсаулық емханасы сапалы медициналық қызмет көрсетуде. Бұл медициналық орталыққа 30 мыңға жуық қосшылық емделуші тіркелген. Емханада емделушілерді қолдау қызметі де жүйелі түрде жұмыс істейді. Шаһарда медициналық қызмет сапасын жақсарту мақсатында, емдеу мекемесіндегі материалдық базаны жаңарту, көрсетілетін қызмет түрін кеңейту шарасы да қолға алынған.
Медициналық орталықта көрсетілетін қызмет сапасын арттыру үшін мұнда Айнагүл Сәрсенқызының жетекшілігімен емделушілерді қолдау қызметі де жұмыс істейді. Маманның сөзінше, аталған қызмет негізінде медициналық мекемеде қызмет көрсету сапасында туындаған қиындықтарды жеткізіп, осы салаға қатысты ақпаратты алуға мүмкіндік бар. Иә, емделушілерде медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек аясында көптеген сұрақтар туындайтыны белгілі. «Жанұя» отбасылық денсаулық емханасы "Пациенттерді қолдау қызметінің" меңгерушісі Айнагүл Сәрсенқызы Молдыбаева бұл мәселені аталған қызмет арқылы емхананың өзінде қалай шешуге болатындығын толығымен түсіндірді.
«Бұл қызмет жалпы мекеменің медициналық көмек сапасын басқару қызметін үйлестіреді. Бұл пациенттердің шағымын қарастырып, шешіп ғана қоймайды. Сонымен қатар, тегін көмектің кепілдендірілген көлемін көрсету ережесін сақтау, медициналық сақтандыру бойынша қызметтіде тексереді. Бұдан өзге, кемшіліктердің алдын алу, оны жою бойынша жұмыс істейді. Қосшылық емделушілерден түскен барлық шағымдар ерекше бақылауға алынып, одан әрі жіберілетін қателер мен кемшіліктер ескеріледі»,- деді Айнагүл Сәрсенқызы.
Сондай-ақ, аталған қызмет медициналық ұйымның өзінде орналасқанына қарамастан, оның мақсаты – халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту әрі қолжетімді ету болып саналады.
«Көбінесе пациент өзіне қажетті ақпаратты ала алмағаны үшін немесе оған дұрыс көмек көрсетілмегені үшін қапалы болып жатады. Азаматтар тарапынан қайда жүгінуді және қажетті көмекті қалай алуға болатынын білмейтін жалпы сипаттағы сұрақтар жиі туынап жатады. Кейде пациент емдеудің алгоритмі мен тиімділігі бойынша анықтама алғысы келеді. Мұндай жағдайларда біз оны бірден сол жерде реттейміз, жағдайды ушықтырмай шешуге тырысамыз. Шағымдарды қарау – мәселені объективті және жан-жақты зерттеу басты мақсатымыз»,- деп ойын толықтырды ол.
Бүгінде Қосшы қаласының инфрақұрылымы күннен күнге дамып келеді. Әсіресе, медицина нысандарының көптеп салынуына мән беріліп отыр. Шаһарда 2018 жылы жұмысын бастаған «Жанұя» отбасылық денсаулық емханасы заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Емхана күніне 500 адамға дейін қабылдап, қызмет көрсетуге қауқарлы. Сондай-ақ, емдеу мекемесінде жалпы 150-ден атам медицина қызметкерлері халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында еңбек етіп келеді. Емханадан тұрғындар терапия, оториноларингология, гинекология, УДТ, эндоскопия және функциональдық диагностика және тағы да басқа медициналық қызмет алады. Ақ халаттылардың сөзінше, бүгінде Қосшыда жүрек-тамыр жүйесі аурулары және артериялық гипертензия дертіне шалдыққандардың саны көп. Бұдан бөлек, эндокриндік, аутоиммундық, онкология және туберкулез дертіне шалдығатындар да бар. Мамандар «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» қағидасын қолдануды ұсынып отыр.
«Осыған дейін, Қосшыда толыққанды емхана болмағандықтан, тұрғындар ем алу үшін облыс орталығына баруға мәжбүр болған. Әрине, қазір медициналық қызмет көрсетудің жағдайы әлдеқайда жақсы әрі қолжетімді бола бастады. Біздің емханадағы әрбір дәрігер мен медбике, өз қызметі бойынша біліктілікті арттыру курстарына қатысады. Сонымен қатар, түрлі семинарға барып, білімін арттырып отырады. "Салауатты ұлт" мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, сырқаттанған науқастарды скринингтік тексеру, есепке алу және анықтау жұмыстары жүргізілуде. Тағы бір айта кетерлігі, емхананың ресми сайтында медициналық қызмет бойынша профилактикалық әңгімелесулерді жүргізу жұмысы да қолға алынған. Бастысы, тәуекел топтарына ерекше назар аударылады»,- дейді Айнагүл Сәрсенқызы.
Қосшыдағы емханада ана мен бала денсаулығы ерекше назарда. Сала жауаптылары, жаңа туған нәрестелерге өмірінің алғашқы күндерінен бастап, патронаж жүргізеді. Ал тәжірибелі акушер мамандар жүкті әйелдерге алғашқы айынан бастап босанғанға дейін кеңес беріп, тексеру жұмысын жүйелі түрде жүргізеді.
«Учаскелік қызмет, әсіресе медбикелер өз пациенттерімен үнемі байланыста болады. Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы заңға сәйкес, Қосшылық емделушілерге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету шарасы да іске асып келеді. Біздің «Жанұя» емханасының емделушілерін қамтамасыз ететін арнайы дәріхпнамызда бар. Дәрілер уақытылы беріледі»-деп Айнагүл Молдыбаева емханадағы өзгеде бағыттағы жұмыс жүйесімен таныстырды.
ҚОСШЫДА «DAMUMED» ҚОСЫМШАСЫН ҚОЛДАНУ БЕЛСЕНДІЛІГІ АРТТЫ
Цифрландыру – уақыт талабы. Бүгінде елде цифрландыру бағдарламасы бекітіліп, қоғамның барлық бағытына жаңа жүйе енгізіліп келеді. Мұндай игілікті медицина саласынан да көптеп байқауға болады.
Тұрғындар үшін медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында ашылған мобильді қосымшаның бірі –«DamuMed» деп аталады. Бұл медицина қызметкерлерінің жұмыс сапасын көтеруге, емханадағы кезекті оңтайландыруға мүмкіндік беріп отыр. Ақ халаттылардың сөзінше, Қосшы тұрғындарының басым бөлігі осы қосымшаны пайдаланып, игілігін көруде. «DamuMed» жүйесі арқылы емделуші дәрі-дәрмек рецебін, зертханалық тексеру нәтижесін бақылауға, ал бала науқастанған жағдайда дәрігердің қабылдауына жазылуға, еңбекке жарамсыздық парағын, білім беру мекемелері үшін анықтаманы емханаға бармай-ақ алуға мүмкіндік алып отыр. Қуантарлығы, бүгінде Қосшылық тұрғындар жаңа жүйені қолдануда белсенділік танытып келеді.
«Аталған жүйесімен біздің пациенттер белсенді түрде қолданады. Хабарландырулар модулінде алдын ала хабарламалар түсіп отырады. Тұрғындар скринингтік, флюрографиялық алдын ала медициналық тексеруден өту және басқа хабарламалармен танысады. «Дабыл түймесі» модулі арқылы жедел жәрдем қызметіне жүгінуге болады. Жалпы, «DamuMed» медициналық ақпараттық жүйенің тұрғындар үшін тиімділігі жоғары»,- деді Айнагүл Молдыбаева.
Қосшыдағы емханада цифрлық бағыттағы жұмыстар жолға қойылған. Мамандар заман ағымына сай ілесіп жұмыс жүргізеді. Денсаулық сақтау мекемесінде жаңа сандық кардиограф құрылғысы да бар. Сонымен қатар, көзді зерттеп, тексеретін арнайы заманауи құрылғыменде жабдықталғанын айта кеткен жөн. Медициналық материалдық базасын жаңарту жұмысы жүйелі түрде іске асады. Осылайша, Қосшылық тұрғындар сандық форматқа бет бұрған емханадан ем қабылдап, дертіне шипа алуда.
НӘТИЖЕЛІ ЖОБА
Дана халқымыз ежелден -ақ «Тәні саудың жаны сау» деп білген. Сондықтан, ұлт саулығының орны бөлек десекте қателеспейміз. Кемел келешек үшін болашақ ұрпақтың саулығы маңызды. Айта кетсек, Қосшыдағы емдеу мекемесінде «міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» жүйесі халыққа сапалы медициналық қызметтің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған. Қуантарлығы, Қосшыда МӘМС жүйесін насихаттау жұмысы жолға қойылып келеді. Бүгінде қалада 4 мыңнан астам азамат сақтандырылған. Бұл көрсеткішті арттыру үшін халықпен түсіндірме жұмысы жиі жүргізіліп тұрады.
«Қосшыдағы емханада, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында медициналық көмек көрсету бойынша жағдай қолайлы. Медициналық сақтандыру пакеті – пациенттің өмір сапасын жақсартып, ұлт болашағының негізін қалауға бағытталады. Дегенмен де бұл жобаға әліде өзгертулер енгізу қажет» ,- деген пікірді алға тартты Айнагүл Сәрсенқызы.
Президент Жолдауында айтылған «Дені сау ұлт» жобасы бойынша медицина саласын дамытумен қатар, Қосшылық тұрғындар да өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарап, салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулыққа зиян әдеттен алшақ болып, сырқаттың алдын алу үшін скринингтен, профилактикалық тексеруден уақытылы өтіп тұрады деген сенімдеміз.
Азиза ӨТЕУЛИЕВА
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)