Діни тұрақтылық – ел дамуының тұғыры

Қосшы жаңалықтары
view 81

Бүгінде Қосшы қаласында діни ахуал тұрақты деп бағаланады. Бұл, барлық дәстүрлі діндердің өмір сүруі мен дамуына қолайлы жағдай жасалғандығымен түсіндіріледі. Сондай-ақ, шаһарда исламтанушылар мен теолог мамандарының тарапынан діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша көптеген ағарту жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін тұтас бағдарламалар мен жобалар әзірленіп, ақпараттық-түсіндіру топтары да құрылған. Қосшы халқының діни сауаттылығын арттырып, жалпы тұрақты діни ахуалды қалыптастыруда қаладағы "Бөгенбай батыр" мешіті имамдарының да еңбегі орасан зор. Қосшы қаласындағы «Бөгенбай батыр» мешіті 2001 жылы салынған. Бастапқыда ғимарат көлемі 280 шаршы метрді құрап, Алланың үйі 200 кісіге арналған еді. Шаһардағы халық санының көбеюіне орай 2016 жылы ғибадат үйінде күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Осылайша, мешіт ғимаратының көлемі артып, діни мекеме жаңа залдармен толықты. Бүгінде "Бөгенбай батыр" мешіт қызметкерлері жүргізіп жатқан жұимыстың басты бағытының бірі діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, шаһарда діни тұрақтылықты сақтау болып табылады. "Бөгенбай батыр" мешітінің бас имамы Керумбаев Төлеген Арғынбайұлының сөзінше, жат ағымның алдын алу үшін ең алдымен, қоғам ішінде оған қарсы иммунитет қалыптастыру маңызды. Ол үшін діни қызметкерлер жамағатқа сапалы діни білім беріп, ақпараттық түсіндіру жұмысын тоқтатқан емес. Имамдар жалпы бекітілген 7 бағыт бойынша уағыз-насихат, сауат ашу, теріс ағымның алдын алу, дін мен дәстүр, қайырымдылық істерімен қатар “Жастар ісі” секторы және “Әйелдер-қыздар” секторы бойынша игілікті іс-шаралар атқаруда. Сондай-ақ, қаладағы рухани ахуалдың дамуына өз үлесін қосып келеді. Ресми мәліметке сәйкес, исламтанушы мамандар Қосшыдағы жат ағымға бой алдырған азаматтармен жеке кездесулер жүргізген. Оның ішінде түзету мекемелерінде 198 жеке кездесу жүргізіліп, 9 жазасын өтеуші дәстүрлі исламға бейімделген. Сонымен қатар, жат ағым ұстанымын қолдаушы 113 азаматпен жеке кездесу жүргізіліп, оның үшеуі ханафи мазхабына бет бұрған. Осылайша, Қосшыдағы мешіт имамдары тарапынан арнайы оңалту жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. "Жастардың жат ағымның жетегінде кетуінің себебі көп, әрине. Оның бірі - діни білімсіздік, дұрыс діни ақпараттың болмауы, дінді сенімді қайнарлардан үйренбеуі болып саналады. Сондай-ақ, жеке бастың факторы, әлеуметтік жағдайлар да әсер етуі мүмкін. Жат ағым вирус сияқты. Қай жерде әлсіздік болса, қай жерде сақтану, алдын алу шарасы болмаса, сол жерде өркен жая бастайды. Сондықтан, әрбір азамат өзі дұрыс діни ақпараттармен өзінің имани иммунитетін күшейтіп, өзіне рухани сүзгі қалыптастыруы қажет. Дінді сенімді қайнарлардан үйреніп, дұрыс ақпараттармен сусындаса, одан сақтануға болады. Дәстүрлі дінді мешіттерден, арнайы білімі бар ұстаздардан үйренсе – дін жеңіл болумен қатар, сенімді құндылыққа айналады. Осы тұста біздің мешітте уағыз-насихат жұмыстары жүйеге қойылып, бекітілген жоспар аясында жүргізіліп жатқанын айтқым келеді. Мәселен, бесін намазы алдындағы “Құран жауһарлары” атты дәрістер топтамасы аясында және құптан намазы алдындағы уағыз-насихат жүргізу барысында: 45 рет "Жұма уағызы" өтіп, 22 500 шамасында адам қамтылды. Сонымен қатар, «Берекелі жамағат» атты дастархан жайылған рухани мәжілістер 28 рет өткізіліп, оған 840-қа жуық азамат қатысты. Статистиканы жалпылама айтар болсақ, 359 уағыз-насихат жүргізілген",- деп жүйелі түрде жүргізілген жұмыс барысын баяндады бас имам. Діни эктремизм терминінің өзі шеттеу, адасу дегенді білдіреді. Экстремизм қоғамнан бөлінуден басталады екен. Өз дегендері дұрыс, өзге тарап ойлары, істеген іс-қимылдары бұрыс деп қабылдап, өз қалауларын жасау болып табылады. Ал, теререризм осы экстремизмнің тікелей жағдайлар арқылы, іс жүзінде жүзеге асқан түрі, зорлық-зомбылық, күш көрсету. Деседе Қосшыда деструктивті ағымдардың алдын алу үшін қыруар жұмыстардың атқарылып жатқандығы көңіл қуантады. Айта кетсек, мешітте діни рәсімдерде жүргізіледі. Жыл басынан бері 12 мұсылманша неке қию рәсімі тіркелген. Әр жұма намазынан кейін, жамағатқа "Сұрақ-жауап" айдары да ұйымдастырылып тұрады.Тазалық - имандылық белгісі демекші, дін саласы мамандарының ұйымдастыруымен жастар тарпынан мешіт ауласына 10 рет тазалық шарасы өткізіліп, игі іске 70- ке жуық азамат қамтылған. Сондай-ақ, Қосшы қаласы Мәдениет үйінде ақсақалдар арасында "Бата" сайысы да өткізілді.   ҚОСШЫ - ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛА Қосшы - қайырымды қала. Ислам діні аштардың, жоқ жітіктердің халін жақыннан сезінуге шақырады. Алланың разылығын іздеген Қосшы қаласындағы «Бөгенбай батыр» мешітінің имамдары мұхтаж жандарға қайырымдылық көмек ұйымдастыруды да қолға алған. Биыл қайырымдылық шараларына жамағаттың демеушілігінен ұйымдыстырылған қаржы көлемі жалпы 5 миллион теңгеден асады. Жалпы 80 жуық отбасыға киім – кешек берілсе, 67 мұқтаж жанұяға азық-түлік себеттері үлестірілді. Бұдан өзге, көмір мен отын 13 отбасыға көмек ретінде берілген. Мешіттің бас имамы, қайырымдылық шаралары мұнымен шектелмейтінін, қоғамдағы әлсіз топ мүшелері қашан да қамқорлықтан тыс қалмайтынын да атап өтті. Сондай-ақ ол, Қосшыдағы әлеуметтік тұрмысы төмен жанұяларға көрсетілетін қолдаулар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. "Жаны жомарт жандардың қайырымдылыққа бет бұрып, әлеуметтік аз қамтылған отбасыға көмек беретіні әрине бәрімізді қуантады. Біздің мешітте қайырымдылық жұмысы жүйелі түрде іске асып келеді. Аллаға шүкір, Қосшыны - қайырымды қала қатарына жатқызуға да болады. Жалпы көптеген отбасыға қаржылайда көмек көрсетілген. Мектепке жол акциясы бойынша да 30 отбасыға, мектепке қажетті киім-кешек және оқу құралдары сатып алып берілген болатын",- деді Төлеген Арғынбайұлы. Қасиетті Құран Кәрімде «Кімде-кім мысқалдай (тозаңның салмағындай) жақсылық жасаса, соның қарымын алады» («Зілзала», 7) делінеді. Ендеше мешіт ұжымы атынан ізгі амалға атсалысып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандарға қол ұшын созған әрбір азаматтың Алла кәсіптерін береке етіп, ырысын арттырсын деп тілейміз.   ҚАРИЫ БАР ҚОҒАМ БАҚЫТТЫ Қосшыдағы қари дайындайтын республикалық орталықта дәріс беретін мамандардың барлығы білімді, Құранды толық жаттаған ижазасы бар қарилар. Ижаза дегеніміз – сонау пайғамбар заманынан бері ұстаздан шәкіртке тізбектеліп келе жатқан Құран оқу шарты. Бұл – Құранға еш күмән болмау үшін, арада бөтен сөздер қосылып кетпеу үшін жасалған шежіре. Барлық қарилардың аты-жөні жазылған шежіре бар. Ижаза алу үшін Құранды жатқа білу аздық етеді. Ол үшін әр әріпті анықтап, созатын жерде созып оқу керек. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) солай оқыған екен.Қарилар дайындау орталығында ислам тарихы, пайғамбарлар өмірі, сахабалар тәлімі, Құранның қасиеттері секілді дүниені жан-жақты оқытады. Соған басымдық беріледі. 25 жастағы Абдраев Амандық бір ай бұрын, Қосшыдағы «Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани» республикалық қарилар дайындау орталығының шәкірті атанған. Осы уақыт аралығында Амандық Қазбекұлы 2 парадан астам Құранды жаттап үлгерген. Сөзінше, Қосшы қаласындағы қариларды дайындайтын республикалық орталық заман талабына сай жасақталған. Яғни, мұнда дәріс беру бөлмесі, жатақханасы және асханасы бар. Сонымен қатар, шәкірттердің бос уақытында футбол және теннис секілді спортпен шұғылдануға арналған алаңдар да салынған. Сонымен қатар, мұнда Құран жаттаудан тыс араб тілі дәрістері де өткізіледі,- дейді мекеме шәкірті. "Біздің ұстаздарымыз өздерінің оқыту әдісіне сай Құранды жаттатып жатыр. Құранды тез әрі жеңіл жаттау жолдарын түсіндіріп жатыр. Мен құран үйренуді 19 жасымнан бастаған болатынмын. Институтта оқып жүргенде, қосымша мешітте дәріс алып жүрдім. Алдымен әліппесін үйрендім. Бірақ ол кезде жоғарғы оқу орнымен бірге алып жүргендіктен құранды жаттау көп уақытты талап етті. 1 параны жаттауға 1 жыл уақытым кетті. Кейін Құран жаттауға ықыласым артып, Қосшыдағы орталыққа білім алуға келдім",- дейді Амандық Абдраев. Құранды жаттаудың тәсілі, Құранды көп оқу керек. Дегенмен, Құранды қайталап оқып тұрмасаңыз, ол ұмытылады,- дейді орталық шәкірті. "Жалпы Құран жаттауға кедергі жоқ. Оны оңай етіп қойған. Оны жаттау оңай, алайда сақтау қиын. Ұстаздарымыз айтатын: «Құран деген түбі тесік шелек секілді. Оны толтырдым деп қуанба, бәрібір түбінен ағып кетеді. Сол себептен үнемі үстемелеп тұру керек. «Жасым үлкейгесін есте сақтау қабілетім жоқ», «Жастар жаттамаса біз жаттай алмаймыз ғой» деген секілді сөздерді айтуы мүмкін. Негізінде, ниет болса, қай жаста да Құран жаттау қиын емес"-деді қариларды дайындау орталығының шәкірті. Расында, қариы бар қоғам бақытты. Қосшыда қариларды дайындайтын республикалық орталықтың жұмысы нәтижелі түрде іске асуда. Бұл өз кезегінде қаладағы діни ахуалдың тұрақтылығына да өз септігін тигізері сөзсіз.

Азиза Өтеулиева

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *