Қазақстанда субсидиялар бойынша берешек кезең-кезеңмен өтеліп жатыр
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, агроөнеркәсіптік кешенде барлық түрдегі субсидиялар бойынша берешек 341,3 млрд теңгені құрайды, оның 152,2 млрд теңгесі несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға тиесілі, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Берешек барлық өңірде бар. Ең көбі Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелген, жиыны 173,7 млрд теңге, бұл жалпы соманың 51%-ын құрайды.
Дегенмен, субсидиялар бойынша берешек біртіндеп азайып келеді, тек биылдың өзінде 148,5 млрд теңге қарыз өтелді.
«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңына сәйкес, субсидияларды төлеу жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылады.
2023 жылдан бастап аграрлық секторды субсидиялауға арналған барлық шығыстар жалпы сипаттағы трансферттер туралы заң аясында жергілікті бюджеттерге жүктелген.
Биыл жергілікті бюджеттерде агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға 433,6 млрд теңге қарастырылған, оның бір бөлігі өткен жылдардағы «күту тізімдері» бойынша берешекті өтеуге бағытталады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің әкімдіктеріне төлемдерді жеделдету үшін қосымша қаражат көздерін табуды, соның ішінде қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде қаражатты қайта бөлу және басқа да ішкі резервтер есебінен ұсынып отыр.
Үкімет жергілікті бюджеттердің шектеулі мүмкіндіктерін ескере отырып, республикалық резерв қаражаты есебінен қосымша қолдау көрсетуде.
Мысалы, былтыр өңдеуге тапсырылған қант қызылшасын субсидиялауға 10 млрд теңге бөлінді.
Ағымдағы жылы қосымша 57,8 млрд бөлінді, оның 48,4 млрд сомасы тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға, ал 9,4 млрд қант қызылшасы өндірушілерін қолдауға арналады.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидия төлемдері жоспарлы түрде жүргізілуде.
Министрлік әкімдіктерімен бірлесіп, берешекті азайту және субсидиялау тетігінің ашықтығын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.
Басты мақсат - фермерлерге уақытылы қолдау көрсету және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына қажетті қаржылық жағдай жасау.
Айта кетейік, соңғы екі жылда аграрлық салада ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген несие және лизинг арқылы алу тәжірибесі енгізілді. Бұл шаруаларға техника паркін жаңартуға, өнімділікті арттыруға және өндіріс шығындарын төмендетуге мүмкіндік беріп отыр.
Осының барлығы субсидиялармен қатар, аграрлық сектордың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, әрі бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал етуде.
Пікірлер (0)