Айтыскер ақын Айбек Қалиев депутат болып сайланды
Фото: ашық дереккөз
«Алтын домбыра» иегері, «Айтыс ақтаңгері», ұстаз әрі ғалым Айбек Қалиев Арқалық қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Депутаттық куәлік пен төсбелгі
Ол 2025 жылдың 26 қазанында өткен сайлауда қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп шыққан.
Депутат Арқалық қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында ресми түрде таныстырылды. Сайлау қорытындысын Арқалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Арыстан Айтмағамбетов жария етті.
Салтанатты рәсім барысында Айбек Қалиевке депутаттық куәлік пен төсбелгі табысталды.
Айбек Қалиев кім
Қалиев Айбек Киікбайұлы 1978 жылы, 19 ақпанда Торғай облысы, Жанкелдин ауданының Тәуіш ауылында дүниеге келген. 1994 жылы Қаратүбек орта мектебін, 1998 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін үздік бітірген. 1998-2001 жылдары Қазақ аграрлық университетінде оқытушы, 2001 жылдан Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде оқытушы болып қызмет етті. Бірнеше айтыстың жүлдегері.
2019 жылдан бері Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының педагогика және филология факультетінің деканы.
2006 жылы «Торғай ақындарының дәстүрлі поэзиясы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.
2008 жылы «Торғай ақындарының дәстүрлі поэзиясы» атты монографиясы «Нұр-Астана» баспасынан жарық көрді.
Республикалық, халықаралық ғылыми конференциялар жинақтарында, ғылыми басылымдарда отызға жуық ғылыми мақалалары жарық көрген.
Пікірлер (0)