ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ТОСҚАУЫЛ ҚОЯТЫН ҚҰЖАТ МАҚҰЛДАНДЫ
Қосшы жаңалықтары
104
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған және жүйелі түрде сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу жөніндегі нормаларды көздейді.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметінше, заң жобасында мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар, олардың жұбайлары (зайыптары) шығыстарының кірістеріне сәйкестігіне бақылау енгізіледі әрі фискалдық және мансаптық санкциялар белгіленеді. Мұндай санкциялар айтарлықтай алшақтықтар үшін ғана қолданылатын болады. Мәселен, егер шығыстар мен кірістер алшақтығының сомасы ең төмен есептік көрсеткіштің мың еселенген мөлшерінен асып кетсе, мемлекеттік қызметшіге алшақтық сомасының 90 пайызы мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады. Егер шығыстар мен кірістер алшақтығының сомасы мемлекеттік қызметшінің жылдық кірісінен асып кетсе, онда ол теріс себептер бойынша мемлекеттік қызметтен босатылуға жатады.
Бұл ретте әрбір жағдайда адамға шығыстарының заңдылығын дәлелдеу мүмкіндігі берілетін болады. Аталған жаңалықтарды халықты жалпыға бірдей декларациялаумен толық ауқымды қамтуды ескере отырып, 2027 жылдан бастап қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Өйткені 2025 жылы өз кірістерінің мөлшері туралы республиканың барлық азаматтары есеп береді, ал 2026 жылдан бастап олардың шығыстарын кірістерімен салыстыру процесі басталады.
Түзетулердің екінші блогы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғау жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Жұмыс тобы аясында заң жобасын талқылау кезінде депутаттар тобы мынадай бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді жария еткені үшін қылмыстық жауаптылықты белгілеу туралы норма нақтыланды.
Мұнымен қоса, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде мемлекеттік қызметке теңестірілген функцияларды орындаумен байланысты қызметті жүзеге асыратын адамдар үшін кәсіпкерлік және өзге де ақы төленетін қызметпен айналысуға тыйым салуды енгізу жөнінде түзету жасалды. Сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор субъектісінің басқару органдарында жақын туыстарының, жұбайларының (зайыптарының) және жекжаттарының лауазымдарға орналасуына тыйым салу ұсынылды.
ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ АҚПАРАТТАРДЫ ҚАЙДАН АЛУҒА БОЛАДЫ?
Енді азаматтар сыбайлас жемқорлық қылмысы туралы ақпаратты eGov.kz порталы мен eGov mobile мобильді қосымшасынан ала алады. Бұған дейін мәліметтерді Е-otinish азаматтардың өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы арқылы қолжетімді еді. Қызмет онлайн режимде қолжетімді және тегін көрсетіледі. Жаңа қызметтің көмегімен азаматтық қызметке кіру, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасу кезінде сыбайлас жемқорлық қылмыстың болуы немесе болмауы туралы мәліметтер алуға болады. Бұған дейін мәліметтерді Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті және оның өңірлік басқармалары азаматтардың жеке өтініштері бойынша Е-otinish азаматтардың өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы арқылы алуға болатын. Мәліметтер жұмыс берушіге ұсынылғаннан кейін жұмысқа қабылдау туралы шешімді жұмыс беруші қабылдайды. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамның квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуына жол берілмейді. Бұл жаңартулар президенттің бюрократиядан арылту туралы Жарлығы шеңберінде жүзеге асырылғанын атап өткен жөн. Оның маңыздылығы – мемлекеттік басқарудың барлық салаларын цифрлық трансформациялау және жүйелі реинжинирингтеу. eGov.kz порталында жаңа қызметті алу үшін пайдаланушылар келесі қадамдарды жасауға тиіс: - порталда авторланудан өту; - басты бетте «Азаматтарға» - «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» - «Жұмысқа орналастыру және жұмыс іздеу» бөлімін таңдау; - «Адамның сыбайлас жемқорлық қылмысы туралы мәліметтер беру» қызметін таңдап, «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басу; - қызметке ЭЦҚ қою және алу. Қызмет көрсету мерзімі: - 10 минут; - қосымша тексеру қажет болған жағдайда – 5 жұмыс күні; - қосымша тексеру жүргізілген жағдайда 3 жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті беруші сұрау салуды алған сәттен бастап 20 жұмыс күні өткен соң қайта өтініш беру қажеттігі туралы аралық жауап жолданады.Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)