Көше атаулары немесе Абай ілімі

Руханият
view 407
news

Бүгінгі күні барлық көше атаулары мейлінше өз орындарына түсті деп айтуға болады. Есімі берілген тұлғалардың елге еткен еселей еңбегі кейінгі ұрпақтарға тәрбие, білім, рухани күш екені талас тудырмаса керек.

Дара тұлға Абайға арналған Қазақ елінің барлық елді мекендерінде көше атауы берілген,  енді сол көшені ұлы ақынның рухани кейпіне арнай алдық па? Бір даңғыл бойымен кемеңгер ойшыл ұлы Абайды тану жеткіліксіз болар, бүгінгі күннің талабы ұлы Абайға арналған Қазақ елінде еңселі ғылыми зерттеу институтын құру бірінші міндет болуы тиіс деп ойлаймыз. Қосшы қаласында дана ақынға берілген даңғыл көз тартарлықтай, кең нағыз ұлы Абайға арналғаны менмұндалап тұрады және де айтпағымыз қаланың көрнекті жерінен «Хакім Абай» саябағын ашып, ақынның ғибратты сөздері қазақ, орыс, ағылшын, араб тілдерінде тасқа ойып қашап жазылған аудармаларын оқып дүние жүзі  қазақтың біртуар ақынымен танысып қана қоймай, оны өсірген халқымен де танысары сөзсіз. Тек Абай мұрасымен таныстыру ғана емес, ел ішіндегі туризмді дамытудың бір тетігі осында жатыр. Абайдың өзі айтқандай: «Көкірегі сезімді көңілі ойлыға» таптырмас рухани байлық болары анық. Мәселен: «Абай (Ибраһим) Құнанбаев Құнанбайұлы 1845 жылы 10 тамызда Абай облысы Абай ауданы Қасқабұлақ жайлауында дүниеге келіп, 1904 жылы 06 шілдеде осы өңірдің Жидебай қонысында дүниеден өткен»; «Абай – ақын, сазгер, көсем сөз шебері, аудармашы, философ, заңгер»; «Абай 176 өлең, 3 поэма, 45 қарасөз 1 тарихи мақала, 50-ден астам аудармаларымен әлемге танылды». «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар Ақылың мен еңбегің екі жақтап,». «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім»; «Естілген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар...» оны 31-қара сөзден оқыңыз» деген тапсырманы алған әрбір жан Абай жинағындағы 31-қара сөзді іздеп жүріп оқитыны риясыз шындық. Өйткені, мұндай аса зәру сөзге қай қоғамда болса да сұраныс күшін жоймайтыны белгілі. Есте сақтап қалу оқушыға да студентке де, құрылысшыға да, саудагерге де, дәрігерге де, әсіресе, ел басқарып отырған кез-келген мемлекеттік қызметшіге ауадай қажет екенін айтпаса да түсінікті. «Егер есті кісінің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмысында бір, ең болмаса айында бір, өмірді қалай өткізгенің жайында өзіңнен өзің есеп ал!» «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз»; «Бір ғана білмектің өзін дәулет біл...білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да білсем екен деп үміттен»; «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың»; «Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім байымайды» «Еңбек етсең ерінбей6 Тояды қарның тіленбей»; «...барыңды салсаң да, балаңа ғылым үйрет. Балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма»; «Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейін»; «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз»; «Бай болам деген қазақты... қор қылатын  үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық»; «Сый дәметпе, берсе алма, еш адамнан». Осылай Абай мұрасы төрт тілде ойып жазылған мәр-мәр тастың екінші бетінде, яғни, серуендеп жүрген танысушылар қайтып келе жатып оқитындары: ойшыл Абайға берілген дүние жүзіндегі ірі тұлғалардың берген бағасы, Абай  өз өлеңдеріне шығарған бірнеше әнінің мәтіні, нотасымен және аудармалары мен жырларынан ғибратты үзінділерді оқыса, қазақ болып жер басып жүргендігін сезінері – ақиқат. Абайдың әрбір сөзі ұлағатты-тәлім, танымдық-тәрбие барлығын мұнда жазуға мүмкін емес, тек үлгі ретінде көрсеттік, бұдан да басқа тәртіпте орындауға да болатындығын ескертеміз. «Хакім Абай» саябағының ортасында «Әлем тілдер» атты кітапхана бой көтерсе дейміз және кіре берісіне: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәті. Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті.  –  деген, ұлы Абай: (Алла, адамзат, әділет) «Осы үш сүю болады иманы гүл» деп өлеңін жалғастыруы қазаққа ғана емес әлемдегі барлық адам баласына керек. Ұлы Абайдың бұл сөзі Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Штаб - пәтерінің маңдайшасында тұруға лайықты. Өйткені, «адамзатты» жай сүй деп тұрған жоқ, жер бетіндегі бар адамдарды өзіңе жақын тартып «бауырым деп сүй» деп айтуы бірегейлік еді. Шығыс-Батыс ойшылдары «сүюді» айтты, бірақ Абайдай «...бауырым деп» сүй деп айта алмады. Абайдың ұлы дейтініміз осында жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің кешегі жолдауының жүрекжарды жаңалығы, Шығыс Қазақстан аймағы енді Абай атымен аталатын болуы орталығы Семей болатындығы ұлы Абай басқан із рухани құндылыққа айналуы «Жаңа Қазақстан» құрудағы маңызды қадамның бірі, әрі бірегейі деп түсінгеніміз абзал. Енді Республика даңғылына келейік; «Менің Қазақстаным» атты әнұранның мәтіні, нотасы ірі әріппен жазылып, төбесінде Қазақтың көк Туы  желбіреп,  Еліміздің  Елтаңбасы тайға таңба басқандай мәрмәр тасқа ойып жазылып және бүкіл Қазақ Елінің Ата Заңындағы (Конституция)  «Тәулсіз, Егеменді мемлекеттің Ата заңы 1995 жыл 30 тамызда қабылданды»; «Ата  Заң сөз бен шығармашылыққа  еркіндік береді»; «Жер бетінде 192 мемлекеттің, Қазақ Елі жер аумағы жағынан 9-орында тұрады»; «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып саналады» тағысын-тағылар тізіле отырып, қаланың туылған күн дерегінен бастап, халықтың өсімі, өндіріс, әл-қуаты және қала тарихынан да толық мәліметтер осы даңғылы бойындағы тақтайшаларда самсап тұрса дейміз. Даңғылдың бір жағы бүкіл Қазақ Елі туралы болса, екінші жағын Қосшы қаласындағы мәләметтермен толтырса, мәселен, «Қосшы қаласында 98% пайыз қазақтар тұрады» деген жазуды көргенде мен қазақпын деген жанның рухы асқақтайтындығы белгілі. Қазақта айтулы 25 хан өткен десек оны түгел бүгінгі ұрпақ біле бермейді. Оларды таныстырудың төте жолы қала ішінде көше атын бір ханның есімімен атау және оның хандық құрған кезеңдерін, халықтың саясат мен руханиятына сіңген еңбектері. Осында мысал үшін Тәуке хан бабамызға берілген даңғыл былай өрбісе деп ойлаймыз: «Жәңгірұлы Тәуке хан ХҮІІІ ғасырда өмір сүрді»; «Тәуке хан Түркістан қаласын Қазақ хандығының астанасы етті»; «Тәуке хан көрші елдермен қарым-қатнасты жолға қойды»; «Жеті жарғы» Тәуке хан  қалыптастырған заң ережелері»; «Жеті жарғыны» Абай өзі жазған заң жобаларына пайдаланған» тағы сол сияқты Тәуке хан «Жеті жарғыны» негізге алып жазған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есімханның ескі жолы» әдет-ғұрып заң баптары көше бойлап тұрса. Керей мен Жәнібектен бастап Кенесарыға дейінгі хандар мен ел қорғаған батырлардың ерлігін дәріптей отырып бүкіл қазақтың тарихын жас жеткіншектер оқу залына бармай-ақ, ойнап жүрген баланы ойландыратын жағдай туғызу біздің міндетіміз, даңғыл бойлап өз тарихын оқыту. Батыры көп халықтың ұрпағымыз деп мақтанамыз, оны санамалай келгенде Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Исатай-Махамбет, Сырым Датұлы, Амангелдімен шектеліп қалмай кез келген батырдың атына берілген көше немесе даңғыл бойлап тарихтағы ел қорғаған есімі әйгілі жүздеген батыр бабаларымыздың өмір деректері және олардың ерліктері ірі жазулармен жазылып, менмұндалап тұрса, өскелең ұрпаққа жігер болары анық. Бабаларымыз батыр болған дей бергенше ұрпағымызды осындай жолдармен батырлыққа тәрбиелейік те! Екінші дүние жүзілік соғыстың нүктесін қойған Рақымжан Қошқарбаев атамыз Рейхстагқа (Германия) Кеңестің жеңіс туын тіккендігі тарихтан белгілі. «неге қазақ болу керек» деген қызғаныштың қызыл иті ішін тырнаған империя үшін орыс немесе грузин болу керек екен. Сол қызғаныш Бауыржан Момышұлына да бұйырды, Кеңес Одағының Батыры деген атақты көзі тірісінде бермеді. Осы сияқты қолдан жасаған тарихқа қиянат көп. «Қыңыр істің қисығы қырық жылда да шығады» деп, бабаларымыз айтып кеткен. Ресей президенті В.Путинге журналистерінің бірі «2-дүние жүзілік соғыс деректері қайта жазыла ма?» деп сұрақ қоюында үлкен мән жатыр. Бауыржан Момышұлы демекші, Есіл өзенінің оң жағалауында Бауыржан Момышұлы батырға арналған саябақққа кіреберісте «намыссыздардың арқа жонынан таспа тілемін» дегендей қатулы түсімен еңселі ескерткіш тұр. Осы саябақ та рухани жұтаңдықты басынан өткеріп тұрғанына да біраз жыл болды. Жазушы, ақын, аудармашы, әскери өнердің білгірі, ғалым, ойшыл-дана, журналист осы құндылықтар бір басына сиып тұрған Батыр тұлғаның шығармашылығына назар аудармайтын әкімшіліктің құлағына алтын сырға! Саябақ, Есіл өзенінің жағасы, жасыл желек, жаяу жүргіншілер үшін таза ауамен демалып серуендейтін орын және кең даңғыл. «Қазақ батырлары» атты мәдени орталықтың болуы өзінен өзі сұранып тұр. Біздің билік Баукеңнің әскери тәсіліне көңіл бөлмей жүргенде, Оңтүстік Америкадағы Куба мемлекеті әскерлеріне Бауыржан Момышұлы әскери тәсілін сіңдіріп үлгерді.  Біздің елімізге Кубадан келген туристер міндетті түрде Баукеңді іздейтіні ақиқат, сол үшін саябақтың ортасында Академиялық әскери кітапхана өз орнын тапса тақиямызға тар келмесі анық. Батырдың 40 томдық таңдамалы шығармаларын Абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы жинап, баспадан 2018 жылы шығарды. Кейінгі өспірім отан қорғаушыларына ғана емес тарихшы, әдебиетші, тілшілерге таптырмастай рухани азық болары хақ. Келесі айтпағымыз; тіл жанашыры, біз қолданған араб әліпбиі мен славян жазуларын қазақшалаған Алаштың біртуар азаматы Ахмет Байтұрсынұлы есімімен аталатын көше «Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылғы 28 қаңтарда Торғайда  дүниеге  келді.  1937 жылы желтоқсан  айында  жазықсыз  атылды» деген тақтайшадан бастау алатын Ахмет атамыздың ерен еңбегін, қаһармандығын кейінгі өскелең ұрпаққа таныту жолында аталмыш көше бойлай жүріп-ақ, өмірінен, шығармашылық санатынан әрбір жанның санасына  құйылатындай  ықпал  етудің жолдары деп, көше бойының екі жағына темір тақтайшалар орнатылып Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың ақындық жолындағы өлеңдерінен үзінділер, жазушылық шығармаларындағы ұлт намысын  қамшылайтын қанатты сөздері тізіліп тұрса, мысалы: «Бүкiл саналы өмiрiн қазақ халқының бақытты, берекелi, бiрлiкшiл ел болуын аңсап аянбай еңбек еткен ақын, аудармашы, тiлшi, ғалым, қоғам қайраткерi - Ахмет Байтұрсынұлы». Кейінгі тақтайшаларда ретімен; «Егемендікті  аңсағаны  үшін 1909 жылы тұтқындалды», «1921-1925 жылдары Орынбордағы, 1926-1928 жылдары Ташкенттегі Қазақ халық ағарту инистутарында сабақ берді». 1919 жылы қызылдардың көсемі В.И.Ленин Қостанайды орыс шегарасында қалдыруға шешім  шығарғанда Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш азаматтары екі рет хат жазып, нәтижесі болмағаннан соң Лениннің қабылдауында өзі болып, Қостанайды алып қалған ерлігін бүгінгі қандастарымыз бірі білсе, бірі білмейді. Бұл  нағыз  қайталанбас ерлік еді. Әрі қарай Ахмет атамыздың атына берілген көше бойындағы жарнама тақтайшалардан: «Басқалардан  кем болмау  үшін  біз  білімді  һәм  күшті  болуымыз  керек. Білімді  болу үшін  оқу  керек. Күшті  болуға  бірлік  керек»; «Өнердің  ең  алды – сөз  өнері»; «Бабаларымыздан  мол  тіл,  кең  байтақ  жер  қалған»; «Тілі  жоғалған халықтың өзі де  жоғалады»; «Әлiпби», «Тiл жұмсар», «Тiл құралы», «Баяншы», «Әдебиет танытқыш»  тағы да бiрнеше оқулықтардың авторы, «Оқу жұмысының үш жағы үш нәрсеге тiреледi. Бiрi ақшаға, бiрi құралға, бiрi мұғалiмге. Осы үш тiреуi бiрдей тең болса, оқу қисаймайды, ауытқымайды, түзу жүреді»; «Оқу iсiн жолға қою үшiн ғылыми жүйелiлiк жасалған оқу бағдарламасы болуы керек»; «Бастауыш мектептерде: оқу, жазу, дiн, ұлт тiлi, тарихы, есеп, шаруа-кәсiп, қолөнерi, жағрафия, жаратылыс сабақтары оқытылсын»; «Әрбiр оқылатын тақырыптар бiлiм бере отырып, тәрби де береді» - деген қатарларды оқыған әрбір жан көше бойлап жүріп-ақ білімін жетілдіруге болар еді. Елінің болашақ мұраты үшін жанын қиған Ахметтей атасын кейінгі ұрпақтың білмеуі күнә болар еді,  Білім тек кітаптан ғана алынбау керек Қазақтың әрбір қарыс, сүйемі, аттам жері біліммен өлшенгенде ғана іргелі ел болатынымыз анық. «Елді түзетуді біз әуелі бала оқытуды түзеуден бастауымыз керек» - деген Ахмет Байтұрсынұлы сияқты дара ойлы Алаш азаматтарын ұмытуға тиіс емеспіз. «Мәңгілік Ел» даңғылы б.д.д. ҮІІ ғасырда өмір сүрген Алып Ер Тоңаның жомарттық ілімі қазақ халқының түп иесінен елес беретін нысандар даңғыл бойлап тұрса. «Түркі халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым» (Күлтегін) деген, Мәңгілік елдің бастауы бабалардың ерен ерлігі бүгін біздің қолымызға Егемендіктің оңай ғана келмегенінен айқындап тұрғанын аңғартады. Біздің дәуіріміздегі ҮІ-ҮІІ ғасырларда Орхан және Енесай өзендерінің бастау алар жағалауларында бабаларымыз Көк түркінің «Білге қаған», «Тоныкөк», «Күлтегін» сияқты батырлардың ерлігі тасқа ойып жазылған жәдігерлерді заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов: «Біз - сағат санап, күн санап өскен ел емес, замана таңбаларын санап өскен елміз» дегені осыны меңзеп тұрса керек. Бүкіл түркі елінің басын қосатын «әліпби» керек деген әлем түркі ғалымдарының арманы осы Ғұн, Сақ, Масагет, Скиф сынды түркі тайпаларының қара шаңырағы Қазақ Елінде бастау алады деп айтылып жүр. Міне асы сияқты айғақтар даңғыл бойлап тұрса дейміз. Қорыта келе айтарымыз, Парижде Қаланың ортасына орналасқан орталық саябағында серуендеп жүрген адамдар жарнама тақтайшалары арқылы бүкіл Францияның тарихын әп-сәтте-ақ үйреніп шығуына болады екен. Біздің де ұстанымымыз осы болатын.  

Сейдалы Оразалиев,

Абайтанушы,

Қосшы қаласы

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *