Көші-қон – қуатты қозғалтқыш
Жаңалықтар
750
Елдің экономикасымен қатар әлеуметтік құрылымын өзгертетін күші бар. Әлемде мигранттар саны 2000 жылдан бері екі есе өсті. БҰҰ-ның көші-қон статистикасы бойынша бүгінде 258 миллион мигрант бар. Отанынан адасып қалған тағырдарлар жайлы бірер сөз қозғасақ.
Соңғы көш, алғашқы көштен әудем жер ары қонады демекші мигранттарды екі негізгі категорияға бөлуге болады: ұлттық шекараны кесіп өтетін халықаралық мигранттар және туған елдің шегінде қозғалатын ішкі мигранттар. Бұл – азаматтардың ел ішінде немесе елден тыс жақсы жұмыс пен өмір іздейтінінің көрсеткіші. Елдегі өсу мен өзгеру процесінің бөлігі. Көші-қонның бұл күндері қиындығы көп. Себебі көшіп-қонатын адамдар саны көп. Ал әлем халқының біршама бөлігі тұрақтылық пен тыныштықты қалайды. Халықаралық мигранттар өмір көшіне ілесу үшін ақша, азық-түлік, жұмыс мүмкіндіктері немесе табиғи ресурстартар қажет. Бұларға ортақтасу әлбетте халыққа ұнамайды. Бұл ресурстарды одан да көп адамдарға бөлу қажеттілігі кейде қиындықтар немесе шиеленістер тудыруы мүмкін. Екінші жағынан, мигранттар оларды қабылдайтын елдерге жаңа дағдыларды, білім мен мәдениетті әкеледі. Кейде адамдар өмірді өзгертуді, жаңа жұмысқа орналасуды, оқуды немесе отбасымен қайта қосылуды қалайтындықтан жаңа ортаға, жаңа елге кетіп қалады. Бірақ көбінесе өмірі үшін үлкен қауіп төнгенде бас сауғалайды емес пе? Соның ішінде қарулы қақтығыстар мен соғыстарға немесе жер сілкінісі немесе цунами сияқты үйлерін қиратқан табиғи апаттарға байланысты қоныс аударуға мәжбүр болады. Көші-қон кедейлік пен аштық, жұмыссыздық немесе табиғи ресурстардың жетіспеушілігінен (мысалы, су немесе құнарлы топырақ), климаттың өзгеруінің салдарынан тап болған мәселеден құтылатын жалғыз жол. Сол жалғыз жолдың өзге жолдармен тоғыспай белгісіздікке апаратын жағдайлар көп. Еңбек келісімшарттарын жасауға байланысты еңбек көші-қоны да көп. Мысалы, еңбек көші-қоны үшін ең қолайлы елдер: Канада, АҚШ, Австралия, Батыс Еуропа, Оңтүстік Африка. Қазіргі уақытта дамыған елдерде келісімшарт бойынша 25 миллионнан астам мигрант жұмыс істейді. Миграция – халықтың динамикасына әсер ететін фактордың бірі. Тұрақты тұрғылықты мекенінің түпкілікті ауысуына байланысты: қайтып оралмайтын көші-қон; тым ұзақ мерзімге қоныс аударумен байланысты уақытша көші-қон; жылдың белгілі бір кезеңінде орын ауыстырумен байланысты маусымдық көші-қон; басқа жердегі жұмыс, оқу орындарына ұдайы әрлі-бері жүріп-тұратын қатынамалы қөші-қон; елден сырт жерге көшіп кету, елге көшіп келу түріндегі сыртқы көші-қон; ел ішінде қоныс аударумен байланысты ішкі көші-қон түрлеріне бөлінеді.
Пікір «Елге ел қонса – құт» Мұрат Бақтиярұлы
Көші-қон мәселенің біздің қоғамды алаңдатуы да және оның жиі қозғалатын тақырыпқа айналуы кездейсоқтық емес. Біріншіден, жалпы қазіргі жаһандану дәуірінде көші-қон мәселесі әрбір ұлттық мемлекет халқының экономикалық өрлеуіне, тарихи сана-сезімі мен рухани дамуына ықпал ететін басты саяси мәнге ие. Екіншіден, әлі де шетелдерде тарыдай шашылып жүрген қандастарымыз бен өз туған жерінде атам заманнан бері тұрып жатқан отандастарымыздың тарихы мен мәдени мұрасының қазақ халқының біртұтас рухани дүниесін құрауы тиіс. Бұл жайдың екеуі де Қазақстан мемлекетінің саяси-экономикалық дамуындағы басты, басымды бағыттардың бірі болуы керек. Сондықтан да аталған мәселе халқымыз үщін аса маңызды болғандықтан оның жиі талқылануы заңдылық. Қазіргі таңда шетелдегі қандастарымыздың жалпы саны, кейбір деректерде 5,5 - 7 миллионға жетеді деп көрсетіліп жүр. Оларды атажұртқа тарту бүгінгі Қазақ елінің қасиетті міндеті болуы тиіс... Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шеттегі қазақтардың өз атажұрттарына деген ықыласты көштері рухани сағыныштың арқыраған өзені болып ағылса, кейіннен түрлі тұрмыстық-әлеуметтік жағдайларға байланысты ол біртіндеп жылғаға айналды.
Қазақстанды мекендеп келген түрлі этностардың өкілдері тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде өздерінің тарихи Отандарына үдере көшкендері де белгілі. ТМД мемлекеттеріндегі саяси-экономикалық дағдарыстар және өндірістік байланыстардың үзілуі еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуетіне де теріс ықпалын тигізгені анық. Жұмыссыздық және экономикалық жағдайдың төмендеуі мен түрлі тұрмыстық қиыншылық қазақстандықтардың шетелдерге көшіп жатқан отбасылар санының жыл сайын артуымен де байқалды.
Ал қазақ репатрианттары үшін квотаның және мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіз болғандығы қазақ көшінің сейілуіне әсер етті. Бұған қоса, азаматтық алу, зейнетақы төлеу, жұмысқа орналастыру және өзге де құжаттарды рәсімдеу үшін әртүрлі бюрократиялық кедергілер де көштің кідіруіне әсер етті. Қазақстанның өз ішіндегі миграцияның да бәсеңсуі байқалады. Халқы тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлерден халық саны аз солтүстік пен шығыс өңірлерге қоныс аударушылардың қатары да сиреді.
Пандемия жағдайында және одан кейін де экономикалық дағдарыс салдарынан елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал нашарлап, шағын және орта бизнестің табыстары азайса, бюджетті қысқарту және басқа да ықшамдаулар жүргізілсе, ол түрлі этностар мен репатрианттардың өмір сүруіне, сондай-ақ жалпы халықтың әлеуметтік және көші-қон жағдайына да кері әсер етері анық. Қазақ «Елге ел қосылса – құт!» дейді. Құдайға шүкір, 30 жылға жуық уақытта шеттен 1 миллионнан астам қазақ атажұртқа оралды. Алайда біз бұған тоқмейілсімеуіміз керек. Тәуелсіз Қазақстанның келешегін ойласақ, елімізді іргелі мемлекеттер қатарына қосамыз десек, көп жағдайда сыртта жүрген қандастарымыздың әлеуетін пайдалану қажет екенін қаперімізден шығармауымыз керек-ақ. Соңғы жылдары ғылыми зерттеулер көбіне қазақ ұлтының тарихы мен этномәдени-этнологиялық мұрасын зерттеуге, қандастардың әлеуметтік-мәдени бейімделуіне, әлеуметтік сауалнама жүргізуге және қазақтардың шетелдегі рухани-мәдени қажеттіліктерін іс жүзінде іске асыруға бағытталып келеді. Бұл ретте көші-қон, демографиялық процестердің, олар еліміздің экономикалық дамуы мен ұлттық қауіпсіздігіне әсер етуіне жасалған кешенді саяси талдаудың әлі де аздығы байқалады. Сондай-ақ Қазақстан жүргізіп отырған көші-қон саласындағы дипломатиялық саясаттың құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және саяси салдарын зерттеу зерттеушілердің назарынан тыс қалып жатыр. Бұл орайда Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың елдің саяси-экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық жаңғыруы туралы ұсыныстары мен бастамалары негізінде этносаралық қатынастар мен көші-қон, демография процестері саласындағы мемлекеттік саясатты тағы да айқындап, оны белсенділікпен іске асыру қажет.
Пікірлер (0)