«Қосшы домбыра Fest»: Ұлттық домбыра күні ұлықталды

Қосшы жаңалықтары
view 103
news

2018 жылдан бері елімізде шілденің алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні деп жарияланған еді. Биыл бесінші рет мереке ретінде тойланған атаулы күннің руханиятымызға қосар үлесі зор.  Осыған орай, Қосшы тұрғындары мен өнерпаздары да «Қосшы домбыра Fest» мерекелік шарасын салтанатты түрде атап өтті. Қосшы қаласының әкімдігі және Мәдениет үйі басшылығы бастамасымен өткен «Қосшы домбыра Fest» мерекесіне 300-ден аса домбырашылар қатысты.  Алдымен Қосшыдағы № 2 орта мектептің алаңында жиналған өнерпаз қауым, кәсіби домбырашылармен бірігіп, ұлттық аспапта күй абыздары Дина мен Құрманғазының, Тәттімбет пен Сүгірдің таңдаулы туындыларын орындап, ерекше флешмобқа қатысты. Жас ерекшелігінде  шектеу болған жоқ. Желкілдеген жеткіншектен, еңкейген қартқа дейін қара домбыра көмейінен халықтың қазынасына айналған әсем күйлерді күмбірлете төкті. Домбыра үніне еліткен бұқара әп-сәтте жиналып, мектеп алаңы көрерменге толды. «Қосшы домбыра Fest» мерекелік жиын шымылдығы Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлының көпшілікті құттықтау сөзімен ашылып, ақжарма тілегін жеткізді. «Қашанда қазаққа қиындықта сүйеу, қуанышта көңіл қанаты болған қара домбыраның қоңыр үні – қанымыз­да, бебеулеген сарыны – санамызда сақталған.  Шанағынан шамырқанған күй төгілсе, елең етпейтін қазақ кемде кем. Тарихымыздың қатпарынан, асу да асу кезеңінен сыр шерткен күй-толғау, сыңғырлы сұлу ән-әуен құлағымыздан кетпесін, халқымыздың қасиетті ұлттық аспабы – Домбыра төрімізден түспесін! Ұлттық домбыра күні құтты болсын!», – деді Б.Жұмкейұлы. Атаулы күннің арнайы қонағы ретінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық домбыра күні идеясының авторы, белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов қатысты. Қосшыға әдейілеп атбасын бұрған қонаққа қала әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы шаһарымыздағы шебердің қолынан шыққан домбыраны  көптің атынан сыйға тартты. Ұлттық домбыра күнінде қосшылықтардан ерекше кәде алған атақты әзілкеш атаулы күнге қатысты пікірін де білдіре кетті. «Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын көшеде болсын, қоғамдық орында болсын, қолында домбыра ұстаған жанды кездестіру некен-саяқ еді. Домбыраны тек үйдің төріне іліп қоятын бір сәндік бұйым ретінде көрдік. Шын мәнінде, бұл қазақпын деген әр азаматты ойландыратын мәселе еді. Өнердің ортасында жүрген соң, қазақтың тойына жиі қонаққа шақырыламыз. Сол мейрамханаларға барғанда неге екені белгісіз, қазақтың қасиетті қара домбырасын ұстаған өнерпаздар төменшіктеп, тойдың төрінде өзге симфониялық оркестрлар жайғасқанын жиі көзім шала бастады. Бұл ұлттық құндылығымыздың жойылып бара жатқанын сездірді. Талай басқосуларда осы үрдісті тоқтатып, домбырамызды өзіміз әспеттемесек, қадір тұтпасақ, ұлттық құндылықтарымыз кімге керек деген ұсынысымды жиі айта бастадым. Тіпті, мектептерде арнайы домбыра пәнін енгізу қажеттігін күні бүгінге дейін көтеріп келемін. Сол кезде қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мырза сенаттың спикері еді. Айтып жүрген идеямды қолдап, алғаш рет 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы ашық алаңда «Домбыра Fest» деген атаумен шара өткізген едік. Содан кейін ауқымы кеңейіп, Ұлттық домбыра күніне ұласты.  Домбыра – біздің үніміз, тағдырымыз, мұрамыз, ұлттық кодымыздың бірі. Алдағы уақытта бұл шараның деңгейін көтеріп, әлемге паш ету үшін, мыңдаған адам сиятын үлкен стадиондарда өткізуді қолға алу керек», – дейді танымал әзілкеш ағынан жарылып. Артынша сахна төріне көтерілген DJ-Дәке және Бақытжан, Қосшы қаласы Мәдениет үйінің өнерпаздары: «Мұра» тобы, Алуа Қалымбекова, Әкімхан Маженов, Ақбота Құснадин, «Замандастар» хоры, Ерлан Саду жетекшілік ететін «Алтын перне» фольклорлық ансамблі қатысып, өнерлерін паш етті. Жезтаңдай әншілер әсем әнмен құлақ құрышын қандырса, делебені қоздыра, тұла бойды тулатып күйшілер күмбір-күмбір күй төгіп, Ұлттық домбыра күнін ұлықтады. Қосшының абыройын талай додада қорғап, жүлделі орындарды иеленіп жүрген «Алтын перне» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Ерлан Саду қала басшылығының мұндай шараларды жоғары деңгейде өткізгеніне алғыс айтты. «Қосшыда өздеріңіз білетіндей, бірнеше аймақтан келген халық тұрады. Барлығымыздың басымызды біріктіріп, бір қазанда біте қайнауымызға көбіне осы ұлттық өнеріміз, әсіресе, қасиетті қара домбыра себепкер деп білемін. Қосшыдағы ата-аналар балаларын жетектеп, домбыра үйірмелеріне алып келуде. Домбыраның қадірі артты. Ұлттық өнердің өшпес мұра екендігін дәл осындай игі шаралар айқындауда», – дейді Ерлан Саду. Қосшының мәдени өміріне жиі атсалысып, шашбауын көтеріп жүрген қаламыздың зиялы қауым өкілдері Ұларбек Нұрғалымұлы, Ахат Расул, Олжас Қасым сынды азаматтарды ерекше атай кеткен жөн. Қолдарына домбыраларын көтере келіп, мерекенің сәнін келтірді. «Қосшы қаласының Мәдениет үйі және әкімшіліктің қолдауымен өткен Ұлттық домбыра күні көңілден шықты. Ең бастысы халықтық сипатқа ие болды. Әркім өз көрпешесін көтере келіп, домбырасымен жайғасып, тамашалауға келген жұрттың да нөпірі аз болмады. Осы секілді сәттер ерекше  көңіл-күй сыйлады. Ал, енді бүлдіршіндердің жиналып отырып, үлкендерден қалыспай күй тартқаны тіптен әдемі көрініс. Бізде тартылған күйдің басынан аяғына дейін ілеспесек те, білетін жерімізден ере отырдық. Үйдегі домбыраны алып, бала-шағаны ертіп бардық. Шын мәнінде жақсы мерекелік көңілде қайттық. Шараның масштабын кеңейтіп, көпке танымал басқа да өнерпаздардың шақырылуы да халыққа тамаша әсер етті. Қазақылықтың иісі аңқып тұрды. Атаулы күннің жылдан жылға ауқымы кеңейе түсері анық. Сондықтан ұйымдастырушыларға көп рақмет айтамыз. Шағын қалада мұндай шараны жоғары деңгейде өткізіп, оны әдемілеп түсіріп, әлеуметтік желіде бейнебаян жасап көрсету әсерлі болды. Алда осы тектес іс-шараның бәрі де дәл осындай халықтық сипатқа ие болса, болашақта берер жемісі мол болары сөзсіз. Ұлттық домбыра күні құтты болсын!», – деген жылы лебізін ақын, жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы білдірді. Шара соңында Қосшы әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы өнер орталықтарындағы домбыра үйірмелерінің жетекшілерін, сондай-ақ, домбыра шеберлеріне және бір қауым домбырашыларды алғыс хатпен марапаттап, ұлттық мұрамыз домбыраны насихаттауда сіңіріп келе жатқан еңбектеріне алғыс айтып, ризашылығын білдірді. Ұлтымыздың бойтұмарына айналған домбыраны бұқаралық сипатта насихаттаудың үлкен мүмкіндігіне жол ашқан Ұлттық домбыра күні баршаның жанын жадыратты.

Оқи отырыңыз

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *