Лас судың лаңы: Түйткілдің түйіні қашан шешіледі?

Қосшы жаңалықтары
view 171
news

Қосшы қаласы «Лесная поляна» тұрғын үй алабы тұрғындарының айтуынша, күрмеуі шешілмеген түйткілдің бірі – кәріз су құбырларының бітеліп, салдарынан арам су сыртқа ағуы. Күніне болмаса да, айына бір рет бой көрсететін бұл келеңсіздік 6 шілде күні тіпті ушығып, аталмыш тұрғын үй алабындағы аулалар мен жолдардағы канализация құдықтарынан кәріз сулары сыртқа ағып, тұрғындарға біраз ыңғайсыздық тудырған еді. Тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы әкімдікке өтініштерін жеткізді. «Мұндай жағдай бірінші рет емес. Бұрын КСК-ға жиі айтып шағымданғанымызбен, мәселені түбегейлі шешуге құлықтары болмады, қаржы жоқтығын алға тартып келді. Тұрғындар Мүлік иелері бірлестігіне айтудан шаршаған. Тұрғын үйлерде жиі болып тұратын кейбір жағдайларда Мүлік иелері бірлестігінің өкілдерін табу қиын. Айтқан күнде де олар жауапкершіліктен бас тартады. Кәріз суы құбырларына түскен қатты қалдықтарды сүзіп қалатын сүзгілер жоқ секілді. Соның кесірінен үнемі осындай қиындықтарға тап боламыз. Канализациялық сулардың құрамында қоршаған ортаға зиян келтіретін химиялық құрамдар болуы мүмкін. Кешегі әлеуметтік желіде тараған видеоларға назар салсаңыз, кәріз суы төгіліп жатқан аумақта балалар ойнап жүргенін байқаймыз. Бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды», – дейді Қосшы қаласының тұрғыны, журналист Жанболат Шәкім. «Целиноград су арнасы» ЖШС-ның Қосшы қалалық филиалының директоры Ерғали Ділдәбектің уәжіне сенсек, қазіргі кезде аталған аумақтағы кәріз су құбырлары қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Кешегі мәселені туындатқан негізгі себеп, кейбір тұрғындардың жауапкершілігінің төмендігі. Кәріздік сорғы станцияларын тексеру барысында канализациялық құбырлар арқылы ағып келген әртүрлі тұрмыстық заттардың сорғыларды тығындап тастағанын, салдарынан тосқындыққа ұшыраған кәріз суы сыртқа аққан. «Осы орайда, қаламыздың әрбір тұрғыны бұл мәселеге аса жауапкершілікпен қарауын, тұрмыстық қатты қалдықтар мен гигиеналық заттардың, сүлгілердің кәріз су құбырларына түсіп кетпеуін қадағалауын ерекше талап етеміз», – дейді ол. Дегенмен, «Лесная поляна» тұрғын үй алабындағы кәріз сулары төңірегіндегі түйткілдер түйіні әріде секілді. Алайда Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Әлихан Қуатбеков: «Қосшы қаласындағы кәріз суларының мәселесі өте күрделі мәселелердің бірі. Канализациялық ағынды су жүйесінде 77 кәріздік сорғы станциялары бар. Оның 38-інде сорғы (насос) жоқ. Бүлінген сорғыларды өз уақытында қалпына келтірмеген немесе жаңасына ауыстырмаған. Салдарынан кәріз суларының ағысы баяулап, сүзгілер тез бітеледі. Тұрғындардың жауапсыздығынан кәріз су құбырлары мен сүзгілері толып қалуын негізгі себеп ретінде қарастыру бір жақты пікір. Егер әрбір сүзгіні уақытында тазартып отырса және сорғылардың толық жұмыс істеуін қамтамасыз етсек, бұл түйткілді түбегейлі шешуге болады», – дейді. Қала әкімінің орынбасарынан Қосшы қаласының кәріз суларын тазалау және біржақты ету мәселесі туралы да сауал қойдық. «Кәріз суларын тазалайтын арнайы орын бар. Қосшы су арнасы қала әкімдігінің қарамағында болмағандықтан, жалпы су жүйесінің жобалық құжаттары біздің қолымызда жоқ. Сондықтан кәріздік тазарту құрылғыларының техникалық жағдайын толық айта алмаймын. Бірақ бұл туралы Қосшы қаласының бас жоспарында қарастырылған. Қосшы су арнасын қалалық әкімдіктің қарамағына алу бойынша жұмыстар жүріліп жатыр. Алдағы екі ай ішінде Қосшы су жүйесін «Целиноград су арнасы» ЖШС-ның қарамағынан алып, «Қосшы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнын құру жоспарлануда. Облыстық және қалалық бюджеттен қаржы қарастырылады. Ең алдымен кәріз жүйесі сорғылармен қамтамасыз етіледі. Ал тазалау қондырғылары бойынша арнайы ресейлік және қазақстандық зерттеу институттарының мамандары зерттеу жүргізуде. Арнайы  мамандардың нұсқаулары бойынша кәріз суларын техникалық су ретінде пайдаланудың мүмкіндігін қарастырамыз. Мысалы, көлік жуу орындары мен аграрлық кәсіпорындар бүгінде ауыз судың көп бөлігін тұтынып отыр. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында, суды екінші рет кәдеге жаратудың әлемдік тәжірибесі бар», – дейді қала әкімінің орынбасары Әлихан Жұмаханұлы. Естеріңізге сала кетсек, сәрсенбі күні «Лесная поляна» тұрғын үй алабындағы кәріз сулары сыртқа төгіліп жатқаны туралы видео әлеуметтік желі арқылы тарап, көптеген тұрғындар пікір білдірді. Тұрғындар ауаға тараған жағымсыз иістің кесірінен терезе ашу мүмкін еместігін айтып шағымданған. «Целиноград су арнасы» ЖШС өкілі су жүйесіндегі кәріздік сорғы станцияларының жартысынан көбінде сорғының жоқтығын жасырмады. «Қазір Қосшы қала болып құрылғанымен, қаланың су жолдары әлі күнге Целиноград ауданы ТҮКШ ММ-нің қарамағында. Қала әкімдігінің балансына өткізу процесі жүріп жатыр. Заң бойынша Қосшы қаласы басқа ауданның қарамағындағы мекемеге қаржы бөлуге мүмкіндігі жоқ. Сол себепті жетіспейтін кәріздік сорғыларды толықтыра алмаймыз. Дегенмен сорғылардың жетіспеушілігі бүгінгі туындап отырған мәселенің негізгі себебі емес. Өйткені біздегі база бойынша 12 мың үйдің 1800-ге жуығы жер үйлерде тұрады. Қалған он мыңнан астам абонемент Лесная Поляна және басқада көп қабатты тұрғын үйлерде тұрады. Қолда бар насостарды осы тұрғын үйлерге қарасты кәріздік сорғы станцияларына шоғырландыруға тырысып, мәселені уақытша шешіп отырмыз», – дейді «Целиноград су арнасы» ЖШС-ның директоры Ерғали Дүйсенұлы. Кейін осы мәселемен айналысқан мамандар мәселенің негізгі себебін анықтап, видео жариялаған. Тұрғындардың кейбірі кәріз құбырларына қатты тұрмыстық қалдықтар жіберген тұрғындардың жауапсыздығын «надандық» пен «жабайылыққа» теңеп, пікір білдірді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *